19 Шілде, 2016

Көп мәселенің кілті – көші-қонда

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19 07-sck Еліміздің кейбір өңірінде жұмыс күші жетіспей жатса, енді бір аймақтарда «екі қолға бір күрек іздеген» адамдардың қарасы басымдау. Сол себепті, Үкімет еліміздегі көші-қонды реттеу үрдісін халықты жұмыспен қамтуға, демографияны дамытуға тиімді пайдалануға мүдделі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының 2016 жылдың алғашқы жартысындағы жүзеге асырылу барысын түйіндеуге арнал­ған брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі­нің орынбасары Біржан Нұрымбетов осы туралы баяндады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына 78 мың 400 адам қатысты. Қазір олардың 32 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыса, тағы 750 адамның ішінара жұмысы бар», деді вице-министр. Бағдарламаға қатысқандардың арасында аз қамтылған 3 мың 340 адам бар, олардың 2 мың 500-ге жуығының мүмкіндігі шектеулі. Жоғарыда атап кеткеніміздей, Үкімет халықты бір орынға байланып отыра беретін ескі әдеттен арылтып, көші-қон үрдісін күшейтіп, сол арқылы жұмыссыздықты жоюға да бел шешіп кіріскені байқалады. Қазіргі таңда ел ішіндегі көші-қон үдерісін жандандырып, халықтың құлшынысын арттыруға тырысып отыр. Министрлік өкілі осы жиында айтып өткендей, республика бойынша экономикалық әлеуеті төмен 459 елді мекен бар екен. Сондай елді мекендердің тұрғындарын тыныс-тіршілігі қыз-қыз қайнаған жерлерге көшіру тұрғындардың өздері үшін де, ел экономикасы үшін де тиімді болмақ. Сол сияқты, Үкімет жұмыс кү­ші жетімсіз, халық көбейген жағ­­дай­да айдарынан жел естіруге бола­тын аймақтарды анықтап, сол өңір­лерге көшкен азаматтарға, отба­сы­ларға қолдау жасап отыр. Сол­түс­тік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан сынды облыс­тарға оңтүстік өңірдің азаматта­ры ниет білдірсе, мемлекет олар­ға қолдау көрсетуге қашанда әзір. Бұл туралы Б.Нұрымбетов «бірін­шіден, көші-қонға кеткен шы­ғын­дары өтеледі, ол әр отбасы үшін 50 айлық есептік көрсеткіш шама­сындағы қаражат. Екіншіден, отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК қара­жат беріледі. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге 5 миллион теңгеге дейін шағын несие беріледі», деді. Біржан Нұрымбетов биылғы жылы 320 отбасы осы үрдіс бойынша қоныс аударғанын, жыл соңына дейін тағы 200 отбасы оңтүстік өңірден солтүстіктегі елді мекендерге көшірілетінін жеткізді. Көші-қон үрдісінің жұмыс­сыз­дықпен күресте ғана емес, демо­графиялық ахуалды жақсартуға да септігі тиетін түрі бар. Мәселен, егер түрлі облыстар арасындағы көші-қонның қазіргі қарқыны өзгеріссіз қала берсе, 2050 жылға қарай ел халқының 55 пайызын оңтүстік өңірдің тұрғындары құрауы әбден мүмкін. Ал 2030 жылдарға қарай солтүстік облыстардағы халықтың саны 2030 жылдың өзінде 1 миллион адамға дейін азайып кетпек. Вице-министр арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі осындай болжамға жетелейтінін айтып отыр. Осы жиында айтылғандай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жалпы көлемі 100 миллиард теңге қаражат жұмсалады деп жоспарланған. «Ауылдық жерлерде жаңа өндіріс орындарын ашу қарқыны төмен екенін бәріміз білеміз. Сондықтан бұл жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға көбірек көңіл бөліп, қолдаған тиімдірек. Ол, бірінші кезекте, шағын несие беру арқылы жүргізіледі. Биыл шағын несие беруге бөлінген қаражат едәуір көбейді. Бұған дейін жыл сайын 10 миллиард шамасында бөлініп келсе, биыл 30 миллиард теңгеге дейін жетті. Соның арқасында 9 мыңнан астам адам шағын несие алып, кәсіпкерлік бас­тайды. Кәсіпкерлер 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашады деп жос­парлап отырмыз. 1 шілдедегі есеп бойынша, 2 871 адам шағын несие алып, 2 708 жаңа жұмыс орындарын ашты», дейді вице-министр. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі эконо­микалық белсенді азаматтардың үлесі 8 миллион 907 мың адамды құрайды. Олардың ішінде жұ­мы­ссыздардың саны 45 мыңға жуықтайды.

Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»