08 Шілде, 2016

Конференция өтті

437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен партияның кезектен тыс конференциясы өтіп, күн тәртібінде Астана қалалық филиалы төрағасын тағайындау мен Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы екі мәселе талқыланды.  «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы кезектен тыс ХХІІІ қалалық конференциясының қаулысы мен Қоғамдық бірлестік жарғысының 9,6 тармағына сәйкес, Әділбек Жақсыбеков басқа қызметке ауысуына байланыс­ты төрағалық қызметтен босатылды. Сондай-ақ, осы қаулы негізінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев партияның қалалық филиалы төрағасы болып тағайындалды. Конференцияда елордамыз – Астана қаласының бүгінде Қазақстанның негізгі өндірістік орталықтарының бірі ретінде қалыптасып, даму қарқыны мен дотациялық қаладан республикалық бюджеттің нәрлендіруші-аймағына айналғаны туралы айтылды. Осы ретте сөз алған жиын жетекшісі М.Құл-Мұхаммед:  «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы дамытудың басым бағыты ретінде инновациялық саланы көрсетіп берді. Ол жаңа экономикалық модельді құруға мүмкіндік беретін біздің бас­ты стратегиялық мақсатымыз болып табылады. Сонымен қатар, бұл қадам елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуды қамтамасыз етеді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында бұл мәселе өзектілігін жоймақ емес. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмаларының орындалу сапасын қатаң бақылаумен қамтамасыз етуі тиіс», – деді. Басқосудың күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе қалалық филиалдың Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу жайы болатын. Дауысқа салу нәтижесінде, конференцияға қатысушылар ұсынылған кандидатураны қолдап, Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу бастамасын бірауыздан мақұлдады. Бұл жөнінде арнайы баяндама жа­саған «Нұр Отан» партиясы Астана қа­лалық филиалы ұйымдастыру-ба­қы­лау жұмыстары бөлімінің мең­ге­рушісі  Нұрал Айдашев Салтанат Фай­зол­лақызын, Қайрат Кеңесбекұлын, Ерден Ерланұлын, Мейрамбай Оралов пен Бекбол Үбайдоллаұлын, Гүлнар Ережеқызын Саяси кеңес құрамынан шығаруды, ал Әсет Исекешев пен Вла­дислав Сергеевті, Гайдар Қабдол­лаұлы мен Жанат Ғазизұлын және Саят Нұрланұлын Кеңес құрамына қа­былдауды ұсынатындығын білдірді. Сөй­тіп, қатысушы 192 делегаттың бар­лығы да Саяси кеңестің жаңа құрамына бірауыздан қолдау білдірді. Осындай ресми тағайындаулардан кейін сөз алған спикерлер Астана Тәуелсіздік мерейінің жарқын келбеті екеніне ерекше тоқталып, партия же­текшілерінің алдындағы маңызды мін­деттерді нақтылай түсті. Бұл ретте алдымен сөйлеген Әсет Өрентайұлы білдірілген сенім үдесінен шығуға күш-жігерін аямайтындығын жеткізді. «Шаһарда білім және медициналық кластерлер, локомотив құрастыру және вагон құрылысы кешендері, сондай-ақ, Орталық Азия мен Сібірдегі ірі жаңа көлік-логистикалық орталығы құрылды. Ендігі жерде осы кезге дейін атқарылған шаруалардың шашауын шығармай, іліп әкетіп жалғастыру, біздің басты міндетіміз болмақ», деді қала әкімі. Сонымен қатар, Нұрал Айдашев жас­тармен жұмыс жүргізудің бағыт бағ­дарынан көпшілікті хабардар етті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары жиынға қатысушыларға «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын 100 пайыз жүзеге асыру керектігін айтты. Бұл сала бойынша партияға маңызды ревизиялық функция берілгенін еске алып, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Президент тапсырмаларын тиімді орындайтындығына сенім артты. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше