Алматыда кеше болған жағдайға байланысты Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин өз пікірімен бөлісті. Ол қылмыстық топтармен, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы күресте қоғам болып белсенді қолдау көрсету едәуір күш бола алатындығын айтады.
– Әрине, терроризмге қарсы күресте алдыңғы шепте еліміздің күштік құрылымдары темірдей тәртіп орнатып, табанды қарсылық көрсете алатындығы белгілі. Десек те, осы орайда оған қосымша көмек ретінде қоғам тарапынан белсенді қолдау көрсетілгені қажет. Мәселен, Facebook немесе WhatsApp сынды әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттар шапшаң тарайтындығын ескерсек, осы әлеуеттің өзін билік мүмкіндігінше өз пайдасына қолданғаны мақұл. Ресми түрде бекітіліп, расталған мәліметті таратуды айтпаған күннің өзінде, бұл желілердің әлеуеті күштік құрылымдардың көмекші құралы бола алатындығы сөзсіз. Яғни, қоғам тыныштығын бұзып жүрген бұзақыға қатысты бағыт-бағдарлар мен қандай да бір ақпараттарды алу арқылы күдіктіні қолға түсіруге әбден болады.
Ал енді теріс ағымның жетегінде кеткен радикалдардың не себепті күштік құрылымдарға ата жауындай өштесу себебін түсіндіруге тырысып көрейін. Олар көп ретте өздерінің арам ойларын жүзеге асыру үшін қару алып, қоғам тыныштығын бұзу арқылы елді үрейде ұстағысы келеді. Ондай ниетін іске асыруы үшін азғынға керек қару күштік құрылым мен полицейлердің қолында жүретіні белгілі. Міне, олардың құқық қорғау органдарының өкілдеріне шүйліккіш келетінінің себебі осы. Ендеше, «қаныпезердің қолына қару түскен соң, олар тек ел билігіне ғана қауіп төндіреді, қарапайым азаматтарға тиіспейді» деген ұғым ақылға қонымсыз. Сондықтан да, мұндай әрекет қашан да қоғам үшін өте қауіпті.
Жалпы, қазір мемлекет қоғам қауіпсіздігін басты назарға алып, азаматтардың амандығын сақтауда сан түрлі шараларды қолға алып жатыр. Қай елде болса да биліктің осындай әрекетке баратыны сөзсіз. Алматы қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қызыл деңгейі енгізілуінен-ақ жағдайдың алаңдатарлықтай екендігін әрқайсымыз түсіністікпен қабылдауымыз қажет. Оның бірден-бір белгісі – тұрғындар әрбір ескертуге құлақ асып, бейберекет жүрісті доғарып, үй-жайларынан шықпай, арнайы құрылымдардың ресми мәліметтерін ғана басшылыққа алуы керек.
Мен Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаға қатысты білдірген пікірімде экстремизм мен терроризм қатерінің ұзақмерзімді тренд екенін айтқан болатынмын. Қазір соны тағы бір еске түсіруіме тура келіп тұр. Өйткені, ендігі жерде біздің қоғам мен мемлекетіміз ұзаққа созылатын күреске дайындалуы тиіс. Оның үстіне мұндай қатермен біз ғана бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Соңғы күндердегі Франция мен Түркиядағы жағдайлар әлем назарын өзіне аударып, дүниені үрей құшағында қалдырды», – деді Е.Қарин.