Египет президенті Хосни Мубарак Каирдегі қақтығыстарды тергеу бойынша тәуелсіз комиссия құру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлады «Россия-24» телеарнасы. Оның міндеті – ереуілшілерге қарсы қолданылған заңға қайшы деген әрекеттерді барынша объективті түрде зерттеу.
Соның алдында жаңа министрлер кабинетінің бірінші отырысы өтіп, үкімет мемлекеттік қызметшілердің еңбекақыларын 15 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдады. Оның сыртында коменданттық сағаттың уақытын қысқарту туралы да шешім қабылданды. Каирдегі наразы топтардың саны қазір бұрынғыдай көп емес. Адамдар қалыпты өмірлеріне қайта оралуда.
Оңтүстік Судан егемендігін шілдеде танымақ
АҚШ президенті Барак Обама Оңтүстік Суданның егемендігін 2011 жылдың шілдесінде танитындығына уәде берді. Ол африкалық елді референдумды табысты өткізуімен құттықтады, деп хабарлады «Ассошейтед Пресс» агенттігі.
Елдің тәуелсіз екі мемлекетке бөлінуі 2011 жылдың 9 шілдесіне белгіленген. Оған дейін тараптар елді бөлудің шарттарымен келісіп, атап айтқанда, шекараны белгілеп, сонымен бірге Судан мұнайының төрттен бірінен астамы өндірілетін Абьей шекаралас ауданының кімге тиетінін анықтаулары керек.
Румыния 5 миллиард еуро көмек алмақшы
Халықаралық валюта қоры мен Еуропа одағы Румынияға 5 миллиард еуро көлемінде несие бөлмек ниетте, деп хабарлайды «Ассошейтед Пресс». Ел президенті Траян Бэсескудің айтуынша, тұрақтандыру кредиті күтпеген жағдайлар туа қалған сәттер үшін қажет болмақ.
Румыния ХВҚ, Бүкіләлемдік банк және Еуроодақпен 20 миллиард еуро кредит алу жөнінде 2009 жылдың мамырында уағдаласқан болатын. Бірақ елдегі саяси дағдарысқа байланысты 2010 жылдың қарашасында қаржыландыру тоқтатылып, биылғы қаңтардан ол қайта басталып отыр.