Көлік және коммуникация министрлігінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі міндеттерге арналған алқа мәжілісі болып өтті.
Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов биылғы Жолдауда қойылған міндеттердің маңыздылығын атап өтіп, көлік-коммуникация кешеніндегі басым бағыттарға және осы кезге дейін қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Соңғы 20 жылдың ішінде көлік саласында жалпы құны 1,5 трлн. теңгені құрайтын 57 жоба жүзеге асырылуда. Халықаралық қаржы институттарынан 644,95 млрд. теңге немесе 4,4 млрд. АҚШ доллары көлемінде займдар тартылды.
2010 жылғы қыркүйекте Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама шеңберінде жалпы құны 2,8 трлн. теңгені құрайтын 58 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың ішінде ең маңыздылары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, «Қорғас – Жетіген» және «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісі жобалары. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қарай 2011 жылғы желтоқсанда аталған жобаларды пайдалануға беру жоспарлануда.
Әлеуметтік саланы жаңғырту мәселесіне орай министрліктің алдына қазіргі таңда ерекше сұранысқа ие азаматтық авиация және теңіз көлігі үшін мамандарды дайындау міндеті қойылды.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жақсарту және мыңдаған отандастарымыздың өмірін сақтап қалу мақсатында өзекті мәселелердің бірі – көліктік медицинаны дамыту. Осыған орай, 2010 жылы жаңа әлеуметтік жоба – «Денсаулық» атты екі арнайы мамандандырылған медициналық-диагностикалық пойыздар республикамыздың түкпір-түкпірін аралады. Биыл 3 медициналық пойызды аттандыру жоспарлануда. Уақтылы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін 16 тікұшақты және аэромобильді госпитальдерді жұмылдыру қажет.
Жол бойында дәрігерлік-құтқару пункттерін орналастыру картасын жасау қажет. Сонымен қатар, мәселені түбегейлі шешу мақсатында жол-көлік апаттары жиі болатын жалпы ұзақтығы 2,3 мың км. автомобиль жолдарын 2015 жылға қарай 1-ші техникалық категорияға өткізу жоспарлануда.
«Егемен ақпарат».