Жексенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 7-ші Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде жабылды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйледі.
Құрметті меймандар!
Қымбатты спортшылар!
Қадірлі отандастар!
Бүгін Астана мен Алматының арасын спорттық думанға бөлеген 7-ші Қысқы Азия ойындары өз мәресіне жетті.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерді осы мерейлі сәтпен құттықтаймын!
Әділдік пен шеберлік астасқан дүбірлі дода нағыз мықтыларды анықтап берді.
Азиада барысында достықтың ізгі жалауы желбіреп, құрлық елдерінің әнұрандары шырқалды.
Бұл спорт мерекесі тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттеріне айналады деп сенемін.
Азиаданы жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан барша мамандарға, спортшыларға ризашылығымды білдіремін.
Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған спортшыларға да айрықша алғыс айтамын.
Біздің атлеттеріміз жоғары жетістіктеріне қол жеткізіп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасады.
Астанада жағылған Азиада алауының жылуы әр жүректе ұзақ сақталады деп сенемін.
Баршаңызға Қазақстанға деген ыстық ықыластарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Келесі қысқы Азиаданы өткізу мәртебесі Жапонияға беріліп отыр.
Азия спортының жұлдызы жарқырай берсін!
Қымбатты ойынға қатысушылар!
Қымбатты қазақстандықтар,
шетелдік қонақтар!
7-ші Қысқы Азия ойындарының соңғы күні тарихқа еніп бара жатыр!
Олар халықаралық өмірдің ауқымды оқиғаларына айналды.
Астана мен Алматының спорт алаңдарында жиырма жеті мемлекеттен келген үздік атлеттер әділ күресте бас қосты.
Алғаш рет 69 медальдар жиынтығы сарапқа салынды.
Бұл – қысқы Азиада үшін рекорд.
Командалық есепте біздің спортшылар тамаша нәтижелерге жеткеніне мен қуаныштымын.
Қазақстан осындай жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қабілетті құрлықтық державалар қатарына қосылды.
Азияда күштің, әдеміліктің және қайырымдылықтың нағыз салтанатына айналды.
Біз спорт мерекесін бейбітшілік пен достықтың да мерекесіне айналдыра алдық.
Осынау күндерде әр елден келген мыңдаған адам бір-бірімен кездесіп, әңгімелесті, өзара білісті.
Көптеген адамдар Қазақстанда жаңа достар тапты.
Біздің барлығымыз да, әр түрлі халықтардың өкілдері рухани тұрғыда байи түстік, жанымыз жомарттана түсті.
Біз бір-бірімізді жақсырақ тани түстік. Азиаданың ең басты жетістігі деп шын мәнінде осыны айту керектігіне сенімдімін.
Қымбатты достар!
Қазір біз 7-ші Қысқы Азия ойындарымен ризашылықпен қоштасып отырмыз.
Олар бізге керемет те ұмытылмас сәттер сыйлады.
Бұл ерекше ойындар болды.
Ашылуы Астанада, Азиаданың ең солтүстіктегі елордасында өтті.
Біздің қонақтарымыз әлемдегі ең биік таудағы мұз айдыны – «Медеуді» көрді.
Біздің ойындарымызда алғаш рет Қазақстанның 20 қаласын айналып өткен Олимпиялық алау эстафетасы болды.
Азияның Олимпиялық кеңесі эстафетаны жүйелі етуге шешім қабылдады.
Азиаданың қайырымды символы – біздің қазақстандық барыс – жұрттың бәріне жақын әрі бірге туғандай болды.
Барлықтарыңызды 7-ші Қысқы Азия ойындарының аяқталуымен құттықтаймын, мен сіздерге: «Жаңа кездесулерге дейін!» деймін.
Қадірлі меймандар!
Қымбатты отандастар!
Осымен 7-ші Қысқы Азия ойындарын салтанатты түрде жабық деп жариялаймын!