09 Ақпан, 2011

Заң заңғары

567 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Салық Зиманов – 90

Академик Зиманов – Сәт­баевтың көзі тірісінде ұлт ардақ­тысы ретінде бір қатарға ілінген сирек жандардың бірі. Еңбегімен, дарынымен Қазақстанның ары мен даңқын асқақтатты. Ел тағ­ды­рының елеулі мәселе­лерін шешудегі қызметінің ма­ңыз­дылығы жөнінде онымен тай­та­ласқа түсер ғалым табылмас. Бұл – тек Зиманов атты құбы­лыс­қа тән қасиет пен дәреже. Міне, енді осы ойшыл-ғалым­ның туғанына 90 жыл толып отыр­­ған шағында шығарма­шылы­ғына деген қызығушылық жыл­дан-жыл­ға толастамай, арта түсуі­нің куәсі болудамыз. Мәдениет өрісі үнемі жеке сана мен жалпыға ортақ сана орта­сында құбылуға мәжбүр. Кез келген тоталитарлық жү­йе­нің мақсаты – фабрика мен зауыт­тарға ғана иелік етіп қоймай, әр адамның санасын билеуге тырыса­ды, осыған орай жас күнінен адам­дар­дың ақыл-ойын тұмшалап, сұ­рау­ларға дайын жауаптарды жаттатқызады. Біздің қоғамымызда тәуелсіз­дік алған сәтімізден бастап сана­ның ерекше жекешелену үрдісі белең ала бастады. Салық Зиманов кеңестік ағар­ту саласында білім алғанымен бала күнінен санасында «неліктені» көп өсіруіне сай «жабулы қазан» күйін­дегі жалпы ағымға сыймады. Керісінше, «жалпыға ортақ» санаға қар­сы шықты. Сол кезеңнің өзінде то­талитарлық жү­йе­нің қойыл­ған сұ­рақ­тарға да­йын тұратын, жаттан­ды жауап­тары­нан бойын алшақ ұстады. Жастайынан таңдаған кәсібі­нің шыңын игеруге ұмтылған ол Достоевский қағидасына сай әре­кетімен әріптестерінің арасын­да шебер тұлғалығымен ерекшеленді. Салық Зимановтың тұлға ретіндегі ерекшелігі – ғылымдағы өрлеу жолы. Ол әскери қызметін Отан со­ғы­сында қатардағы жауынгер бо­лып бастап, полк командирі ретін­де аяқ­тайды. 2 жыл одақтық заң инсти­тутында сырттай оқып бітіріп, кан­дидаттық диссерта­циясын табысты қорғап, 31 жасында Қа­зақ­стан Ғы­лым Академиясының Заң инсти­туты­ның директоры бо­лып таға­йын­далып, Қазақстан тарихында заң ғылымдарының алғашқы академигі болып сайланады. Ғылыми атақтар мен дәреже­лердің жаппай таратылысы зама­нында академик Зиманов өзінің ақыл-ойының деңгейімен, рухани дүниесінің тереңдігімен ат төбе­ліндей аз топқа жатады. Ешкімнің жолын қиғаш кеспей, қалың топ­қа қосылмай, табыс жолында көп нәрсені құрбандыққа шалып, өк­пе­сі өшіп озам деушілерге бөгет болмай, өзі қалаған қалпында өмір сүреді. Өзі үшін де, өзге үшін де ештеңені дәлелдеуге ты­рыс­пайды, еңбегі үшін күнделікті қолпаштауды қажет етпейді. Егер «зиялы» ұғымына білімнен басқа адамның бойындағы адамгершілік бастауы – ар-ұят деңгейін енгізумен тарамға сал­сақ, сиреп қалған қатардан академик Зимановтың табылары сөзсіз. Біздің қоғамымызда «мәселе­нің құны» туралы сөз жиі айты­латын болды, яғни, «әр адамның өз құны бар және әркіммен дү­ние-байлық деңгейінде келісім жасап, сауда нарығын белгілеуге