Былтыр медицина қызметкерлері үшін мерейлі жыл болды. 225 жоғары білімді дәрігерлер мен мейірбикелер жайлы пәтерлерге жайғасып, үлкен қуанышқа кенелген болатын. Биыл жақсы дәстүр одан әрі жалғасын тапты.
Жақында «Юбилейный» шағын ауданында 75 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, ақ халатты абзал жандардың игілігіне берілді. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй саясатына үлкен басымдық бергенін, азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейін арттыру бағытында үлкен міндеттер жүктелгенін айта келіп, өткен жылы 100 мың шаршы метр баспананың қолданысқа берілгенін жеткізді.
Пәтердің кілттері перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Юлия Ельцинаға, №2 қалалық емхананың мейірбикесі Бақытжан Қадырбековаға, учаскелік дәрігер Алтын Карабалинаға, тағы басқаларына салтанатты түрде табыс етілді. Олардың арасында медициналық академияны бітіріп келген жас маман Арман Мүсәйіповтің отбасы да бар. Жұмыс өтілі ширек ғасырға жуықтаған қалалық балалар емханасының педиатры Мәриямгүл Сариева жайлы баспана бұйырғанына дән риза. Кардиологиялық орталықтың мейірбикесі Оксана Ударцева еліміз тәуелсіздік алған жылы еңбек жолын бастаған екен. Содан бері бір салада тапжылмастан еңбек етіп келе жатқанын мақтаныш етеді.
Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.