Ғалымдардың пайымдауынша, «Бабалар сөзіне» енген фольклорлық мәтіндердің 80 пайызы бұрын жарияланбаған, ғылыми оралымға түспеген тың материалдар. Жалпы, осы 100 томдықта С.Абдрахманов сынды білімдар ініміздің жазуынша, шамамен, басы-аяғы бүтін 600-дей фольклор туындылары қамтылған және әрбір томның көлемі орташа есеппен 400 беттен құралған. Демек, 100 томдық серияның жалпы көлемі 2600 баспа табақ деп санағанда, басылымда шамамен 40 640 бет бар. Көптомдық жинақтардағы екі миллион шамалы таңбаны теру үшін компьютер клавиатураларын неше миллион рет басу керектігін көзге елестетудің өзі бір ғанибет қой! Бұған қарап, бағалы басылымды баспаға әзірлеуші ғалымдар тобы айына 10 том мәтінді сирек қорлардан іздеп тауып, жинақтап, оларды көне араб харпінен көшіріп, жүйелеп, ғылыми түсініктемелерін дайындап, одан әрі редакциялық жұмыстарын аяқтаған соң баспаға ұсына отырып, осы он жылдың өзінде 100 жылға татырлық ерен еңбек атқарғандарын айрықша атағым келеді.
Расында да, осы 100 томға жинақталған ұлттық төл мұрамызды тану арқылы біз қазақ халқының өткен ғасырлардағы мәдениет тарихын, сөз өнерінің қайталанбас сұлулығын, рухани өмірінің күллі қырларын тұтастай тани аламыз. Сонымен бірге, біз қазақ халқының этнографиясын, әлеуметтік дүниетанымы мен далалық философиясын, көркемдік көзқарасы мен өткен тарихына деген пайымын, жалпы ұлттың тағдыры мен болмыс-бітімін, көшпелілердің өр рухы мен мінез-құлқын жақын тани аламыз. Бұл асыл қазына – қазіргі кезде тарихшылар мен психологтарға, қоғамтанушылар мен мәдениеттанушыларға, әдебиетшілер мен тілшілерге, эпостанушылар мен этнографтарға, қазақ өмірін зерттейтін қоғамдық-гуманитарлық пәндердің барлығына да таптырмас құнды деректер. Былайша айтқанда, сол саладағы ғалымдардың барлығына да тың ой салып, соны да салмақты еңбектер жазуға жетелейтін жаңа ғылыми нысана – осы 100 томдық қазақ фольклоры десек, артық айтқандық емес.
Сонымен бірге, менің ойымша, өткендегі сахара өмірінің, қазақ жұртының мәдени-тарихи санасы қандай деңгейде болғандығын білгісі келгендер де осы 100 томды парақтай отырып, ұлтымыз туралы толық ақпарат алары сөзсіз. Бұл арада мына мәселеге де назар аударғанымыз абзал. Дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттерге қарағанда, өзге халықтарды танығанда, қазақ халқының осындай ауызша фольклорлық мұрасының 100 том болып шығуы – ол біздің ғылыми ой жүйеміздің көп өскендігін, халық мұрасына деген дұрыс көзқарастың қалыптаса бастағанын аңғартады. Ал мұның өзі біздің тәуелсіз ел ретінде төл мәдениетіміздің терең қабаттарын – көне рухани мұрамызды игеруге қол жеткізе алғанымыздың анық айғағы.
100 томдық фольклор басылымы – қазақ халқының, ұлтымыздың өміріндегі үлкен маңызы бар оқиға, халқымыздың бүкіл адамзат алдында мақтанышпен көрсетуіне тұрарлық ұлттық бренд. Бір есептен, бұрынғы біздің Ұлттық ғылым академиясына қараған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғылыми қызметкерлерінің бұл еңбегі барша ғылыми қауымның көңілінен шыққанын баса айтқым келеді. «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасы – институттың тәуелсіздік жылдары атқарған ең іргелі ғылыми жобасы ретінде есте қалары анық. Әрине, келешекте бұл жұмыстың игілігін қазақ халқының болашақ ұрпағы көреді.
Кезінде академик Сейіт Қасқабасов 100 томдықпен жұмыстың барысы туралы: «Кеңес заманында тарихи жырлар, діни дастандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де мұраларымыз ескерусіз қалып отырды. Біз осыны бірінші қолға алдық. Бұлар жазып алғанға дейін халқымыз арасында ауыздан ауызға тарап келген дүниелер болатын. Біз оны «жаман» не «жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекке шығып, саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді», – деп жазғаны бар. Шындығына келсем, «Бабалар сөзі» басылымдары тек Қазақ елінің ғана емес, сонымен бірге, түбі бір түркі дүниесінің де ортақ рухани табысы дегеніміз мақұл.
Сөйтіп, қазақ халқының мәңгілік мұрасын жинақтаған «Бабалар сөзінің» 100 томдық басылымы біртұтас сериямен жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты. Ендігі міндет – мұндай ұлт жауһарын көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, қалың жұртшылыққа, оның ішінде өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұлтымыздың мерейлі мәртебесін арттыру. Өз басым бұл басылымның барша жұртшылық үшін, соның ішінде, қазақ фольклорын зерттеушілер үшін де аса бай халықтық мұрамен танысу, оны зерттеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашарына сенемін.
Өткен жылы Президент тарапынан ұсынылған «Ұлы Дала» және «Мәңгілік Ел» идеяларын да біз осы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы дайындап жарыққа шығарған 100 томдық «Бабалар сөзі» атты әдеби-фольклорлық топтамадан таба аламыз. Сөз соңында бүгіндері әлемде баламасы жоқ осы ғажайып көптомдықты баспаға әзірлеуде ерекше тер төккен бір топ институт ғалымдары және бұл мемлекеттік мәні зор жобаны жүзеге асыру жұмыстарын толықтай қамтамасыз еткен ҰҒА академигі С.Қасқабасов пен аталған ұйымның корреспондент-мүшесі У.Қалижанов Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға әбден лайықты деп санаймын.
«Бабалар сөзі» 100 томдығы тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі өркениетінің ұлы мұрасы. Осы «Бабалар сөзін» одан әрі жинастырып, 150 том етіп шығаруды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жоспарлап отыр. Егер осы жоба мемлекет тарапынан қолдау тапса, онда ұлттың ұлы мұрасы толықтай түгелденіп, «Мәңгілік Ел» құрып жатқан қазақ халқының асыл жәдігеріне айналар еді. Бұған институт ғалымдарының тәжірибесі де, ғылыми әлеуеті де жеткілікті.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Қазақстан Республикасы ҰҒА президенті, академик