10 Шілде, 2016

Қазақ жазушы-ақыны Әуезхан Қодар қайтыс болды

642 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

10-07-16-kodar

Қазақтың белгілі жазушысы, ақын, мәдениеттанушы, аудармашы және драматург, философия ғылымдарының докторы Әуезхан Қодар қайтыс болды. Бұл туралы 9 шілде күні ақын Ақберен Елгезек Facebook желісіндегі өзінің парақшасында хабарлады. «Әуезхан Қодар ағамыз дүниеден өтті деген қаралы хабар алып жатырмыз. Кеше ғана жас қаламгерлер туралы сериалы мақалалар жазып, жас таланттарға серпін берген ағамыздан айырылып қалғанымыз өкінішті-ақ. Бағасын білдік пе, жоқ па, ол да сұрақ... Қазақ ойының бір үлкен асқары еді, жарықтық. Иманы жолдас, жаны жәннаттық болсын. Алла алдынан жарылқасын», - деп жазады Елгезек. Әуезхан Қодар 1958 жылғы 12 маусымда Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Абыла теміржол бекетінде туған. 1982 жылы ҚазМУ-дың заң факультетін бітірген. 1982–1985 жылдары Қызылорда облысы, Қармақшы ауаткомының жасөспірімдер жөніндегі комиссияның хатшысы, 1989–1994 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі редакторы бас алқасында орыс бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан Қазақстан халықтарының мәдениетін қорғау жөніндегі «Алтын ғасыр» қоғамдық бірлестігінің президенті болды. 1997–1998 жылдары Неміс театр академиясында философия тарихынан дәріс берді. 1999 жылдан «Тамыр» журналының бас редакторы болып келді. Екі тілде бірдей жазатын Әуезхан Қодар жазушылықтағы жаңа толқынның өкілі еді. Жазушының қаламынан «Туған күн», «Ақеділдің анты» пьесалары (1986), «Қанатты өрнек» (1990), «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» жинағы (1996), «Еске алмау шеңбері» (1998), «Қазақ әдебиетінің тарихына шолу» (1999) кітабы, «Қанағат қағанаты» жинағы (1994) туды. Ол қазақ тіліне Е.Замятиннің «Аттила» драмасын, М.Хайдеттер, Х.Гасеттің философиялық еңбектерін, Швиттерстің өлеңдерін, ал орыс тіліне Абай, Мағжан, Ж.Жақыпбаев шығармаларын аударған. Қодар республикалық шығармашылық жастар «Жігер» фестивалінің лауреаты еді. Жазушы бала жасынан мүгедек болды. «Мен төрт жасымнан ауырдым, - деп жазды өзі бұл туралы. – Бірде әке-шешем мені қонаққа алып барды. Үйге келген кезімізде мен кенеттен екі аяғымның бірдей жүрмей қалғанын білдім. Жалпы, сұмдық бір жағдай орын алды. Медбикені шақыртты. Ол келіп ине шанышты. Бірақ содан кейін безгек ұстағандай болып ауырып, тіпті қақсап кетті. Менің ырымшыл ата-анам мұны көз тигеннен болды деп есептеп, мені дәрігерлерге апарудың орнына, әртүрлі емшілерге, бақсылар мен балгерлерге сүйрей бастады. Кейін мұның полиомелит деген науқас екені анықталды». Өмірден осындай ауыр тағдырлы талантты қаламгер өтіп бара жатыр. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Мұрат АЙТҚОЖА.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20