Көптеген елдерді араладым... бірақ бәрі өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған Үшқоңыр төбесіне жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен...
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Иә, әркімнің өз туған жері өзіне ыстық, өзіне ардақты, өзінің Мекке-Мединесі. Мейлі өзгенің туған өлкесінің көкорай шалғыны белден асып, тас-тасты қуалай аққан бұлағы сылдырлап, табиғаты тамылжып тұрсын, мейлі ол желі азынап, аптабы қуырған сүреңсіз елді мекен болсын – балғын балалық шағың өтіп, алаңсыз шыбық мініп, көбелек қуған туған жерің – мәңгілік жырлап өтер жырымыз, мәңгілік сағынышымыз. Өйткені, адам бойындағы тұлғалық, азаматтық, перзенттік қасиеттер, Отанды сүю, оған деген махаббат осы туған жерден, туған елден, туған тілден бастау алады. Туған жер, балалық шақ жайлы әңгіме қозғала қалса, кез келгеніміздің көңіліміз шалқып, көзіміз жайнап, сағынышымызды жасыра алмай жататынымыз да содан-ау. Олай болмаса, Елбасының өзі туып-өскен ауылын «Туған жерім, рақым нұры тұнған жерім», «Үшқоңыр Алатаудың қойнауында, әкемнің ізі қалған жайлауында. Қасқасу гүр-гүр тасып, гүл еркелеп, Арқарлар жайылатын аймағында...» деп жырға қосар ма еді?! Шыңдарын Төле бидің қалпағына, жуасы, қарақаты мен бүлдіргенін «әжесінің шекер қосқан талқанына» теңер ме еді?! Елбасы атамекенге атізін сирек салғанымен, туған жері жүрегінің бір түкпірінде жүретіні, үшқоңырлықтарды көре қалса, алдымен ел-жұрттың амандығын, жағдайын сұрап жататыны, сол туған елге, жерге деген сүйіспеншілігінен, құрметінен, сағынышынан туса керек. Міне, сол қасиетті де киелі жердің бірі – Елбасының туған ауылының бүгінгі тіршілігі қандай? Алақандай ауылдағы 37 ұлт өкілінің айрандай ұйып отыруының себебі неде? Сәулеті мен дәулеті қандай? Халықтың несібесі нешік? Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кіндік қаны тамып, ержетіп, есейген құтты мекені несімен мақтана алады?.. Иә, Үшқоңыр ауылының тарихы тым әріден бастау алады. Ол кездегі атауы Шамалған ауылы – Алматы облысының батыс бөлігіне орналасқан Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданының құрамына кіреді. Төбелі қоныс Үштөбе, Майтөбе тауының шығысынан 15 шақырым, Аршалыкезең асуының солтүстік баурайында көсіліп орын тепкен. Батысында Ұзынқарғалы, шығысында Шамалған өзендері ағып өтеді. Алматы облысы әкімінің 2010 жылдың 10 ақпандағы қаулысы негізінде, Шамалған ауылдық округі –Үшқоңыр ауылдық округіне, ал Шамалған ауылы – Үшқоңыр ауылы болып өзгертілді. Үшқоңыр ауылдық округінің жалпы жер көлемі 5898,5 гектарды құрайды. Оның ішінде 1451,5 га егістік, 1032,0 га жайылым, 3415 га таза қоныс алқабы бар. Дерек бойынша 1913 жылы мұнда 140 қана түтін болса, бүгінде 2778 отбасында ынтымағы жарасқан 40-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұратын 17 мыңға жуық халық тату-тәтті өмір сүруде. Шынында да, алақандай ауылда осыншама ұлттың ұйып отыруының сыры бар. Біздің бала кезімізде туған ауылым Ақтеректен Ұзынағаш арқылы Алматыға бір рет қатынайтын автобус ол кезде бүгінгідей сайрап жатқан тас жол жоқ, Қарғалы, Шамалған, Қаскелең елді мекендеріне аялдама жасайтын. Сонда ғой таза қазақ ауылда өскен (екі-үш үй орысымыз бар, олардың өзі қазақша сөйлейді) біздерге жолай шамасы тау халқының өкілдері болуы керек автобусқа көп мінетін. Ал ауылдан шықпаған біздерге басқа ұлт өкілдерін көру таңсық жайт. Оларыңыз автобусқа отырған соң қазақша да, өз тілдерінде де сайрап қоя беретін. Қазақ тілінің қаймағын бұзбай сөйлегенде бір-бірімізге қарап таңғалатынбыз. Сөйтсек, Үшқоңыр ауылы соғыс кезінде солақай саясаттың құрбаны болған талай ұлтқа қорған болып, өздері жетісіп отырмаса да, бір бөлме үйінің бұрышын, екі бөлмесі болса біреуін беріпті. Жартыны жарып, бүтінді бөліп ауыздарынан жырып тамағын беріп, сол ағайындарды бауырына басқан екен. Бір қызығы, сол ауылда тұратын қазақ балалары да бірге ойнап жүріп олардың да тілін үйренген. Қазір үшқоңырлықтарға өздеріне етене жақын болып кеткен басқа ұлт өкілдерімен бір-бірінің ана тілінде сөйлеу түкке тұрмайды. Ал тіл білу де байлық. Сондықтан бұл ауылға жолыңыз түсе қалса, қазақтарыңыз түрік, болгар, т.б. тілдерінде сайраса, ал керісінше олар қазақ тілінде сөйлеп жатса таңғалмаңыз. Оларға үйреншікті жайт. Шынында да, қазақ деген ел бар екенін жаһанға паш етіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүгінде қарышты қадаммен өркендеп, дамып, гүлденіп келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылы қандай екен деген сауал бәрімізді қызықтырары сөзсіз. Бізде де сол оймен әлемге аты мәшһүр ауылға атбасын тіредік... «Күмбезді ел – көрікті» демекші, кіреберістегі ауылдың ажарын ашып, әрі сән беріп, имандылыққа шақырып менмұндалап тұрған облыстық «Қарасай батыр» мешіті – бүгінгі сәулет өнерінің сән-салтанатымен салынған 2530 шаршы метрге орналасқан көркем де айшықты ғимарат. Осында баһадүр батыр Қарасай Алтынайұлының қасиетті қара шаңырағы сақталған. Мұнда алыс-жақыннан келушілер қатары әсте толастамайды. 2008 жылдан мешіт жанынан Үшқоңыр медресесі ашылып, қаншама иманды шәкірт дайындауда. Медресе кітапхана, дәрісхана, компьютер залы, жатақхана, медициналық көмек пункті, асханамен қамтамасыз етілген. Елдің ертеңі – жастар. Ал білімсіз қай елдің де болашағы жоқ. Бір қуанарлығы, Үшқоңырда бала саны жылдан-жылға көбеюде. Соның арқасында мектеп саны да өсуде. Бүгінде 4500 өскелең ұрпаққа тиянақты білім беретін 5 мектеп, 838 студенті бар 2 колледж, бір мемлекеттік, бір жекеменшік балабақша бар. Сол мектептердің ішінде Елбасы оқыған Қарасай батыр (бұрынғы Фурманов) мектебінің орны да, жөні де бөлек. Мұнда оқушының сапалы білім алуына қажеттінің бәрі бар. Әсіресе, ондағы ауыл тарихы мен Елбасының өмірі, еңбек жолынан сыр шертетін «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайынан талай құнды жәдігерлерді көресіз. Кең де, жарық спорт залы, 200 орындық асханасы, 185 адамға лайықталған акт залы бар білім ұясында мыңнан аса шәкірт оқып, тәрбиеленуде. Үшқоңыр ауылындағы оқып жатқан шәкірттер өздеріне үлгі болар еліміздің Тұңғыш Президенті сияқты көшбасшы болуға ұмтылады. Ауылда тұрғындар денсаулығына да жақсы ден қойылған. Өйткені, денсаулық бар байлықтың негізі болып саналады. Мұнда ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеріп, емдеп, аурудың алдын алуға байланысты барлық жағдай жасалған. 