19 Шілде, 2016

Депутаттар ел өңірлерін аралауда

308 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
19-07-parlament Парламент Мәжіліс Төраға­сы­ның орынбасары, «Нұр Отан» партия­сы фракциясының жетек­шісі Г.Исимбаева бастаған Мәжіліс депу­тат­тары Алматы қа­ла­сында Универ­сиада – 2017-ге арнап салынып жатқан нысандарды аралады. Депутаттар Г.Исимбаева, З.Аманжолова, О.Шишигина, А.Платонов алдымен 12 мың адамдық Мұз аренасында болды. Бұл мұз жамылғыларды волейболға, баскетболға, мини-футбол мен басқа да спорт ойындарына арналған алаңдарға айналдыру мүмкіндігі беріле отырып жобаланған көпфункционалды әмбебап кешен. Құрылыста жарықпен және дыбыспен жарақтандырудың және судьялықты техникалық жағынан қамтамасыз етудің ең жаңа технологиялары қолданылған. Мұз аренасы ең заманауи спорт жабдығымен және мүкәмалымен жарақтандырылатын болады. Халық қалаулыларының бүкіл­әлемдік қысқы студенттік жарыс­тарды ұйымдастырушылармен болған әңгімесінде салынып жатқан осы нысандарды ойындар өткізілгеннен кейін пайдалану, олардың халыққа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға техникалық жағынан қолжетімді болуы жөнінде мәселелер қозғалды. Универсиада-2017-ні дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның басшысы Наиль Нуровтың айтуынша, спорт кешенінің инфра­құрылымы халықаралық деңгейде жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Ол Алматы қаласының тұрғындары мен меймандары үшін жыл бойы спортпен айналысуға және ойын-сауық іс-шараларын өткізуге арнал­ған орталыққа айналады. «Әйтеуір, біздің балаларымызға заманауи бір нәрсе қалатын болды. Енді мәнерлеп сырғанауды, жүзу мен басқа да спорт түрлерін дамытуға болады. Біз Қазақстанның аумағында да лайық­ты спорт­шылар тәрбиелей алатын боламыз», – деді Ольга Шишигина. Сол күні парламентшілер «Рахат» кондитерлік фабрикасының ұжымымен де кездесті. Онда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, Прези­дент Жолдауының негізгі бағы­т­тарын, сондай-ақ, «Нұр Отан» пар­тиясының сайлауалды тұғырна­масын орындау жөнінде сөз болды. «Нұр Отан» партиясының сай­лауалды бағдарламасында белгі­ленген биік мақсаттарға жету үшін барлық жерде кәсіпкерлердің жұмысына барынша қолайлы жағдайлар жасалуға тиіс. Бұл істе соңғы жылдары өңірлерде билік құрылымдары бизнеске қолдау көрсетіп, оның тілегіне құлақ асып отыр. «Рахат» фабрикасы халықтың экономикалық және әлеуметтік көңіл-күйінің өзіндік барометрі бола алады. Егер өнім сұранысқа ие болып, адамдар оны сатып алып жатса, демек, олардың тәттіден дәм татуға мүмкіндігі бар деген сөз, бұл жаһандық дағдарысқа қарамастан, халық пен елдің экономикалық жай-күйінің тұрақты екенін білдіреді», – деп атап өтті Г.Исимбаева. Бұдан соң депутаттар Қазақ­станда диабеттен зардап шегетін адамдар үшін арнайы өнім шыға­руды игерген бірден-бір конди­терлік кәсіпорын болып табылатын «Рахаттың» өндірістік цехтарында болды. Бұл ассортиментке калориясы азайтылған және құрамындағы қант онымен теңдес табиғи шикізатпен алмастырылған бірнеше шоколад, кәмпит, печенье мен вафли атауы кіреді. Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Г.Щегельский мен С.Симонов Ақтөбе облысындағы сапары барысында Қарғалы ауданындағы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының нысандарында болды. Халық қалаулылары Бадамша ауылындағы күрделі жөндеу­ден өткізіліп жатқан жылу жүйесі­нің жұмыс қарқынымен таныс­ты, сонымен қатар, Қосестек елді мекенінің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Депутаттар Мә­жі­лісте қабылданатын маңызды заң жобалары туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыт­тарын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалу барысын талқылады. Мәжіліс депутаты З.Балиева Алматы облысына жасаған сапарында «Керуен+» пластмасса бұйымдарын өндіру зауытында болып, мектептер құрылысының барысымен танысты, сондай-ақ, балалардың жазғы демалыс лагерьлеріне де атбасын бұрды. Ол кәсіпорын шығаратын ба­ла­­лар­ға арналған тауарлардың қауіп­сіздігіне ерекше назар аударды және құры­лыс алаңдарында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жат­қан, жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп жатқан мек­тептердің сапасы мен оларды уақтылы пайдалануға беру мәсе­ле­леріне қызығушылық таныт­­ты. Мәжіліс депутаты балалардың жаз­ғы демалыс лагерьлерінде бо­­лып, ондағы демалыстың жақсы ұйым­дас­­тырылып жатқанын атап өтті. Мәжіліс депутаты Ж.Дүйсебаев Ақмола облысында Бұланды ауда­ны­ның аграршыларымен кездесті. Капитоновка ауылдық округін­де орналасқан «Журавлевка-1» ЖШС-да өткен кездесуде заң­на­маға дайындалып жатқан өзгеріс­тер, сондай-ақ, жергілікті өзін өзі басқару органдары төңірегінде әңгіме қозғалды. Ауыл тұрғын­дары­­ның алаңдаушылығын туғыза­тын өзекті мәселелердің бірі – жайы­л­ым­­дардың тапшылығы. Депутат атап өткендей, қазіргі уақыт­та жайы­лымдар туралы жаңа заң жобасы жұмысқа алынды, оның қабыл­дануы осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін өзі бас­­қару органдары жайлы айта келіп, Ж.Дүйсебаев 2018 жылдан бастап заң­намадағы өзгерістерге байланыс­ты олардың өз бюджеттерi болаты­­нын және оны қажеттіліктерге қарай өз бетінше бөлетіндерін хабарлады. Түстен кейін депутат «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғам­­­дық қабылдау бөлмесінде аза­­мат­тарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сенат депутаты Жабал Ерғалиев «Қазақстан» телерадиокор­порациясының Ақмола облыстық бөліміндегі «Өзекті әңгіме» бағдарламасына қатысты. Хабар барысында сенатор VI шақырылған Парламенттің жоғарғы палатасының бірінші сессиясының қорытындысы жайында айта келіп, Сенатта атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық реформалары мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалуын қамтамасыз ету үшін қажетті заңдар уақытында қабылданды. Сенат депутаттары Мәжілістің жаңа құрамы іске кіріскенше еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қажетті 57 заң, ал Парламент жыл басынан бері 73 заң қабылдады. Жоғарғы палатаның ұйымдас­тыруымен Астанада «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өтті. Әлемнің 41 мемлекетінен келген 200-ден астам делегат ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризм­ге қарсы күресті өрістетудегі Қазақ­станның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін жоғары бағалады. Қазақстан Прези­денті­нің «Әлем. XXI ғасыр» мани­фесі­нің тарихи маңызы атап өтілді. – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы Елбасының ұзақ жыл­дардан бері жүргізіп келе жатқан кемел саясатының жемісі, Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың жеңісі, – деп атап өтті сенатор. Телехабар барысында Ж.Ер­ғалиев телекөрермендердің жер мен тілге, өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық саласына қатысты сұрақ­тарына жауап қайтарды. «Егемен-ақпарат»