«Кең дүние, төсіңді аш мен келемін» деп күні кеше ғана 80-ге толған дара талант Мұқағали Мақатаевқа арналған кештер Отанымыздың барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Сондай бір ән мен жырды әуелеткен басқосуға Арқаның ажары саналатын Көкшетау қаласында куә болдық. Оның ұйытқысы – Біржан сал атындағы музыка колледжі десек, ақынның жырларын оқып, сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындаған аталмыш білім ұясының студенттері мен дарынды балалар мектеп-интернатының оқушылары еді. Бір ғажабы, ақынның шағын өлеңдерінен бастап, көлемді поэмаларына дейін сахна төрінде саңқылдап тұрып жатқа оқыған жастардың жыр жампозына деген ерекше сүйіспеншілігін аңғарғандай боласың. Әсіресе, бірінші сынып оқушысы Әділет Қабыкен мен екінші сынып оқушысы Аружан Қабдөштердің он шумаққа дейінгі өлеңдерді жаңылмай жатқа айтып шығуы тәнті етті. Арасында әнге кезек беріліп, бимен әспеттеліп отырды. Сұрапыл соғысқа аттанған әке мен баланың бейнесінен көрсетілген көріністегі жыр жолдарының қимыл-қарекетпен ұштасып келетін тұсы тарихқа айналған жылдардың өшпес ізін көз алдыңа әкелгендей болды. Белгілі сазгер Болат Есмұханов ақиық ақынның сөзіне жазылған «Жарығым-ай» атты әнін орындады.
Кешке Астанадан арнайы барған ақынның ізбасар інісі Ерғожа Тілепбердиев жырдан шашу шашса, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахнада алғаш рет ақын бейнесін қалай сомдағаны туралы ойын ортаға салды. Одан кейін Ақмола облыстық музыкалы драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ақын Ерболат Баят жыр дүлдінің екінші өлмес өмірі туралы толғауымен таныстырды. Ал колледж директоры Қайырлы Сәрсенбаев Біржан сал, Ақан сері елінің қашанда ұлт руханиятының айтулы тұлғаларының айтулы күндерінен қалыс қалмай, өз үндерін қосып отыратынын, бұл жастарды отаншылдыққа баулуға, алдыңғы толқынды танып білуге, таланттарды бағалап, құрмет көрсетуге ерекше септігін тигізетінін атап өтіп, осындай жақсы істердің басы қасында жүретін, Мұқағалиға арналған осы кешті өткен жылдан бастап қолға алған, білім ордасы басшысының орынбасары Қуанышгүл Мағзұмова екендігін айта келіп, жастар тәрбиесімен айналысып жүрген әр азамат осындай игілікті шараны жүзеге асырып отырса, бүгінгі оқушы ертеңгі еліміздің белді азаматтары болуға талпынып отырған жастардың ой-санасы биіктеп, елге деген ілтипаты мен сүйіспеншілігі арта береді, деді.
Сүлеймен МӘМЕТ.