4 ғимараттан тұратын, яғни 50 төсектік стационар, күніне 300-350-дей адам қабылдайтын емхана, асхана, кір жуу бөлімшелері бар жаңа аурухана пайдалануға берілген. Ондағы 144 қызметкердің 29-ы дәрігер, 61-і медбике. Стационарда терапия, балалар, ішкі ағзалар бөлімшесі болса, емханада терапевт, педиатр, тіс дәрігері, акушер-гинеколог, хирург, невропатолог, офтальмолог, психолог дәрігер, 10 төсектік күндізгі бөлім бар. Емдеу орны ФГДС, УЗИ, компьютерлі ЭКГ, рентген, флюрография, биоптрон, электрофорез, УВЧ, УФО, электросон, дарсанваль, автоматты гематологиялық, жартылай автоматты биохимиялық анализатор, видеоскопиялық аппарат сияқты заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Әрине, ауылдық жер үшін бұл үлкен мүмкіндік. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, көрші ауылдардай Алматыға сабылмайды. Мәдениет үйі, Жастар орталығы ауылдың ажарына ажар қосқаны өз алдына, үшқоңырлықтардың рухани өсуіне де қалтқысыз қызмет жасауда. Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі Әділбек Далабаевтың айтуынша, мұнда ауыз су, көгілдір отын мәселесі шешілген, алты жүзден аса бағаналар самаладай жарқырап тұр. Округтегі «Сигма» ЖШС 3171 аулаға газ тартып, халықтың 93 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Күл-қоқыстарды шығаратын «Тазалық» ЖШС 950 ауланың, 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен білім беру мекемелерінің күл-қоқыстарын шығарып, арнайы орынға тасымалдайды. Аталмыш елді мекен Алматыдай үлкен мегаполиске тиіп тұрғандықтан халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына өте ыңғайлы. Мұндағы «БН» арақ-шарап зауыты, «Ақмекен» аяқ-киім майын өндіруші мекемесі, « Бақыт-Нұр», «Изат» кірпіш зауыты, «Керуен» агрофирмасы, нан өнімдерін өндіретін «Бисартов» пен «Хачиева» фирмалары тұрғындарды жұмыспен қамтып отырса, сонымен қатар, округте 51 дүкен, 6 дәріхана, 1 мейрамхана, 1 әмбебап сауда орталығы, 1 жанармай бекеті, 7 шаштараз жұмыс істейді. Округ бойынша мал басының саны – 3525 ірі қара, 388 жылқы, 6553 қой, 37 шошқа, 6400 әртүрлі құс өсіріледі. 3 ауылшаруашылық кәсіпорны, 306 шаруа қожалығы бар. Жуырда ғана Қазақстанда тұңғыш рет қоспасыз жасалған табиғи таза шырын шығара бастаған «Агрофирма» күніне 500 литр тәтті өнім өндіруде. «Агрофирманың» директоры Сәбит Нұртазиннің айтуынша, отандық сапалы тауар тікелей алма шырынынан қант та, консервант та қосылмай өндіріледі. Келешекте бұл өнімді ТМД аумағына экспорттауды жолға қоймақ. Бүгінде өндіріс кешенінде 29 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі дағдарысқа қарсы ауылда ел әлеуетін көтеруге арналған бірнеше әлеуметтік дүкен ашылған. 600-ге жуық мүгедек пен 252 ардақты ана, 291 көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, жағдайы төмен отбасыларына 8 әлеуметтік бұрыш ашылып, оларға арзан азық-түлікпен көмек көрсетіледі. Мәселен, «Шұбарат» супермаркетіне кірсеңіз, іші де, сырты да қаладағы сауда орындарынан еш айырмасы жоқ, қызмет көрсету мәдениеті де жоғары, сөрелерде базар нарқынан төмен отандық азық-түліктер самсап тұр. Аспаздық дүкендегі ұннан, ет қосылып жасалған өнімдер 20-30 пайызға