болады» деген ой үстемдік етеді. Өкінішке қарай, бүгінгі өміріміз адамгершілік өлшемдерімен өл­шену­д­ен қа­шықтап бара жатқандай. Қоғамымыздың басты мәселе­лерін салмақтауда мемлекет те пай­да жағына қарай жығылады. Адамгершілік сипатты сақтау кө­леңкеде қала беретін сияқты. Мә­се­ле осылай өрбіген жағдайда жа­лаң пайда мен істің қалтаға түсер нәтижесін ғана көздеу, құл­қын­ның құлы болу секілді қылықтар алға шығуы таңырқарлық болмас. Мемлекеттік шенеуніктер арасын­да белең алған жемқорлықтың түп-тамыры да қоғамдағы осын­дай көңіл-күйдің салдары шығар. Сондықтан мұндай бағытта ой пішетін жанды «зиялы» деп қалай атармыз? Зиманов сияқты шынайы зия­лы жандар үшін өмірде рухани байлық тек жоғары деңгейден көрінері хақ. Бүгінде қоғамда білімге ұм­ты­лу емес, дипломның соңына түсу сияқ­ты кері құбылыс белең алған. Қоғамдық халыққа қызмет көр­се­ту мен денсаулық сақтау сала­лары «дә­йекшілік» бейнесіне әб­ден бейімделіп алып, ақша тікелей үстем­дік етіп, қалың қалтаға мойын­ұсын­ған заманға қарай бет алған сияқты. Ақыл-ой еңбегінің меселі мық­­ты болуы үшін диплом мен аттес­тат­тарды оң мен солға үлес­тіруден алшақ кеткен жөн, өз-өзімізді сый­лауға үйренетін уақыт жеткендей. Ал ғылымды, биік мә­дениет пен жоғары техно­логия­ларды таңдаған­дар маңдай терін төкпей таңдау­лылар санатына қосыла алмайды. Академик Зимановты күрделі адам атайтындар баршылық, себебі бөгде адам үшін жан дү­ниесінің есігі жабық көрінеді. Бі­рақ, Зиманов аса құнды ғылыми еңбектерінің беттерінде өз әлемі­нің есігін айқара ашады. Еркіндік – Зиманов өмірі мен кәсібінің өзегі, ғылыми қызметі­нің «қызыл сызығы». Академик Зиманов – 90-шы жылдарда өз алдына өріс құрып, мемлекетке сүйенуді өткен уақыт еншісіне қалдырып, еркін сам­ғауға бел буған алғашқы отандық ғалымдарымыздың бірі. Өз әлемінде «өзі – қожа, өзі – би», шынайы шығармашылық еркіндікті қалайтын құбылыс. Өзі таңдаған ерікті өмірінде уақыт талабына сай тұрды, отан­дық көрнекті ғалым есіміне ла­йық еңбегі жалғасын тапты. Зиманов әлемімен, оның айна­ласымен ұзаққа созылған таныс-­ тығымның біртіндеп жақындыққа ұласып, жан дүниемді жаулап алуы – өмірімде орын алған тамаша құбылыстардың бірі. Осы жанның келбетін көрген сайын көңілім шат болады: мы­ғым келген, тарамыс, ұзын бой­лы, көреген көзді. Жаратылысы  ерекше, қоғам үшін шоқтығы ас­қақ тұрған тұлға болғанымен, тұр­паты – көптің біріндей, қара­пайым. Академик Зимановпен ал­ғаш жүздескен сәтім – оның ерен есімі елге танылып, айналасы аңызға толған шағы болатын. Түрлі басқосу, салтанаттарда жұбымыз бір, қатарымыз ортақ жүрсек те, оның үлкен ізді, оюлы орны – әрдайым ілгері. Әрине, табиғатынан сом кесектей, тума дарын иесінің ұсақ жан болуы мүмкін емес. Қайда жүрсек те: ірі мәжілістер мен алуан конференциялар, кіші-гірім жиындар бол­сын – тұлғасы назарымнан қалған емес. Адам баласын