Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ, Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.
Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды.
– Мен қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айта отырып, оларға көмек беру үшін тиісті жергілікті органдарға заң аясында барлық шараны қолға алуды тапсырамын. Алда қандай іс-әрекетті қолға алатынымызды жоспарлау үшін маған оқиға барысын баяндап берсеңіздер деймін. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тыңдағым келіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын барысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Президентке Алматы оқиғасының толық хронологиясын мәлім етті.
«Бүгін таңертеңгі сағат 10:54-те белгісіз біреу Алматы аудандық ішкі істер бөліміне келген. Постыда отырған полиция қызметкері оның құжатын сұрағанда, қылмыскер тапаншасын алып шығып, оған екі рет оқ атқан. Полиция қызметкерін жаралаған соң қылмыскер оның қаруын алып, кезекші бөлімге қарай бірнеше рет оқ атқан. Аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында тұрған адамдарға қарай тағы бірнеше рет қару жұмсаған. Сол жерде төрт полиция қызметкері мен бір қарапайым адам жарақат алды. Бұл жарақат алған адам біздің бұрынғы қызметкеріміз, қазір зейнетте жүрген адам еді. Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлік тоқтатады да, көлікке отырып кетеді.
Қылмыскер содан соң шақыру бойынша келе жатқан патрульдік полицияға оқ атқан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына келіп, тағы бір патрульдік көлікке оқ жаудырған. Осылайша, тағы екі қызметкерімізді жаралады. Артынша, ол оқиға орнынан қашып, тағы бір автокөлікті тоқтатқан. Онда шекара қызметінің аға лейтенанты отырған. Қылмыскер көлікпен Абай атындағы көшеге дейін жетіп қалмақшы болған. Алайда, шекара қызметінің өкілі қарсылық танытқан. Ол үшінші мекенжайға барған шағында біздің қызметкерлермен атысқан. Бір қызметкеріміз қаза тапты, екінші қызметкеріміз қылмыскерді жаралап, оның қолына кісен салды. Барлық қару тәркіленді.
Біздің қызметкерлерге оқ атқан тапаншаны Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан таптық. Өткен түнде, сағат 03:52-де бұл адам бір әйелді өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер түнде жеңіл жүрісті әйелдермен сөзге келген, бір әйел Өзбекстан елінің азаматшасы екен. Ол әйел отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен көліктің жарығын қосуды сұрайды, таксист айтқанын орындамаған соң ол бүгін қылмыс жасаған қарумен атқан. Сөйтіп, көлікті айдап әкеткен. Ол көлікті біз қаза болған әйелдің денесімен бірге таптық», – деді Қ.Қасымов.
Одан әрі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов Алматыда полицейлерге оқ жаудырған қылмыскер туралы айтып берді.
«Кулекбаев Руслан Алпысбайұлы, 1990 жылы 11 маусымда туған, Қызылорда облысының тумасы, бұның алдында Байқоңыр қаласында тұрған. Үйленген. Соңғы кездері Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрып келген, ұялы телефон сатумен айналысқан. 2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 178-бабы 2-бөлігі бойынша («Күш көрсету арқылы тонау») сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда облыстық сотымен ҚР ҚК-нің 251-бабы («Атыс қаруын заңсыз сатып алу және сақтау») бойынша 2 жылға және 11 айға бас бостандығынан айырылды. Колонияда салафиттерге қосылып кеткен», – деді ҰҚК-нің басшысы.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды.
– Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақтылы және толық ақпарат беріп отыруды тапсырды.
Суретті түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