09 Шілде, 2016

Түйінді түйткілдер Үкімет назарында

307 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
160709-ukimet Кеше Үкімет отырысында Индус­трия­ландыру күні өткен телекөпірде Елбасы тапсырған бірқатар маңызды мәселе­лер талқыланды. Сондай-ақ, ауыл шаруа­шылығын дамытуға қатысты ұсыныстар қаралды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов отырыстың әлқиссасын әдеттегідей күн тәртібіне бекітілген негізгі мәселелерден тыс қоғам назарын аударған түйткілдерден бастады. Айталық, алдымен шомылу маусымы басталғаннан бергі жағдайға тоқталып, суға кетіп жатқандар қатарының азаймай отырғандығына алаңдаушылық білдірді. «Биылғы жылдың алты айының ішінде 198 адам суға кеткен, оның ішінде 82-сі бала, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білгім келеді», деді К.Мәсімов. Алайда, Ішкі істер министрі  Қ.Қасымов бұл өткен жылдағыдан төмендеу екендігін алға тартты. Яғни, өткен жылы 265 адам суға батып кеткен. «Шаралар қолға алынуда. Елімізде 50 мың су қоймасы бар, олардың ішінде біздің құтқарушыларымыз жұмыс істейтін 125-і ғана жарақталған. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп осы мәселемен айналысудамыз. Негізгі себеп – су қоймаларының жарақталмауы және балалардың қараусыз қалуы, суға шомылу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауы. Бәрін қорытындылап, баяндайтын боламыз», деді Ішкі істер министрі Қ.Қасымов бұл мәселеге орай жауабында. Үкімет басшысы сонымен қатар, жақында орын алған Түркиядағы жарылысты еске салып, бұл ретте біздің елге де әуежайлардағы қауіпсіздікті қымтай түсуді тапсырды. «Ыстанбұл әуежайында жақында теракт болғанын білеміз, сондықтан біз қазіргі сәтте қауіпсіздік мәселесіне баса мән берудеміз. Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша облыстарды аралағанда әуежайлардағы қауіпсіздікті нақты көруге тырысамын. Бәрі ойдағыдай тәрізді, бірақ мәселе жоқ емес. Оның бәрін соңы­на дейін жеткізіп, керекті қаржыны бөлу қажет. Елбасы тапсырғандай, барлық мәселені түбегейлі шешу қажет»,  деді К.Мәсімов. Инфрақұрылым құруға басымдық беріледі Бұдан әрі Үкімет басшысы негізгі мәселелерге қарай ауысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Индустрияландыру бағ­дарламасының алғашқы жарты­жыл­дықтағы қорытындысына арналған телекөпір кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Мәселен, жұмыспен қамту, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, банк секторының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану, ауылдық кооперацияны ынталандыру, суландыру және суару жүйесін дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайы баяндалды. Елбасының 15 жыл ішінде 1,5 млн. пәтер салу туралы тапсырма­сына орай Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын хабарлады. «Халықтың әлеуметтік әлсіз бөлігі сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанамен қамтылады, бұл жұмыс күші қозғалысын шапшаңдатпақ. Елбасының тапсырмасы аясында биылғы жылдың 10 ақпанында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ сатып алу жолымен жалға берілетін баспана құрылысын бастады. Оған Ұлттық қордан қаражат бөлінген, қаржы 20 жыл ішінде қайтарылады», деді Қ.Бишімбаев. Министр құрылыстың нысаналы бағытын сатып алу құқығынсыз баспана құрылысына өзгертіп, бөлінген қаражатты қайтару мерзімін 60 жылға дейін ұзартуды ұсынды. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Самұрық-Қазынадан» бөлінген 97 млрд. теңгені 2018 жылы кредиттік тұрғын үй құрылысына бағыттау ұсынылуда. Сонымен қоса, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары одан әрі жалғасатын болады. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы әзірленуде», деді Ұлттық экономика министрі. Қ.Бишімбаев шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру жайында да біраз ақпаратпен бөлісті. «Бүгінде қаражат көздерінің есебінен елімізде 120 млрд. теңге сомасына 556 мыңнан астам шағын несие берілді, оның ішінде кәсіпкерлік мақсаттарға 64,6 млрд. теңге сомасына 138 мың шағын несие берілді. Мұның бәрі жеке сектордағы дүниелер. Ал мем­лекет тарапынан берілетін шағын несиелер «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнес­тің жол картасы-2020» секілді бағ­дарламалар бойынша беріліп жүр. «Агробизнес-2020» бағдарла­масында ұқсас құралдар бар, олардың барлығы негізінен ауылдарға бағдарланған, ірі қалаларда мемлекеттік бағдарламалар бойынша шағын несиелер берілмейді», деді Қ.Бишімбаев. Министр бағдарламалардағы шағын несиелендіру бағыттары көбіне бір-бірін қайталайтынын, ауыл мен қалада бірыңғай оператордың жоқтығын, олардың нәтижелілігіне де мониторинг жүргізілмейтінін айтты. Сонымен қатар, ол ауылдағы кәсіпкерлік қызметті шағын несиелендіруде жеке қосалқы шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперацияларына тартуға және осы кооперативтер маңында инфрақұрылым құруға назар аударылатынын атап өтті. Еңбек қатынастарындағы жағдай назарда болады Үкiмет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрi Тамара Дүйсенова еңбек қатынастары саласындағы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, бүгiнде 10 өңiрде еңбек қатынастары саласында тұрақсыз жағдай туындау мүмкiндiгi жоғары. «Мониторинг мәлiметтерi бойынша, бүгiнгi күнi елде проблемалы 429 кәсiпорын бар, осы кәсiпорындарда 125 мыңнан астам адам еңбек етедi. Еңбек тәуекелдерi картасына сәйкес, 10 өңiрде еңбек саласында тұрақсыз жағдай туындау мүмкiндiгi жоғары», дедi Т.