12 Шілде, 2016

Шарайна

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1«Аш-Шабабтың» аяусыз әрекеті «Аш-Шабаб» исламистік тобы содырларының Сомалидегі әскери базаға жасаған шабуылы салдарынан кем дегенде 10 әскери қызметші қаза тапты, деп хабарлайды Рейтер агенттігі әскерилерге сілтеме жасай отырып. Агенттіктің мәліметінше оқиға дүйсенбі күні ел астанасы Могадишоның оңтүстік-батысында орын алған. Мина қойылған автомобиль базаның қақпасына барып соғылып, одан кейін содырлар ішке басып кірген. 10 солдаттың қаза табуына да осы шабуыл себеп болған көрінеді. Аталмыш топ қанды шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойындарына алып отыр. Олардың айтуларына қарағанда, базаға шабуыл кезінде 30 солдат қаза тапқан. Айта кету керек, «Аш-Шабаб» елдің орталық үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізіп, БҰҰ-ның гуманитарлық қызметіне кедергі келтіріп келеді.     Жапония конституцияны қайта қарамақ Жапония үкіметі ел парламентінің төменгі палатасындағы конституциялық комиссияда елдің бейбіт конституциясын қайта қарау мәселесін зерттемек ниетте. Бұл туралы дүйсенбі күні баспасөз мәслихатында премьер-министр Синдзо Абэ хабарлаған. Ең алдымен, мұны конституциялық комиссияда салмақты түрде талқылап алу қажет. Киодо агенттігі премьердің осылай деген сөзін келтіріп отыр. Осыған байланысты Абэ негізгі заңды қайта қарау мүмкіндігіне қатысты оппозицияның теріс реакция­сын сындарлы қадамға жатпайды деп атады. Осының алдында елде парламенттің жоғарғы палатасына өткен сайлауда Абэ басқаратын либералды-демократиялық партия мен «Комэйто» партиясы орынның үштен біріне ие болған еді. Ал ол негізгі заңды өзгертуге мүмкіндік береді. шарайна-2Терроршының туыстары елден қуылды Кувейттің қауіпсіздік қызметі осыдан бір апта бұрын Джидда қаласындағы АҚШ-тың бас консулдығына қарсы орналасқан аурухана автотұрағында жарылыс жасаған жанкешті терроршымен туыстық байланысы бар деген үш пәкістандықты Эмираттан шығарып жіберді, деп хабарлады дүйсенбі күні осы елдің «Аль-Кабас» газеті. Кувейтте Ислам мемлекеті деп аталатын ұйыммен байланысы бар деген күдікпен 6 адам қамауға алынды. Айта кету керек, Пәкістаннан шыққан жанкешті АҚШ-тың Джиддадағы бас консулдығына жақын жерде түнгілік өзіне полицейлер жақындап келе жатқан шақта өзін-өзі жарып жіберген болатын. Соның салдарынан қауіпсіздік қызметінің 2 қызметкері зардап шеккен еді. Сауд Арабиясының әр жерлерінде орын алған бірнеше терактілерден кейін корольдік билігі 19 адамды қамауға алған болатын, олардың 12-сі пәкістандықтар болып шықты.         Жасөспірім үш полицейді атып өлтірді Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Шанлыурфа қаласындағы автобус аялдамасында бір жасөспірім оқ атып, соның салдарынан үш полицей қаза тауып, тағы үшеуі дене жарақаттарын алған. Бұл туралы Анадолы агенттігіне сілтеме жасай отырып, Рейтер агенттігі хабарлады. Жасөспірім полиция қызметкерлері автобус аялдамасында тұрған адамдардан жеке куәліктерін сұраған кезде оқ атқан. Осыдан соң ол оқиға орнынан қашып кетіп, өзге полицейлерге қарсы тағы да оқ жаудырған. Үш полиция қызметкерінің ауруханада қайтыс болғаны мәлім болып отыр. Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, оқ атушының көзі жойылған. Қала губернаторы бұл оқиғаның терроризмге еш қатысы жоқ екенін, оқ атқан 17 жасар жігіттің ақыл-есінде ауытқушылық болғанын айтқан. шарайна-3Наразылық білдірушілер саны азаймай отыр Луизиана штатының Батон-Руж қаласындағы афроамерикалықтың өліміне байланысты наразылықтар барысында ұсталғандар саны 160 адамға дейін жетті, деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс агенттігі. Бұған дейін 101 адам ұсталды деп хабарланған болатын. Оның сыртында ұсталғандардың арасында Black Lives Matter (Қаралар өмірінің мәні бар) қозғалысының белгілі белсендісі, қара нәсілді халыққа қатысты күш көрсетуге қарсы әрекет етіп жүрген Де Рэй Макессонның болғаны да анықталып отыр. Агенттіктің мәліметтері бойынша, кезекті наразылық барысында полиция басқармасына қарсы жатқан көшелерге жүздеген адам жиналған. Ереуілді пластмасса қалқандары мен қару-жарақтары бар ондаған полиция қызметкерлері бақылап тұрған. Айта кету керек, наразылық акциясы АҚШ-тың көптеген қалаларында өткен бейсенбі күні бас­талған болатын.   Қытайлық ұшақ бұршақ астында қалды China Southern Airlines әуе компаниясының әуе лайнері ҚХР-дағы ұшу барысында күшті бұршақтың астында қалып, соның салдарынан ұшақтың тұмсық жағы айтарлықтай зақымданған. Бұл туралы Қытайдың орталық теледидары өзінің әлеуметтік желідегі ресми аккаунтында хабарлаған. Оқиға сенбі күні кешкілік орын алған. CZ 3483рейсі Гуанчжоудан Чэндуға бет алған шақта үлкен дауылдың астында қалған. Теле­арнаның мәліметтеріне қарағанда, ұшақ орын алған оқиғадан кейін Чэнду қаласына сәтті қонған. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген. Ұшақтың тұмсық жағы мен алдыңғы шынысының зақымданғаны белгілі болып отыр. Оларда көптеген  бұршақ іздері қалған көрінеді. шарайна-4Оқ нөсері астындағы Йемен Йеменнің батысындағы шекараға жақын орналасқан Хаджа провинциясындағы Миди қаласы аяусыз зымырандық және артиллериялық атқылаудың астында қалды, деп хабарлады дүйсенбі күні ливандық «Аль-Маядин» телеарнасының тілшісі. Орын алған құрбандықтар туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Елді мекенге оқтың Сауд Арабиясы жағынан атылғандығы анықталуда. Йеменде 2014 жылдан бері бұрынғы президент пен қазіргі президентті жақтаушылар арасында қарулы қақтығыстар жүріп жатқаны белгілі. Билікке Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің коалициясы әскери қолдау көрсетуде.