Таяуда арқа төрінде Астана-Қарағанды қаласының өнерпаздарынан құралған командалар арасында шағын футболдан V «Қасым» кубогы сарапқа салынды. Кезекті доп додасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың
150 жылдығына арналды.
«Ең бірінші, шахталы шаһарға қош келдіңіздер. Қасым Аманжолов атындағы турнир тағы да өзінің жалғасын тауып жатыр. Бұл жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Астана өнер жұлдыздары мен Қарағанды өнерпаздарының арасындағы достықты одан әрі нығайта түсу. Осы үрдісті үзіп алмай, жыл сайын жиналып тұрсақ, бұл да бірлігіміздің бір белгісі емес пе?», – деді айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов.
Әдебиет пен мәдениет өкілдерін көк алаңнан көру қызығарлық дүние болды. Олай дейтініміз, олар тек ән айтып, домбыра тартып, қойылым қойып қана емес, ала доп аламанында да алғырлық таныта алатынын байқадық. Қос қаланың намысын қорғаймыз деп келген қос команданың ширақ қимылы мен шебер әдістері «ә» дегеннен көріне бастады. Бірінші бөлімді, яғни алғашқы 45 минуттың аяқ алысына ақын Руслан Нұрбай комментаторлық жасап, ойынның барысын әзіл араластырып, әңгімелеп отырды.
Ал екінші таймда комментаторлықтың тізгінін «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы Серік Сағынтай ұстап, екі команданың ойын өрнектерін сырлы сөзбен суреттеді. Оның «Алда жүрген Айтбай ма, қорғанысқа қайтпай ма?» деп ұйқастыра сөйлегеніне көрермендер қол соғып, бір күліп алды. +35 градус ыстыққа қарамастан, соңғы бөлімге берілген 45 минут ойын жоғары дәрежеде өтті. Дегенмен, жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар емес пе? Сонымен, бір жарым сағатқа созылған доп додасы алаң иелерінің пайдасына шешілді. Екі таймда да ерекше екпін танытқан елордалықтардың еңсесі түскен жоқ. Жалпы, қорытынды бойынша 3-2 есебімен басым түскен Қарағанды қаласының командасы кубоктың иесі атанды. Басқа ойыншыларға әртүрлі аталым бойынша марапат қағаздары табыс етілді. Дәлірек айтсақ, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды...» Үздік бапкер – Мирас Құттыбай (Қарағанды облысы, Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы), «Жас дәурен, ризамын мен саған...» Ең әдемі гол – Нұрбек Әділбек (Астана қаласы «Жастар» театрының актері), «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» Үздік қақпашы – Мұратбек Бейсенбаев (Астана қаласы Қуыршақ театрының актері), «Өртке тиген дауылдай...» Үздік шабуылшы – Қайнар Әлетаев («Базар жоқ» театрының актері), «Мен қалған бір атаның ғасырымын...» Үздік ойыншы – Әділ Ахметов (Астана қаласы Жастар театрының актері), «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде...» Үздік жартылай қорғаушы – Бек Шмат (Астана қаласы. Айтыскер ақын), «Қиялым қақты қанат...» Үздік жанкүйер – Марал Дадиева (Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақ тілін дамыту орталығының маманы), «Түсірген ой сәулесін шартарапқа...» Үздік ұйымдастырушы – Марғұлан Уәли («Базар жоқ» театрының сценарисі), «Қолымда найза, шағылып айға...»Үздік қорғаушы – Алмаз Мырзахмет (ақын, жазушы, «Қасым» республикалық əдеби-қоғамдық журналының жауапты хатшысы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы).
Ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша аталмыш аламанның келесі кездесуі Жезқазған жерінде өтеді деп жоспарлануда.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