13 Шілде, 2016

Шыны туралы шындық

1127 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
slider1 Қарағандыда шыныны қайта өңдейтін тұңғыш кәсіпорын жұмыс істеп тұр Кешегі кеңес заманында көшеде шашылып жататын бос шөлмектерді жинап, шыны қабылдау бекеттеріне тиын-тебенге өткізу үрдісі болды. Әйтеуір бала біткен балмұздаққа қарық болып, әлеуметтің әлсіз тобы «тамақ жібітіп», күнкөрістің қажетін өтеп жүретін. Соған қарамастан, бұрын да, қазір де далаға шықсаңыз, шыны сынықтарынан аяқ алып жүре алмайсыз. Қарағандылық ғалым Сағат Уәлиевтің айтуынша, байлық деген біздің аяғымыздың астында жатыр екен. Шашылып жатқан шыныны жинап алып, іске жаратсаңыз – қабырғасын жалтыратып ғажайып ғимараттар салатын шыны кірпіштер алуға болады екен! Бір ғана Қарағандының өзінде жылына 1000 тоннаға дейін шыны құтылар қоқыс ретінде далаға лақтырылатын көрінеді. Бей-бере­кет шашылып жатқан осынау мол дүниеге күні бүгінге дейін тірі жан назар аудармай келді. Ал енді жақын болашақта жағ­дай мүлде басқаша сипатта өр­буі мүмкін. Сағат Уәлиев сынды ғалым еңбек ететін кәсіпорын бас­шылары «Даму» қорынан не­сие алып, шыны өнімдерін қабыл­дайтын полигон ашқан болатын. «Басында, – дейді С.Уәлиев, – біздің кәсіпорынның басшылары шыны шөлмектерін шығаратын зауыт ашпақшы болды. Алайда бізде табиғи газдың жоқтығынан бұл шаруадан бас тартуға тура кел­ді. Сол себепті біз шыныны қайта өңдеумен айналысуды жөн санадық». Осыдан екі жыл бұрын Сағат Уәлиев Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды мемлекеттік уни­вер- ­­ситетінің физика-математика фа­куль­тетінде оқытушы болып жүр­ген еді. Сол кездің өзінде оған өн­діріс қалдықтарын пайдаға жа­ра­ту жөніндегі жоба туралы ой маза бермейтін. Ақыры ол тәуе­келге бел буып, «Эсколит-К» ғы­лы­ми-техникалық жобасының жетекшісі ретінде бұл салаға біржолата бет бұрды. Бір қызығы, шыныны қайта өңдеу пайдасы көл-көсір бизнес түрі болса да, біздің кәсіпкерлер онымен айналысуға асығар емес. Өйткені отандық бизнес өкілдері ақшаны тез, әрі бірден күректеп табуды тәуір көреді. Ал шыныны қайта өңдеп, одан кеуек шыны және газ шыны блоктарын өндіру дегеніңіз уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін мехнатты шаруа. Шыны деген жарықтықтың сынығы табиғатта мың жылға дейін бұзылмай жатады дейді. Ал енді оның қиюын тауып, өндіріске жарата білсе, шыныдан өткен берік һәм экологиялық тұрғыдан өте таза материал жоқ көрінеді. Мысалы материалдың бұл түрінен талай жылдардың сынына төтеп бере алатын тұрғын үйлер салуға әбден болады екен. Қарағандыдағы шыны өңдейтін зауыт біздің ел үшін бірегей жаңа технология бойынша жұмыс істейді. Мұнда ең алдымен шыны қалдықтары талқан тартқандай ұсатылады. Бұдан кейін ол арнайы қоспамен араластырылады. Соның нәтижесінде блоктың беріктігі арта түсіп, кез-келген соққы мен қысымға мыңқ етпейтін мықты болып шыға келеді. Тіпті оған шеге қағып, бұранда енгізуге де болады – шыныңыз шытынау дегенді әсте білмейді. Бұл блоктардың бір ерекшелігі – оларға кеміргіштердің тісі өтпейді. Мәселен егеуқұйрықтар бетонды оп-оңай кеміретін болса, шыныдан шыққан блоктарға келгенде шарасыздық танытады екен. Зауыттың таза бизнес жоба екені рас. Дегенмен, егер де қала басшылары кәсіпорынға назар аударып, белгілі бір ұсыныстармен шығар болса, кәсіпорынның экологияны дамыту ісіне де сүбелі үлес қосары сөзсіз. Себебі зауыттың қажет етіп отырған шикізат көзінің өзі экологияға кесірін тигізетін тұрмыстық қатты қалдықтың бір түрі ғой. Жарты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жоба туралы ғалым Сағат Уәлиевтің өзі былай дейді: «Біздің өнімнің Қазақстанда баламасы жоқ. Шыныны қайта өңдеу саласында біз тыңнан түрен салған тұңғыштармыз. Бізде жасалған кеуек шыны мен газ шыны блоктарға алыс және жақын шетелдің тұтынушылары қызығушылық таныта бастады. Ал отандық инвесторлар тарапынан «Самұрық-Қазына Инвест» біздің өнімге ерекше назар аударып отыр. Осыдан бір ай бұрын біз «Қазақстанда жасалған» атты көрмеге қатысқан болатынбыз. Міне содан кейін қордың өкілдері біздің кәсіпорынға келіп, өнімдерімізбен танысып, жобаның бірегейлігін атап өтті». Жалпы кеуек шыны мен газ шыны блоктары отқа шыдамды, өрт бола қалған жағдайда жану дегенді білмейді. Суға да төзімді. Бір сөзбен айтқанда: «Отқа салсаң – жанбайды, суға салсаң – батпайды». Кеуек шынының өзі жылуды тамаша сақтайтын, басқа да керемет қасиеттері көп, құрылыс саласының кез-келген жеріне қорықпай-ақ қолдана беретін әмбебап материал. Өз бойынан жылуды тысқа шығармайтын бұл материалды көбіне үй қабырғалары мен еденді және төбені жылылауға пайдалануға болады. Қазір ғой, бұл блоктарды біз шетелден қыруар қаржыға сатып алып жүрміз. Мәселен, шыныдан жасалған жалғыз блоктың бағасының өзі 300-ден 600 еуроға дейін тұрады. Ал енді осыны өзімізде өндірсек, қаншама қаржы қалтамызда қалар еді?! Еуропаның дамыған елдері пластиктен шыныға, металл және ағаш жабындыдан кеуек шыныға баяғыда-ақ көшкен екен. «Жақсыдан – шарапат» деген, қарағандылық кәсіпкерлер еуропалықтардың тәжірибесін терең зерттеп, өздеріне қажетті мағлұматты молынан жинастырыпты. Сондай-ақ, бұл істе оларға Санкт-Петербор қаласының ғалымдары да қол ұшын берген. Олар біздің кәсіпкерлерге кеуек шыныны күйдірмей алу әдісін ұсынған екен. Міне, дәл осындай блоктар бүгінгі күнде көптеген мемлекеттер тарапынан зор сұранысқа ие болып отыр. Неге десеңіз, кеуек шыны ылғал мен буды өткізбейді, кез-келген салмақ пен қысымға шыдамды, ыстықты жақсы көтереді. Құрылыс кезінде оны арамен оп-оңай кесуге болады. Ең бастысы, кеуек шынының экологиялық талап тұрғысынан келгенде ешқандай кінәраты жоқ өнім. Бір сөзбен айтқанда, қарағандылықтар қолға алған бұл өнім болашақтың материалы. Міне, шыны туралы шындық осы: бүйте берсе кеуек шыны және газ шыны блоктары болашақта құрылыс саласындағы темір мен бетонды босағаға қарай ығыстырып, төрден орын алуы әбден ықтимал. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