арзан. Дүкеннің бас директоры Гүлжан Төлегенқызы мұндағы баға Алматыдағы «Магнум» көтерме-сауда орталығының бағасымен бірдей екендігін алға тартады. Экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру жолында халықты бір шаңырақ астына ұйыстырып, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуда «Нұр Отан» бүгінде көшбастаушы және жалпыхалықтық партияға айналып отыр. – Ауылымызда 1475 зейнеткер, 1 ҰОС, 37 ауған соғысының ардагері, 54 тыл еңбеккері тұрады, – дейді Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі Әділбек Далабаев. – Көпұлтты қазақстандықтардың қолдаушысы мен сүйенішіне айналған «Нұр Отан» партиясының 13 жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Жеңістің 70 жылдығына арналған 4 мерекелік іс-шара өткізіп, оған соғыс, еңбек және тыл ардагерлері, белсенді азаматтар мен ауыл жастары қатыстырылды. «Ер есімі – ел есінде» атты дөңгелек үстелге ҰОС ардагері В.Шустов ақсақалды шақырып, 90 жас мерейтойымен құттықтап, арнайы сый-сияпат көрсеттік. Мектеп оқушылары тарапынан басқа да ардагерлерге қамқорлық көмектер жасалып тұрады. Ауған соғысының ардагерлерімен «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында кездесу өтті. Әкімнің айтуынша «Кедергісіз келешек» жобасы аясында да Үшқоңыр ауылдық округінде тұратын 38 мүгедекке жан-жақты қолдау көрсетіліп, тиісті іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде «Кәсіп түбі – нәсіп», «Ұлт денсаулығы» дөңгелек үстелі, «Азаматтарды әлеуметтік қолдау», «Инклюзивті білім беруді дамыту», «Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтары» тақырыбында семинар-кеңестер өткен. Сонымен қатар, пандустар салу және бейімдеу жұмыстары жалғастырылып, үйден білім алатын оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша семинар, «Мерейлі отбасы» ұлттық, «Әкем, анам және мен!» байқаулары ұйымдастырылып, оған үлгілі отбасылары қонаққа шақырылған. Әкімдік тарапынан көпбалалы шаңырақтарға демеушілік көмектер көрсетіліп, жағдайы төмен отбасыларға көмір мен отын берілген. Ауылда 5 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 8 тұлдыр жетім бала бар. Жоба аясында «Жетім көрсең жебей жүр» қамқорлық акциясы, «Балаларды әлеуметтік қолдау» семинары, «Балаға мейірім сыйла» сурет көрмесі, «Мен бақытты баламын» атты мәдени іс-шаралар өткен. «Біздің ауыл», «Мықты бизнес – қуатты мемлекет», «Stop қылмыс» жобалары бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. «Партияның 50 тұлғасы» жобасы бойынша Яя Фазылұлы тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек берсе, Қарасай батыр атындағы орта мектептің директоры Динара Әлімжанова 3 сынып оқушысы Диасты қамқорлығына алып, кәмелетке толғанша арнайы есеп-шотына қаржы аударып келеді. «Жастар – Отанға» жобасы аясында 35 іс-шара ұйымдастырылды. Ауыл жастары мен колледж студенттерінен құралған «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері бірлесе жастар саясатын, «Жасыл ел» бағдарламасын жандандыра отырып, дебат орталықтарын құрып, аудандық пікірсайыстарда жетістіктерге жетіп жүр. «Сәтті қадам» жобасымен Қарасай батыр атындағы орта мектепте «Тілашар» мерекесі ұйымдастырылып, аудандық Тұңғыш Президент