Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ынтымақтас моделін таңдады. Негізгі принцип – үш жақты, ынтымақты жауапкершілік. Дәлірек айтқанда, денсаулық сақтау саласына үш жақтан қаржы бөлінеді. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлесе, жұмыс берушілер – өзінің жұмысшылары үшін, салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.
Енді халық денсаулығына үш жақ жауапты: мемлекет, жұмыс беруші және әрбір азамат. Мемлекет өзінің азаматтары үшін жарна төлесе, жұмыс берушілер – өз жұмысшылары үшін, ал әрбір азамат өз денсаулығына көңіл бөліп, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанып, уақтылы профилактикалық тексерулерден өтуге міндетті.
2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бекітілген нормативтерге сәйкес жарна төлеуді бастайды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әрбір Қазақстан азаматының қандай жағдай болса да мамандандырылған медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа моделі. Тұрғындар үшін арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуды қамтамасыз ететін жүйе. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесінің бюджетін көбейтеді.
Бұл жүйе арқылы азаматтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады, атап айтқанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакеті және сақтандыру пакеті. Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
Әрине, медициналық сақтандыру жүйесінде біз бұрын да жұмыс істеп көргенбіз. Бірақ, ол кезде халық дайын емес болғандықтан, көпке ұзамады. Сол кезде мен медициналық сақтандыруды еңгізу тобының мүшесі ретінде қызмет атқарған болатынмын.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық мекемелерге қойылатын талаптар да жоғары. МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Жаңа технологияларды енгізуге ықпал етіп, медициналық қызметтерді ұсынушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру есебінен медициналық қызметтің сапасын көтеруге, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен жалақысын арттыруға көмектеседі деп күтілуде. Медициналық мекемелер жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге ынталанады. Сол себептен нағыз бәсекелестік осы кезден басталады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен мекемелер басым құқыққа ие болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелі түрде жұмыс істей бастағасын азаматтар сақтандыру полисі арқылы толық және сапалы тегін медициналық көмектің қолжетімдігіне көзі жетіп, өз қалтасынан жекеменшік медициналық қызметтерге жүгінуді азайтады. Сол кезде жалпы ішкі өнімнің денсаулық сақтауға жалпы шығындары өсуі мүмкін.
Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдауға құқығы берілген және оларды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Сонымен қатар, азаматтардың жоспарлы түрде медициналық көмек алу жағдайларында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды таңдауға да құқықтар берілген.
Әнуарбек МАЙМАҚОВ,
ОҚО балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері
Оңтүстік Қазақстан облысы