16 Шілде, 2016

Әзірге сұрақ көп, жауап аз

723 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
4-бетке – дейді туризм саласымен айналысатын «BESTKZ» операторының директоры Гүлмира ҚАПЕНОВА Туризмді дамыту еліміз экономикасының өрлеуіне ықпал ететінін халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында туризмді дамыту туралы айтып келеді. Жергілікті туризмнің маңызы экономиканы дамытудан кем соқпайтыны тағы бар. Ол жас ұрпақты елді, жерді сүюге, патриотизмге тәрбиелейді. Бұл маңызды істің Қостанай облысында қалай жүргізіліп отырғаны жөнінде біздің тілшіміз «BESTKZ» туристік операторының директоры Гүлмира Қапенованы әңгімеге тартқан еді. – Гүлмира Амангелдіқызы, биыл қостанайлықтардың демалысын қайда өткізетіні тура­лы жорамал айта аласыз ба? – Қазақта «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп», деген сөз бар. Бұдан халқымыздың тұрмысында қашан­да туризмнің орны болға­нын бі­луге болады. Ал қазірде ту­ризм қазақстандықтардың өмір салтына дендеп еніп келеді. Қос­та­найлықтарға қатысты айтсам, біздің өңірде қыс алты ай емес, одан да ұзақ дер едім. Үш-төрт ай жазғы маусымда күнге қыздырынып, суға түсіп дегендей, демалу үшін көпшіліктің теңізге баруды қолай көріп тұратыны аян. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан кейін теңізі бар елдерге жұрт еркін шығатын болды. Әсіресе, Түркияның орны бө­лек. Ол теңізі бар өзге елдерге қарағанда, бізге біршама жақын және туризмі жақсы дамыған, инфрақұрылымы жетілдірілген. Қазір қостанайлықтар Түркияға ұшу үшін Астанаға немесе көр­ші Ресейдің қалаларына барып жатпайды, ұшақ Анталияға Қостанайдан ұшады. Біздің ком­пания биылғы маусымның алғашқы туристерін Түркияға шығарып салды. Қалтасында 180 мың теңгедей ақшасы бар адам Түркияға барып, 10 күн еркін демалып келеді. Дегенмен, Түркиядағы оқиға­ларға байланысты туристер іркілетін болса, біз оларға теңіз жағасына жақын орналасқан Грекия, Болгария секілді басқа елдерді балама ретінде ұсынамыз. – Туристер сырт елдерге шығудың қаупін ойласа, өзі­міздің елімізде де өзен-көл­деріне шомылуға, демалуға болатын өңірлер бар ғой? Оларды ұсынып көрдіңіздер ме? – Адамдардың өздері соңғы уақытта Каспий теңізіне, Бал­қашқа баруға сұраныс жасайды. Каспий теңізінің жағасындағы құмды жағажайларда жаз айларында суға түсіп, қыздырынуға болады. Туристік әлеуеті бар аймақ. Бірақ біздің елімізде мұн­дай аймақтарға апаратын көлік инфрақұрылымы әлі нашар. Мысалы, Ақтауға Қостанайдан ұшақ та, тікелей баратын по­йыз да жоқ. Ол үшін Астанаға, То­был стансасына бару керек. Жұрт Ақтаудан бұрын Анталияға тезірек жетеді. Соңғы екі аптада Каспий жағасында демалуға бірнеше сұраныс түсті. Бірақ Каспийдегі жағажайларда турис­тер үшін барлық қолайлы жағдай бар деп айта алмаймын. Соған қа­рамастан, Ақтаудағы қонақ-үйлерде қазірдің өзінде орын жоқ көрінеді. Балқашқа, Қапшағайға баруға да қостанайлықтар жол қиындығынан іркіле береді. Табиғаты тамылжыған Бурабай еліміздегі туристік аймақтар ішін­де көш бастайды. Бірақ онда жаз айларында суға шомылу мер­зімі тым қысқа. Су суық. Елі­­­­міз­дегі демалуға қолайлы өңір­лерде әзірге инфрақұрылым әлсіз болғандықтан, қос­танай­лық­тар да қы­зықты сырт елдерден іздейді. Бұл көрініс әзірге осылай болып тұр. – Дегенмен, жергілікті туризм қалай дамып келеді? – Ұлт Жоспары – Елбасы Н.Назарбаевтың бес инс­ти­ту­ттық реформасын жүзеге асырудың 100  нақты қадамында туризмді дамыту ісі айқындалған. Ол әрине, жергілікті туризмді дамытуға ба­ғытталған. Инвесторлар тарту үшін де алдымен туристік әлеуеті бар өңірлер әбден нақтыланып, зерт­телуі керек. Ал ондай жерлер біздің облыста да бар. Қостанай облысында атақты Науырзым қорығы тұнығы бұзылмаған тұма табиғатымен туристерді тартады деген үмітіміз бар. Үш жылдан бері жүргізілген жұмыстардан ке­йін оған туристерді өткен жылы бірінші рет апардық. Ондағы суы зәмзәмдай тұнық, тұщы бұлақтар, әлемде еш жерде кездеспейтін ағ­аш түрлері, боз, селеу секілді шөп­тер, түрлі гүлдер, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар – турис­тер үшін қызықты болатыны сөз­сіз. Жалпы, біздің облыста табиғат туризмі жақсы дамитын болады. Торғай даласының көркі мен этнотуризмі, археологиялық, тарихи ескерткіштері де туризмге сұранып тұр. Айтпақшы, Торғайға да туристердің алды бара бас­тады. Сонымен қатар, Денисов ауданында екінші Архаим атал­ған археологиялық нысан да турис­терді тартады деп ойлаймыз. Лиса­ков қаласының түбіндегі қола дәуірінің ескерткішінен алын­ған 400-ден аса құмыралары бар музей де туристерге өте қы­зық­ты болары сөзсіз. Бұл му­зейдің Қазақстанда баламасы жоқ. Өткен жылы мәскеулік бір әйел Қостанай қаласына қонаққа келіпті. Ол біздің туристік опера­тор компаниясына кездейсоқ кі­ріп, «Облыста, қалада көретін қан­­дай қызықты жерлер бар?» деп сұрады. Біз бірінші рет Нау­ы­­­р­­зым қорығына оншақты адамнан тұратын туристер тобын апарғалы отырғанбыз. Әлгі әйелге де ұсыныс жасадық. Екі күнге жол­дама 10 мың теңге екенін айт­қанымызда, ол соншалықты арзандығына миығынан күліп алды да, баруға бірден келісті. Науырзымнан келген соң қо­рықтың табиғат байлығына тамсанып, аузының суы құрыды. Сөйтсек, ол Мәскеуде туристік компанияда қызмет істейтін осы саланың маманы екен. Ол қазіргі уақытта Мәскеу, Еуропаның ірі қалалары секілді мегаполис­те тұ­ратын адамдар үшін тұма та­биғаттан артық туризм жоқ екенін айтты. – Келесі жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне Науырзым қорығын туризм нысаны ретінде қатыс­тыру жобаларыңыз қалай жү­зеге асырылып жатыр? – Бізге өткен жылы ЭКСПО-2017 ұлттық компа­ния­­­сы­нан осы көрмеге келетін қонақтарды апаратын туристік бағыттар ұсыну туралы хат келген болатын. Біздің «Науырзым қорығы» туристік бағыты туралы ұсынысымыз оларға ұнап, екіжақ­ты меморандумға қол қойдық. Өсімдіктің 687 түрі, аңның 44, құстардың 282, оншақты балық түрлері бар, екі ірі өзен ағатын ерекше табиғи ландшафт – Нау­ырзым қорығының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұрасы тізіміне енуі «қы­зықты көрмек үшін» дейтін шетелдік туристердің ынтызарын оятары хақ. Меморандум аясында біз ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтарды қабылдаймыз. Алдағы тамыз-қыркүйек айында ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясынан инспек­циялық тексеру болады, олармен қоса шетелдік туристік ком­паниялардың өкілдері де келеді. Сонда «Науырзым қорығын ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік туристерге көрсетуге бола ма, болмай ма?» деген мә­се­ле түбірлі шешімін табады. Ма­мыр айының аяғында ғана алдын ала тексеру жұмысы ре­­­тінде «На­уырзым қорығы» туристік бағытына ақпараттық тур өткізілді. Біз шетелдік турис­терге тұма табиғатпен қатар қа­зақ­тың ұлттық тағамын, дәстүрі мен тұрмыс-салтын, ойынын мүм­кіндігінше көрсетуге тырысамыз. Турда ұлттық компания өкіл­дерінің берген бағасы жаман емес, демек, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысамыз деген үмітімізден қол үзгіміз келмейді. – Енді жергілікті туризмді дамытуға не көлденең тұр? Осы жайында айтсаңыз. – Мен тағы да «Науырзым қорығы» немесе «тұма табиғатпен бірге» туристік бағытынан бас­тайын. Оған көктемнен бері 90 адам апардық. Бұл енді басталған іс үшін аз емес. Туристер бір және екі күндік жолдамалар алады. Ол тіпті арзан. Балалар үшін 8 мың, ересектер үшін 13 мың теңге ғана. Туристердің көбі мамыр айын­дағы Науырзым қырларын қаптаған қызғалдақты көргісі келеді. Біздің жұмысымызды ин­тернеттен қараған бір қыз На­у­ы­рзымды көру үшін Астанадан арнайы келді. Науырзымға турис­тер жап­пай бару үшін оның инф­ра­құ­рылымын дамытуымыз ке­ректігін өзіңіз де біліп отырған шы­ғарсыз. Біріншіден, облыс орталығынан жол алыс, 200 шақырым жүреміз. Науырзым ауданының орталығына жеткен соң, қорыққа дейін тағы біраз жү­руге тура келеді. Табиғат аясына асфальт салуға болмайды, құмнан өту үшін жүрдек ма­шина керек. Қаладан ондай жүрдек көлік жалдау қымбатқа түседі. Осы жағы қиынырақ. Туристерді аудан орталығындағы «Айман-Шолпан» шайханасынан тамақтандырамыз. Осы Нау­­ыр­­­зым қорығын туризм нысаны ету біраздан бері сөз болып жүр­гендіктен, шағын және орта бизнес өкілдері қызмет көрсетуді жақ­­сы игеріп келеді. «Айман-Шол­панда» қазақтың ұлттық та­ғамдарынан ауыз тиген турист оны көпке дейін ұмыта алмайтыны анық. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғаным, бізде ішкі туризм енді тәй-тәй басып келеді. Біз ең бастысы өзіміздегі барды бағалап, оны туристерге әспеттеп көрсете білуіміз керек. Қостанай өңіріндегі тұма табиғат пен археологиялық нысандар ішкі туризмнің негізін қа­лайды. Бізге шетелдегі туризм инфрақұрылымын сол кү­йінше көшірудің қажеті де жоқ шығар деп ойлаймын. Мысалы, Науырзым қорығына кірердегі құмды біз апарған туристер жаяу жүріп өтті. Доңғалағы құмға батып кететін машинаны итеріп өт­кізеді. Тұма табиғат аясында жаяу, тіпті, жалаң аяқ жүрудің өзі туристерге ерекше көңіл күй сыйлайтынын байқадық. Алайда, туристерді шаршатуға болмайды. Олар демалып отыратын орындықтар, дәретханалар, та­биғат аясында тамақтанатын ұлт­тық нақыштағы столдар, киіз үй түріндегі шатырлар секілді қо­лайлы жағдайлар жасамасақ ісіміз алға жүрмейтіні анық. Мұндай мәселе тек Науырзым қорығына емес, туризм бағытына сұранып тұратын өңірдегі табиғаты көркем жерлердің барлығына ортақ. – Оны кім жасайды? – Әңгіме осында. Мысалы, табиғат туризмі тек жаз айларында жақсы жүрмек. Қыстың өз қызығы болғанымен, біздің өңірде омбы қардан жол жабылып қалғанда, туризм туралы әңгіме қозғаудың өзі артығырақ. Ал шамамен төрт айға созылатын туризм мау­сы­мы үшін алынған көлікті, орнатылған дәретханаларды, басқа да керек-жарақты 8 ай бойы кім міндетіне алып күтеді? Оған қаржы қажет. Егер туризм үшін инфрақұрылымның бар­лығы мемлекет тарапынан жасалуы тиіс болса, оған облыстық, республикалық бюджеттен орасан қаржы бөлінуі тиіс. Бүгін бюджет оған дайын емес. Ал инвесторлар пайданың шеті көрінбей келмейді. Ішкі туризмді дамытуға атсалысқысы келетін туристік операторлардың әзірге қаржы бөлетіндей әлеуеті жоқ. Біздегі табиғат және археологиялық ту­ризмнің инфрақұрылымы киіз үйдің ықшамдылығындай ерекшелікпен жасалуы тиіс. Оған мамандардың да ізденісі керек секілді. Мысалы, Торғайдағы геоглифтер туралы ақпарат жер шарын шарлап кетті. Оған шетелдік ғалымдар ерекше ықылас танытып отыр. Ол туристер үшін де қызықты болатыны сөзсіз. Бірақ сонша алыс жол жүріп, ат арытып Үштоғайға келгендер қалың шыққан шөптен басқа ештеңе де көре алмайды. Геоглифтерді көз жетерлік биік мұнараға шығып қана көруге болады. Ондай мұнара әзірге арман ғана. Оны кім салады, кім күтеді? Міне, сұрақ көп, жауап аз. Екіншіден, ішкі туризмді дамытуға еліміздегі заңнамалар да демеу бола алмай отыр. Мысалы, ба­лалар тобын қаладағы көрікті жерлерге апару керек болды де­лік. Қалада балалар тобымен жүру үшін алдын ала қалалық әкімшіліктен рұқсат қағаз керек. Туристер мінген автобусқа ескерткіштердің қасына тоқтауға рұқсат жоқ. Осындай ұсақ-түйек кедергілер ішкі туризмді дамыту бағытындағы жұмысымызда күнделікті алдымыздан шығып отырады. Мысалы, туризмі да­мыған елдерде бұлай емес. Турист Англиядағы көрем деген нысанын сілтемелер ар­қы­лы тауып барады. Біздің Қос­танай қаласына келген қо­нақ Алтынсарин бабамыздың ке­сенесін таба алмайды. Бұл – шындық. Шетелдерде туризмнің түрі өте көп, ақша түседі-ау деген мүмкіндікті құр жібермейді. Мысалы, Санкт-Петербургте туристерге ескі коммуналдық пә­терлерді аралатады, ескі үй­лер­дің шатырына шығарады. Осының барлығы да туризм деп есептеледі. Болашақта туризмнің бізде де дамитынына бек сенімім бар, арманым одан да асқақ. Ал әзірше тек энтузиазммен ғана жұмыс іс­­теп жатырмыз. Өйткені, ішкі туризмді біз енді бастадық. – Ашық әңгімеңізге рахмет. Табыс тілейміз! Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»  ҚОСТАНАЙ