Дүйсенова. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Жамбыл облыстары және Астана қаласында тәуекел деңгейi үлкен емес, бiрақ шешудi қажет ететiн мәселелер бар. Әзiрге, министрдiң айтуынша, Солтүстiк Қазақстан облысы тұрақтылық аймағында қалып отыр. «Еңбек дауларының басты себебi, жұмыс берушiлердiң еңбек заңнамасын бұзуы болып табылады. 2013 жылы 28 еңбек дауы тiркелген. Биылғы жылы бұл көрсеткiш төрт жағдайға дейiн төмендедi. Бұрынғысынша еңбек дауларының туындауына жалақыны уақытында төлемеу себеп болып қалып отыр. Бұған мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүргiзген тексерiстер нәтижесi дәлел», дедi министр. Т.Дүйсенованың мәліметінше, 4 мыңнан астам тексерiстiң қорытындысы бойынша еңбек заңдылығын бұзудың 6 мыңнан астам фактiсi анықталған. Олардың 29 пайызы еңбекақыны уақытында төлемеуге қатысты болып отыр. Еліміз бойынша жалақы қарызының жалпы сомасы бүгінде 1,5 млрд. теңгені құрайды, 125 кәсіпорынның 9 мың жұмыскерге осындай көлемде қарызы бар. Субсидияланатын пайыздық мөлшерлеме өсірілмек Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мыр­захметов агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды. Аталған жоспар шеңберінде министрлік несиелер бойынша субсидияланатын пайыздық мөлшерлемені 7 пайыздан 10 пайызға және техника мен малға арналған лизингті 10 пайыздан 13 пайызға дейін көбейтуді ұсынды. Егер қазіргі кезде пайыздық мөлшерлеме 19 пайыз болғанда, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер пайыздық мөлшерлеменің 9-12 пайызын төлеп келген болса, енді келешекте олар 6-9 пайызды төлейтін болады. «Жоспарда мемлекеттік бюджетке ауыртпалықты азайту мақсатында мемлекеттің кепілдігімен халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде Ислам даму банкі мен Еуропа Қайта құру және даму бан­кiнен заем қаражатын тарту көзделген. Кооперативтерді дамытудағы кедергілерді жою мақсатында Салық кодексінің ауылшаруашылық кооперативтері үшін міндетті түрде жерінің болуы бойынша талаптарды алып тастауды көздейтін арнайы салық режімі бөлігінде өзгерістер енгізу қарастырылды», деді министр. Сонымен қатар, ауылшаруашылық кооперативтерінің сауда орындарымен тікелей байланысын орнату мақсатында жоспарда «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде ауылшаруашылық кооперативтері үшін сауда орындарын жалдау ақысын субсидиялау түріндегі жаңа мемлекеттік қолдау тәсілін енгізу мүмкіндігін қарастыру көзделеді. Осылайша, жоғарыда аталған жоспарды іске асыру АӨК-ке инвестициялар тартуға арналған жағдайды жақсартуға, АӨК субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, АӨК субъектілерін сумен қамсыздандыруға, сондай-ақ, сауда инфрақұрылымы және отандық өнімді өткізу проблемаларын шешуге бағытталғандығы айтылды. Үкімет отырысында сонымен қатар, Қарағандыда орын алған сібір жарасы оқиғасына орай мәселе көтерілді. Бұл ретте ауру жұқтырған малдарды көметін қорымдар жағдайы қаралды. Аталған мәселеге орай мән-жайды Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда мал көмілетін қорымдардың жалпы саны 2 604-ті құрап отыр. Соның ішінде 1 890 қорымның нақты қай жерде екені белгілі, 702-сі қоршалмаған, я болмаса, арнайы белгілер қойылмаған. Ал 714 қорымның нақты жері анықталмай отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қарағанды облысында сібір жарасы дерегінің тіркелуі ет экспортына еш әсер етпейтінін айтты. «Сібір жарасы төңірегінде орын алған жайт ет экспортына еш кедергі келтірмейді. Өйткені, халықаралық сауда талаптарына сәйкес аусыл, классикалық шошқа обасы сынды аса қауіпті алты ауру түрлерінде ғана эпизоотиялық жағдай ескеріледі», деді ол. Сонымен қатар, ол еліміздің ветеринарлық қызметтері мен әкімдіктер ветери­нарлық бақылауды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиістігін баса атап өтті. «Қарағанды облысындағы сібір жарасына қатысты оқиғаны  тергеудің нәтижесінде ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесінің қызметкері Түсіпов жазаланды. Қарағанды облысы Шет ауданының басшысы жұмысынан босатылды және Қарағанды облыстық ветеринарлық бақылау комитеті инспекциясының жетекшісі Мұхтаров сөгіс алды»,  деді Г.Исаева. Министр сондай-ақ, сібір жарасына қарсы шараларға қаржы тапшы екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, республика бойынша осы жұмыстарға 1,6 млрд. теңге қарастырылғанымен,  сол қаражаттың тек 22 пайызы ғана бөлінген. Осы орайда Премьер-Министр мәселенің күрмеуі шынымен де қаржыға байланысты болса, оны тез арада шешуді тапсырды. Отырыстың қорытындысында Үкімет басшысы қаралған мәселелерге орай тиісті органдарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше