2016 жыл «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты Елбасы бағдарынан бастау алды. Онда Президент еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қадам баса отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі мақсаты мен «бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамымен» тең саналатын қазақстандық арманды құруға бет алғанымыз туралы атап өтті. Президенттің бастамасы сарапшылар қауымдастығы ортасында ерекше қызығушылық тудырды.
Осы бағдарламаның әлеуметтік негізі неде? Білім мен ғылым Қазақстанның жаңғыру үрдісі шарттарында қандай орынға ие болуы керек? Қазақстан дамуының жаңа парадигмалары қандай? Осы мәселелерді біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира ӘБДІРАЙЫМОВАМЕН талқылаймыз.
– Гүлмира Серікқызы, аталмыш бағдарламада Президент еліміздің 25 жылдық тәуелсіздігі тарихы шеңберінде жүргізілген реформаларға баға береді. Сіз реформалар бағдарламасы мен олардың идеологиялық тұғырнамасын қалай бағалар едіңіз?
– Өткенді сараптай келе, Елбасының әлеуметтік-инженерлік жобаны жүзеге асыру жолдарының стратегиялық тұрғыдан нақты есептелгені мен саяси сәттілігін бағаламау мүмкін емес: реформалар көлемі бойынша да, тереңдігі бойынша да нығайды. Өткен жылы реформаларды жан-жақты тереңдетуге бағытталған негізгі міндеттер айқындалды, жол картасы мен оны жүзеге асырудың жоспары қабылданды. Экономиканы, саясатты, мәдениет пен қоғамды сатылай жаңғырту секілді алға қойылған негізгі мақсаттарды жүзеге асыру «Мемлекет құрудың 100 нақты қадамын» қарқынды іске асырумен байланысты. Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуын жеделдету жолында мемлекет пен мемлекеттік басқарудың тиімді мүмкіндіктерін нығайту секілді алдымызға негізгі мақсат қойылған. Аталмыш мақсатқа жету жолында жаңа бағытты ұстану уақыты келді. 24 жыл өтті, негізгі реформалар өткеннің еншісінде, енді алдағы саясат – жауапкершілік пен жан-жақты талдауға негізделе отырып, оларды жүзеге асыру ісі. Барлық күштерді жұмылдыру мақсатымен Елбасы мемлекетті кәсібилендіру, инвестициялық тартымды елге айналу және ғылымды қажет ететін экономиканы құру іспеттес мәселелерді шешу үшін реформаларды жан-жақты тереңдетуге ерекше назар аударады.
Ұлт Жоспары – әрбір қазақстандықтың өзіндік жауапкершілігін сезінуі мен өзіне жүктелген міндеттемелерді орындау маңыздылығын түсінуінің жаңа интеллектуалдық ойлау деңгейі. Қазіргі әлемдік саяси тәжірибеде бұл сынды идеологиялық бағдарламалар стратегиялық жобалау мен болжаудың инновациялық парадигмасына негізделген құнды құжаттар болып табылады.
– Көптеген сарапшылар, сондай-ақ, шетелдік мамандар біздің Президент ұсынған бағдарламаның өміршең сипаты мен уақыттылығын атап көрсетеді. Жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында біз қандай шараларды жүзеге асыруымыз керек?
– Атқарылатын шаралардың орны мен уақытын дұрыс таңдау – Президент бағдарламасының айрықша сипаттарының бірі. Экономикамен қатар, саясатқа әсер еткен жаһандық дағдарыс уақытында елімізде өзгертулерді нығайту оңайға түспейтіні анық. Елбасының сыртқы инвестициялардың жаңа көздерін тарту бастамасы да осымен анықталған. Егер Сингапур «ғажайыбының» тарихына көз жүгіртсек, оның туындауының бірнеше буындарын атап өтуге болады: біріншіден, экономикада әлемдік нарықта бәсекелестікке қабілетті болуға баса назар аударылды, Сингапурға америкалық және өзге де трансұлттық шетелдік компаниялардың келуі мемлекет экономикасының гүлденуіне алып келді. Үкімет қуатты деп тапқан отандық және шетелдік кәсіпорындарды салықтан босатуы аталған елдің бизнес үшін қолайлы болуына және қарапайым азаматтардың кәсіпке ұмтылуына жол ашты. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымды дамытуға үлкен үлес қосты. Екіншіден, мәдениеттер алуандығы идеясы мемлекетте әртүрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-бірімен толеранттылық қарым-қатынаста өмір сүрулеріне мүмкіндік берді.
Жаңа мемлекеттің ұлттық идеясы – барлық азаматтарға заң мен әділеттік қағидалары аясында молшылықта өмір сүру ұмтылыстарын жүзеге асыруға мүмкіндіктер беретін оңтайлы прагматизм. «Әлем бізді асырауға міндетті емес», деген Ли Куан Юдің танымал сөзі ең жоғары әлеуметтік стандарттар бойынша өмір сүретін қоғамның құрылуына алып келді.
Алда атқарылар жауапты жұмыстар көп. Мемлекетіміз қазіргі кезде «экономикалық жаһандану жедел жүріп жатқан» және «халықаралық бәсекелестіктің күшейген» шарттарымен сипатталатын «жаңа жаһандық кеңістікте». Әлемдік тәртіптің жаңа моделін құру қажеттілігі заман талабына айналды. Қазақстан қарқынды даму жолында қажетті шараларды қабылдай отырып, құрылымдық қауіптерге төтеп бере алды, нәтижесінде жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Болашақта Президент бастамасымен даму, реформалау мен ашықтық саясатын әрі қарай дамыту әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз іспеттес.
– Елбасы маңызды реформалардың бірі ретінде атап өткен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру туралы сіздің ойыңыз қандай?
– Әлемдегі заманауи трендтер мен жаңалықтар мемлекеттік басқару аппаратын өзгертуді талап етеді. Кәсібилендіру мәселесі, әрине, барлық деңгейлер үшін маңызды, әсіресе, басқару тиімділігі мен нақтылығына негізделген, мемлекеттік басқару қызметінде ерекше мәнге ие. Мемлекеттік қызмет, бірінші кезекте, қоғам мүддесіне, әлеуметтік тұрақтылықты, қауіпсіздікті және экономиканың дамуы үшін қажетті барлық инфрақұрылымның тиімді қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлбетте, бұл жоғары мәдениетті, заманауи білімі мен кәсіби құзыреттіліктері бар, прогрессивті және креативті ойлауға қабілетті, ал ең бастысы, мемлекеттің тұрақты дамуы үшін өз жауапкершілігін сезіне алатын сапалы мамандарды талап етеді.
2015 жылы Қазақстан жастарының арасында жүргізілген сауалнама мәліметтері бойынша соңғы жылдары мемлекеттік шенеуніктің мансабына ұмтылатын жастар санының көбейгенін көрсетіп отыр. Жастардың 30%-ы мемлекеттік қызметті сәтті мансап құрудың тартымды жолы ретінде қарастырады. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 17 пайызды құраған болатын. Үлкен ұлттық компаниялар пен корпорацияларда жұмыс істеуді қалайтындардың саны өзгермеген (22%). Жастар қалайтын салалардың тізімінде бірінші орында қаржы және банк жүйесі (37%) тұр. Жастардың 10%-ы ғана білім беру жүйесінде жұмыс істеу ниетін білдірді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке шағын қала жастарының ұмтылыстары ірі мегаполис жастарымен салыстырғанда басым екендігін атап өтелік.
– Кез келген мемлекеттің бәсекелестікке қабілеттілігі адам капиталының даму деңгейімен анықталады. Сіздің пікіріңіз бойынша, Қазақстанның жаңғыру үрдістерінде білім мен ғылым қандай орынға ие болуы керек?
– Әрине, кез келген мемлекет өзінің бәсекелестікке қабілеттілігі мен әлемдік аренада өзіндік рөлін сақтап қалуы үшін жауапты. Мемлекеттің бәсекелестікке қабілеттілігі әлеуметтік саясаттың қуаттылығымен, денсаулық деңгейімен, сондай-ақ, білім мен ғылымның даму көрсеткішімен анықталады. Бұл мәнде, барлық бағдарламалық құжаттар әлеуметтік сипатқа ие болады. Елбасы ұсынған шаралар әлеуметтік саланың сапалық деңгейін жетілдіруге және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жоғарылатуға бағытталады. Жаңа әлеуметтік саясатты құру – қазіргі уақыттың негізгі мәселесі болып қала бермек.
Әлемнің барлық дамыған елдерінде білім мен ғылым институттарының даму деңгейі оның стратегиялық басымдықтарын анықтайды. 2010 жылдың өзінде Президент Н.Назарбаев білім саласына нақты міндет жүктеген болатын. 2020 жылға қарай Қазақстанның екі университеті әлемдік жоғары оқу орындарының топ-200 тізімінде бой көтеруі қажет. Бұл стратегиялық тұрғыдан, университеттердің – «ұлттық инновациялық жүйенің негізі» екендігін растайды.
Осы мақсатқа жету жолындағы біздің университетіміз – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетістіктерін атап өтпесем болмас. 2015 жылы университет өзінің бәсекелестікке қабілеттілігін әлемдік 800 университеттің ішінде 275-орын алып, қайта дәлелдеді. Бұл тек жай сандар ғана емес. Бұл жетістік – Елбасы атап өткен міндеттерді жүзеге асыру жолында ғалымдардың интеллектуалдық корпорациясының, бірнеше ұрпақ өкілдерінің күнделікті жасаған ерен еңбектерінің жемісі. Стратегиялық жоспардың, яғни
«нәтижеге бағытталған басқару жүйесі» негізінде қарапайым, бірақ маңызды қағидалар жатыр: жетістіктерді рейтингтік бағалау; факультеттер мен кафедралар деңгейіндегі өзін-өзі басқару; ғылым мен білімде интернационалдануды дамыту; халықаралық академиялық қауымдастыққа кіру мен жаңа бағдарламалар қабылдау; тұрақты аудит – халықаралық аккредиттік ұйымдар тарапынан білім сапасын бағалау; оқу ісіне тұрақты мониторинг жүргізу, студенттер арасында сауалнама жүргізу және жұмыс берушілер мен түлектер арасында кері байланыс орнату жүйесін құру. Ал ең басты қағида – жоғары корпоративті мәдениет пен этика негізінде қызмет ететін, бәсекелестікке қабілетті кәсіби білім беру мен ғылыми қауымдастықты құру. Бұл – біздің ықпалымыз және негізгі артықшылығымыз.
– Гүлмира Серікқызы, Ұлт Жоспарының басты аспектісі – қуатты құндылықтық негізге сүйенген ашық қоғамды құру. Сіз әлеуметтанушы ретінде «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасының қай тұсына баса назар аударасыз? Жаңа парадигма жас қазақстандықтардың дүниетанымдық және рухани құндылықтық құрылымының қалыптасуына қалай әсер етеді?
– Қазақстандық қоғамның әлеуметтік жобалануы мен жаңғыру үрдістері туралы сөз қозғағанда, әрине, біз еліміздің тарихи өткені мен жаңа ұрпаққа мұра етіп қалдыратын, олардың бойына сіңіретін дәстүрлі құндылықтарымызды әрқашан ұмытпауымыз қажет. Осы тұста Президенттің «Мәңгілік Ел» және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы сынды идеяларын азаматтық бірегейлік пен рухани құндылықтық негіздерінің қалыптасуы мен қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімнің орын алуы үшін үлкен маңызға ие екендігін атап өтуіміз қажет.
«Мәңгілік Ел» – азаматтылық, еңбексүйгіштік, толеранттылық, патриоттық, намысқорлық, теңдік, ғылым мен білім культі сынды құндылықтарды айқындайтын ұлттық ойлау негізімен қалыптасқан реформа. Қазақстан жастарының арасында жүргізілген зерттеулер жас ұлдарымыз бен қыздарымыздың 84%-ы өзін «қазақстандық» деп сәйкестендіретінін көрсетті. Алынған нәтижелер Қазақстанда негізгі құндылықтарға сүйене отырып, патриоттық сезімдегі азаматтық ұлтты қалыптастыру бастауларын жүзеге асыру мүмкіндіктерінің ауқымдылығын қайта дәлелдеді.
Әлеуметтанулық зерттеулер жас қазақстандықтардың құндылықтық құрылымындағы барлық өзгерістеріне өте сезімтал. Зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандық жастардың құндылықтық бағдарларында едәуір өзгерістер орын алғанын көре аламыз. 14-29 жас аралығындағы жас ұрпақ бірінші кезекте соңғы жылдардағы әлеуметтік өзгерістердің «жемісі» болып табылады. 2015 жылы жастарды зерттеуге бағытталған сауалнамалар нәтижесінен мысалдар келтірейік. Өзін «өте бақытты» және «жеткілікті деңгейде бақытты» деп санайтын жастардың саны 84,2%. Өздерін бақытсыз санайтын жастардың үлесі бір пайыздан төмен. 6,1% респондент аталған сұраққа жауап беруге қиналды.
Зерттеу барысында жастардың отбасылық құндылықтарды алға қоятыны анықталды: сауалнамаға қатысушылардың көп бөлігі үшін «берік отбасы – тұлғалық сәттіліктің басты көрсеткіші» ретінде бірінші орында тұр. Сонымен бірге, басым қазақстандықтар үшін өмірдің негізгі мәні өз еліне, отбасы мен жақындарына қызмет ету болып табылады.
Негізінен, Қазақстан жастары елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруды қолдайтыны белгілі болды. Зерттеу нәтижелері материалдық игіліктерден қол үзіп қалу қорқынышы жас ұрпақтың негізгі көшбасшы үш қорқынышының қатарына кіретіндігі анықталды. Жас ерекшелігі бойынша аталған қорқыныш жас ұлғая келе арта түсетіні белгілі болды (14-19 жаста – 37,30%, 20-24 жаста – 41,50% және 25-29 жаста – 52,10%).
Отанның өткені мен бүгінін бағалау ұлттық және азаматтық бірегейліктің мәні болып табылады. Өмір өзгереді, уақыт өте келе тарих парақтары түрліше сарапталып, бағалана бермек. Өзінің ел өміріне қатыстылығын сезіну, өзін елімен сәйкестендіру, өз елінің бүгіні мен ертеңін мақтан тұту патриотизмнің негізгі құраушысы болып табылады. Жастардың 82,1%-ы өз елінің тарихын мақтан тұтады, жастардың тең жартысы Қазақстанда туып-өскеніне шексіз қуанышты екендіктерін айтады. Жас қазақстандықтардың 87%-ы «өз елін өте жақсы көретіндігін және өз елінің тарихи мұраларын білетіндігін, оны есте сақтап қастерлейтіндігін» айтады.
Қорыта келе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасы жаңашыл ойларға, жаһандық экономикалық кеңістіктегі өзгерістерді саралаудың заманауи әдістемелік бағыттарына қаныққан құнды құжат екендігін айтқым келеді. Білуімше, ең бастысы, Қазақстанның бүгіні мен тарихи өткенінің жаңаша өлшеміне қадам баса отырып, елімізде ойлаудың жаңа дискурсы мен дамуының жаңа парадигмасын қалыптастыру жалпықазақстандық мақсат болмақ.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