алаламай, кім­ге болса да кішіпейіл, тең көз­қарас көрсетіп, биіктігінен сал­қын самал емес, жылы нұр еседі. «Заң әлемінің патшасы» атан­ған, академиктің дара дарынының алдында мемлекеттік дәрежедегі қайраткерлердің бәрі бас иіп, ізет көрсетеді, оның ғылымдағы озық орны мен ұзақ та белсенді ғұ­мы­ры кімді болсын таңғал­ды­рып, қы­зығушылық сезімін де тудыр­май қоймайтындығы айқын. Ұс­та-уа­қыттың көрігінен басылып шық­қан­дай сара сөзі жалпы ауқым­ға сия бермейтін жүрдек ой-түйсі­гін жария етіп, шыңдала түсуде. Оның ел мен елдің өткеніне, қоғамның қазіргі жағдайына қа­тысты азаматтық көзқарасынан істі ақылмен шешетін ғалым­ды­ғын тануға болады. Ал биік мінбеге шығып сөй­леген сөзімен қаніпезерді де ұйыт­­пай қоймайды, бұл кездейсоқ қа­сиет емес. Салық Зиманов – еліміздің маң­­дайына біткен бір­туар тұлға, тәуелсіздік туы желбірегеннен бас­тап қоға­мымыз­дың ұстай­тын бағыты мен жүре­тін жолын айқындап беруде. 1997-98 жыл­дары жарық көрген «Қазақ­стан Респуб­ли­касының Конститу­циясы мен Парламенті», «КСРО дербес­те­нуінің теориясы мен практикасы» моно­гра­фиялары – тәуел­сіз Қазақстанның да­мып, өркендеу жол­дарының теңдессіз та­рихының бейнесі. Осыдан он жыл бұрын өмірлік серігі Шәрбану Бат­тал­қы­зы­нан айрылған сә­тінде ол барлық жа­қын­дары мен туғандарына Шәр­бану Батталовнаның бата ретінде ақша ұсыну рәсіміне қарсы аманатын жариялады. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда киім киісі ескі сәнге сай көрінеді: костюм, пальто, кеңес заманының құлақшыны. Үй жабдығы – түстенетін және жазу үстелдерінің, орындықтардың да сәні бұрынғыша. Қос академиктің жалақысына тұрғызылған, еш ерекшеліксіз үй жапсары шағын ғана жерде орналасқан. Ұзақ уақыт бойы мінген кеңес заманының көнекөз «Волгасын» таяуда ғана шетелдік, ортанқол көлікке айырбастады. Достары­ның қонаққа, жиналыстарға апа­рып салу жайлы лебізін қабыл алғанын көрмеппін. Академик тұрмысынан алын­ған осы жайттар біраз сауалдарға негіз болатындығы анық, құрметі зор, дәрежесі биік ғалым күн­де­лікті өмірде қарапайым заттарды місе тұтып ғұмыр кешеді. Ал адами, негіздік құндылықтар дең­гейінен алғанда ол ең жоғары сатыға көтерілген жан. Әрине, күнделікті күнкөріс қамын қамтып, «таңдаған асы – алдында» болғалы біршама уақыт болды, өзінің ешкімнен және еш­теңеден тәуелсіз, ырықты жағ­да­йында қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лықты дүние байлығы мол адамнан гөрі тереңірек сезінетін секілді. Жақын­да­ры­на бай адам­дар­дың қолы жете бермейтін қам­қорлық көрсетеді, қоршаған орта­сында құрмет иесі, қыз­ме­тінде озық­­тардан озық шы­ғып, тең­дессіз та­быстарға қол жет­кіз­ген, кәсіби мүмкін­дік­терін жаңа бағытта шы­ң­­­дауға кіріскен жан. Соңғы жыл­­­да­ры Салық Зи­ма­новты негіздік құн­­дылықтар сатысы­ның ең жо­ғары сатысы – ру­ханилық деңгей тол­ғандыруда, өзін-өзі