Египеттегі екі аптаға созылған президент Хосни Мүбәрактің кетуін талап еткен қарсылық шеруінің қызуы осы аптада басылатын сияқты. Өйткені, жексенбі күні ел үкіметі алғаш рет оппозиция өкілдерін кездесуге шақырып, келіссөз жүргізді.
Келіссөзде үкімет тарабына вице-президент Омар Сүлеймен басшылық етті. Ол өкімет пен оппозиция арасында келісім комиссиясын құрып, заңдылықтарға енгізілетін өзгерістерді әзірлеу туралы келісімге қол жеткізді. Келісім комиссиясы өз жұмысын наурыз айында бастамақ. Сөйтіп, отқа май құюшы жақтар қанша үрлеп бақса да «Египет революциясы» өз шешімін табуға бет алған сыңайлы. Күрделі кезде елді иесіз тастамаған Х.Мүбәрактің әрекетін қазір біржақты бағалау да қиын.
Катынь оқиғасы ұмытылмайды
Польшаның қазіргі Президенті Бронислав Коморовски сәуір айында НКВД қанішерлері жазықсыз атып өлтірген поляк офицерлерінің рухына бас ию үшін Смоленск облысындағы Катыньға барамын деп шешіп отыр.
Былтыр осы оқиғаның 70 жылдығын атап өтуге барған Польша президенті Лех Качиньскидің қайғылы апатқа ұшырағаны белгілі. «Офицерлердің рухына бас ию шарасы осы апаттың тасасында қалып қойды, енді 71 жылдығында сол олқылықты түзетуіміз керек», дейді қазіргі президент.
Не дерін білмей қалған сыңайлы
Жуырда Оңтүстік Кореяның Сары теңіздегі Енпхондо аралына жеңіл кемемен ауып барған солтүстіккореялық балықшыларды БАҚ саяси баспана сұрау үшін қашып келгендер деп жариялап үлгерген-тін.
Бірақ 31 балықшының бірде-бірі саяси баспана сұрамақ түгіл, өздерін елдеріне тезірек қайтаруды өтініп отыр екен. КХДР-ді орынсыз қаралауға сылтау таба алмай жүргендер бұл өтініштен кейін не дерін білмей отырған сыңайлы.
Ұшақ ұрлығының жаңа түрі
Венесуэлада көлік айдап кетудің жаңа түрі шығыпты. Осындағы Сьюдау-Боливар қаласындағы әуежайдың аумағына кірген қарулы адамдар оның ангарынан екі бірдей жеңіл моторлы ұшақты қуып кеткен.
Беттеріне бетперде жамылған олар алдымен күзетшіні соққыға жыққан. Сосын ангарда тұрған Сеssna-U206 маркалы екі жеңіл ұшақты далаға итеріп шығарып, екеуіне де от алдырып, белгісіз жаққа ұшып кеткен. Білетін адамдардың айтуына қарағанда, бұл іске осында қызмет ететіндердің қатысы бар сияқты. Өйткені, ұрланған бір ұшақтың ақауы болған екен, ұрылар соған қарамай оған от алдырған.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Мексикада соңғы 50 жылда болмаған аяз тұр. Ауаның температурасы минус 18-21 градусқа жеткен, соның салдарынан электрстансалары істен шыққан. Әзірге 6 адамның үсіп өлгені белгілі болып отыр.
*Қырғызстанда биыл тұмаудың қарқыны қатты. Соңғы аптада оған алты мыңнан артық адам ұшырап отыр. Елдің медицина орындары қолдарынан келгенше жанталасып әрекет етуде.
*Мәскеу түбіндегі темір жол стансаларында кешқұрым әйелдерге шабуыл жасап, тонаумен айналысқандар ұсталған. Олар Өзбекстанның екі азаматы болып шыққан.
*Атақты «Судзуки» автозауытының 2010 жылдың аяғындағы таза табысы 31 пайызға өсіпті. Бұл жетістікке ол Азияға автомобиль сатудың артуы арқасында жетіп отыр екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.