қоры 1 сыныпқа қабылданған 50 оқушыға арнайы сыйлық табыс етті. – Бүгінгі таңда «Жемқорлыққа қарсы әрекет» жобасы негізінде ауылымызда «Сенім телефоны» мен «Сенім жәшігінің» жұмысы жолға қойылған. «Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу» пікірталас, «Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмесін!» тақырыбында сауалдама жүргізілді. Білім мекемелері арасында «Құқықтық сауаттылықты көтеру мемлекеттік заңсыз әрекетке жол бермеу» тақырыбында дебат ұйымдастырылды, – дейді қарапайым мінезімен елге жаққан әкім. «Жас келсе іске» деген, орда бұзар жастағы әкім Әділбек Қамбарұлының ізденгіштігі, істің көзін білетін ұйымдастырғыш қабілеті ауылдастарының көңілінен шығады. Осы қызметке келген үш жылда өзінің тиянақты жұмысымен біраз шаруаның бетін қайырды. Соның бір парасы былтыр ауылда мемлекеттік жол картасы бағдарламасымен 287 адам жұмыс тауып, еңбекке араласқан. Шағын және орта кәсіппен айналысуға ниет білдірушілер санының артуына орай атқарушы билік ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланып, дамытуға қолдау көрсетпек. Ол үшін бұрыннан келе жатқан су арналарын іске қосу мақсатында аудан, облыс әкімдеріне өтінішін білдірген. Егер осы жайт шешімін тауып жатса, онда ауылдағы бірқатар мәселенің түйіні тарқамақ. Ендігі бір жағымды жаңалық, Үшқоңыр ауылында Тұңғыш Президент паркі мен мұражайы салынбақ. Оның алғашқы қадасын қағуға Қарасай ауданының бұрынғы әкімі Амангелді Дәуренбаев, Елбасының отбасы мүшелері – Болат Әбішұлы мен Әнипа Әбішқызы қатысып, жерлестерін осы бір үлкен істің басталуымен құттықтады. Осы ретте Үшқоңыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Я.Ишиговтің де айтары бар. Ол өткен жылға өкпе жоқтығын, өйткені, туған ауылы үшін табысты да тарихи жыл болғанын тілге тиек етті. – «Біріншіден, – деді ауыл ақсақалы, – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болды. Өздеріңіз білесіздер, Үшқоңыр ауылында 40-қа жуық этнос өкілдері тату тәтті, түсіністікте өмір сүруде. Екіншіден, ауылымызда үлкен өзгерістер болды. Үш шақырымға арнайы су каналын тартқызып, өзенге әкеліп құйғызды. Әр көшедегі қажетті жерлерге көпір салынды. Күн санап ауылдың сән-салтанатын арттырған әсем үйлер мен ғимараттар көптеп бой көтеруде. Бірнеше көше жолдарына, тротуарларға асфальт төселгеніне халық алғысын айтып отыр...». Иә, Үшқоңыр – меймандос, мерейі тасыған аяулы мекен. Бүгінгі заманға икемделіп, көркейіп, сәулеті мен дәулеті артып, берекесі ортаймаған үшқоңырлықтар бірліктерін осылай бекемдей түскен. Үлкен-кішісіне ізет білдіріп, сыйластығы жарасқан елді мекенде Елбасының туып-өсіп, балалық шағын өткізген қара шаңырақтың да түтіні түзу шығып, оты өшпей маздап тұр. Бір қарағанда, үлкен жолдың бойына орын тепкен қарапайым ауыл адамдары таңмен таласа тұрып, бірі малын жайғап, бірі бақшасын баптап қоңыртөбел тіршілік кешсе, ал кешкілік ел орынға отырғанда телеарналарға үңіліп, Қазақстандағы бейбіт те бақуатты өмірді өз қолымен жасаған Елбасының жерлестері болғанына кеуделерін мақтаныш сезімі кернеп, сол адамның іштей амандығын тілеп отырғаны... Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Қарасай ауданы