тану мә­селесі арқылы бағындырмақ жаңа бе­­лестері – өмірдің мәнін ашу, әлемнің айқын бейнесін жасау. Зимановтың қо­ғам­дағы ала­тын айрық­ша орнына еш жанның таласы жоқ, себебі, ол атқарып, басқарған әділеттің әділ ісінің сара жолы басқаға тек үлгі болып қала бермек. Бүгінде қызық құбылысты ба­қылауға болады. Кез келген адам негіздік қажеттіліктер саты­сы тұрғысынан алғанда, қамтамасыз етілу деңгейіне қарамастан өзін кедей сезінуі мүмкін. Кейбір мемлекеттік қызметтегі немесе іскерлікті меңгерген та­быс­ты жандардың өмірге деген сенім-сезімдерінің ұдайы еместігін байқадым. Себебі, олардың бүгінгі ыры­сы­ның негізі – тым осал. Олар өздерінің бай ахуалына билік басындағы құрығы ұзын, керекті адамдарды пайдаланып жеткен. Арадағы байланыс үзілсе болды, айналысқан істері күйреп, қызмет орнынан айрылады. Керекті бай­ла­ныстардың арқасында мұндай жандардың ауызы салымды, ескегі есіп, қайығы жүзеді, бірақ ілгерілеу мен даму дегеніміз – жоқтың қасы болып қала бермек. Бұл жағдайда адам өзін қалай­ша бай сезінбек? Әлбетте, сезіне ал­майды, себебі, дүние-байлыққа бай болғанмен олардың жаны – жұтаң, олар кедейлік пен жоқшы­лықтың жаңа түріне – даму мен ілгерілеу мүмкіншіліктерінің шек­телуіне шал­дыққан. Олардың кедейлігі – көзге көрінбейтін, бірақ елді індеттей жайлаған, қажет қауіпті көрініс. Академик Зиманов – білімнің құлашы зор, қайнар көзі бола отырып, тұтас қоғам өміріне даму бағытын көрсетіп, айқын жол сілтей алатын саусақпен санарлық, ерен тұлғалардың бірі. Таңғалдырудан танбайтын дарынының жан-жақтылығы тарихи, саяси үрдістердің терең қа­бат­тарына бойлап, ой-қызмет өрі­сін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Тарих тұңғиығына бойлай оты­рып әлемдік заң саласында кездеспейтін ерекше деректерді жарыққа шығарады, көшпенді халықтың сот жүйесін сараптап, заманауи заң саласының үлесіне ұсынады. Академик Зиманов тек соңғы уақыттың өзінде құндылығы тең­дессіз кітаптар топтамасын жариялап, уақыт көшінің алдыңғы қа­тарынан табылған жан. Жас ұр­пақ­қа берер тағылымы қоғам­ның қозғаушы және қолдаушы күші ретінде әлі де ұзақ уақыт бойы таптырмайтын қазына іспеттес болып қалатындығы хақ. Қоғам өміріндегі түрлі жайттар мен оқиғаларға қатысты пікірінде шынайы азаматтық жауапкершілік, біліктілік пен негізділік аңғарылады, қоғамдық сананың жылдар бойы қалыптасқан та­ным­дарына күмән тудырып қана қоймай, дәлелді түрде теріске шығарған кездері де баршылық. Салық Зиманов – тек академия­лық дәрежедегі ғалым ғана емес, өмірге құштарлығы зор, жаны жай­саң, көңілі ширақ адам, акаде­мия­лық ғалымдарға таңыла­тын «тақуа» мінез оған тән емес. Ашық та ай­қын, астарлы да мәнді, қарапайым және жалпыға жетімді сөзі, ық­шамды да нақты ойы әрдайым белгісіз дүниенің есігін ашып, белгілі нәрсені жаңа қырынан көрсетеді. Зимановтың алуан кездесулер мен мәжілістерге, республикалық немесе халықаралық конферен­ция­ларға қатысуы жоғарғы сапа белгісін білдіреді. Заңгер-ғалым ретінде заң ғылымының төрін ием­денуіне сай саналы ғұмы­рында адамзатқа әділдік әлемін орнатуды арман еткен жан. Ғалымдығы мен азамат­тық көзқарасы – өзара тең, биік дә­ре­жеде. Үнсіз қалуды ұнатпайтын Зиманов сөзінің салмағы ұлттық дең­гейде өлшенеді. Зимановтың өткір тілі – әділет майданында әрдайым жеңіс әкелген қарымды қаруы. Академик Зиманов – қатаң тәртіп пен ұстанымның адамы. Бір табысты іскер азаматтың соңына шенеуніктер шырақ алып түскен кезде қоғамда беделі жоғары адам­ға мұндай мәселеге салғырттық жасау дұрыс еместігі жөнінде тайсалмай ескерткен болатын. Әрдайым әділ шешім түйетін әзіз мінезі осындай. Академик Зиманов үнемі асқар азаматтық көзқарасын ту етіп, дарынға – демеу, адамгершілікке – сүйеу болған қалпынан танбайды. Қазіргі өмір сүріп отырған қоғамымызға сіңіп, етіміз үйрен­ген аса жат қылықтың бірі – адам­ның ар-ұятын, ұстаным­дарын судыра­ған, сұм ақшамен есептеп, бағалау. Бұрынырақ дүние-байлық, ақ­ша-атақ, билеп-төстеу жолында алдау-арбау, ұрлық-қарлыққа ба­рып, әлімжеттік жасайтын жандар адами қарым-қатынас құн­ды­лықтары жү­йе­сінен аластатылып, «шектен шы­ғушылар» аталып, «жүгенсіздер» қатарына жатқызылатын.  Ал қазір болса, мұндай жүген­сіздікке батыл қарсы шығып, ар соғысын жариялап, әділет күресін ашатын, қайыспайтын қайсар жан­дар тағы да «шектен шығу­шылар» болып отыр, шегіміздің шені қалай өзгергенін байқайсыз ба ? Қоршаған ортамызды жайла­ған әділетсіздік індетіне, заң күшінің әлсіздігіне қарай отырып осындай жаңа заманғы «шектен шығушы» жан – академик Зиманов жеке адам­ның ғана емес, тұтас қоғам­ның тағдыры үшін, ал аса ауырт­палықты шақтарда ұлт мүддесін қорғау жолында арпалысады. Әлемге аты әйгілі, 1986 жыл­дың қақаған желтоқсанында өт­кен Қазақстан КП ОК бірінші хатшы­сы Колбинмен кездесуде республика қайраткерлерінің ішінде жал­ғыз болып Республика алаңы­на жина­лып, билік алдында тайсалмай ерік-тілегін білдірген жас­тарға «ұлт­шыл» деген айып тағы­лып, соттың қудалауына қарсы шыққан осы академик Зиманов болатын. «Өліспей – беріспейтін» шына­йы күрескер, көрнекті ғалым осы­лайша өр жаратылысын өмірлік азаматтық бағдарламасына айнал­дырып, ты­ным­сыз тіршілік етеді. Парламент мәжілістері, халықара­лық форумдар, Ұлттық ғылым ака­демиясының сес­сиялары мінберлерінде үні жар­қын шығуда, өтпелі кезең­нің ғылы­ми кеңес­терін өткі­зіп, бірінші дәре­желі заңгерлерді баулып шыға­рып, ғылы­ми бағдар­ламаларға жетекшілік етіп, сайыс­тарды басқарып, жас ғалым­дарды қолдайды, жарық көр­ген мо­но­­гра­фиялары мен мақалалар легі толас­таған емес. Болаттай берік ұстанымды, сәй­­гүліктей асау ырықты жан Салық Зиманов өмірін шығар­машылық ең­бегімен өрнектеп, ғасырға жуық ғұмыр кешуде. Төрегелді ШАРМАНОВ, академик.