20 Шілде, 2016

Субұрқақ реттеуші

821 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_0024-1 Біздің орамның тұрғындары жұмыс орындарына орталық саябақ арқылы өтеді. Өзге көшелердегі көршілеріміз де осы жол­ды қалап тұратынын байқаймыз. Бұл түсінікті. Жаңа күнді көкорай белді кешіп өтіп бастаған қандай жақсы!.. Саябақтың жасауы үнемі жарқырап тұрады. Әсіресе, субұрқақтармен сыр жа­рыстырып, қиял тербеткенге не жет­сін. Бұл бақта олар төртеу. Бір-біріне ұқ­самайды. Орналастырылуы, безендірілуі, қайнар бұлақтай көкке атылған мөлдір судың көлемі, әдемі ырғақтағы тербелісі, былдыр-былдыр бал үні өзіне тартып, еліктіріп алады. Жадырап қаласың. Күні бойы осы ғажап көріністің әрі танбайды. Үлкен мен кіші түгел мәз. Ду-думан әсте тар­қамайды. Бұл жерге көгершіндер де құмар. Су жарықтық ақ жайма болып аспанға атыл­ғанда арасынан кемпірқосақ ойнайды. Балалар үшін бұдан артық алақай қуа­ныш жоқ шығар. Көбісі құшағын жайып, сол кемпірқосақтың аясына еніп бара жат­қандағы суретті айтсаңызшы! Жас жұбайлардың гүлжазира жүзі шырайланып, ақсақалдардың жарасымды кеңесіне кенелесің. Сұлулыққа елітіп отырып, осы көрініс­терді жасайтын кімдер деген ой оралады қапелімде. Ертерек тұрып, дене жазып жүгіре қалсаңыз, субұрқақтарға, жан беретін балаң жігітті көрер едіңіз. Жан-тәні алдындағы амалына ау­ған оны әңгімеге тарту да қиянат сияқты. Жа­­­қында оның сәті түсті. Екінді кезінде маңдайындағы терін сүртіп тұрған саябыр шаққа тап келдім. Аты-жөні Алмаз Сәлімов екен. Көкшенің Қарағаш ауылынан. Орта мектепті бітіріп, облыс орталығындағы жоғары техникалық колледждің құрылыс бөліміне түсіпті. Қазір төртінші курста. – Айналайын, бұл кәсіпке қалай келдің? – деймін жайлап қана. – Мен субұрқақты бірінші рет осында көрдім, – деді ақырын. Жүзі жанып барып, көзі жайнай қал­ғанына қайранмын. Жігерлі жандарға қо­сып, қуандым. – Үнемі осы жерге келгім келеді де тұрады, – деп жалғастырды сөзін Алмаз. – Былтыр мамыр айында Руслан Төлентаев деген ағай сөзге тартты. Біраз жағдайларды сұрастыра келіп, «Фонтаншы болғың келе ме? Қаласаң, жазғы каникулыңда бізбен бірге жұмыс істеуіңе болады», – деді. Бірден келістім. Арғы жағын бүгіп қалды. Жорамал­даудың да қажеті жоқ. Әрине, әке-шешесі әуелде қарсы болған. Жазғы уақытта жал­ғыз баласының жанында жүргенін қалайды ғой. Әрі малдың шөбін, қыстың отынын қамдайтын шақ. «Фонтаншы боламын дегені несі» дегендей... Шындығында, субұрқақ реттеуші оңай жұмыс емес. Алмаз өзінің жанындағы үш әріптесімен Көкшетаудың көрікті жеріндегі жеті фонтанға қызмет көрсетеді. Қала­лық тұрғын үй-коммуналдық қызмет ме­кемесінің басшысы Лашынтай Дүйсенов пен белгілі маман Марат Айжарықовтың қамқорлық тұрғысындағы талабы да қанат бітіргендей. Олардан көп үйренгені көрініп-ақ тұр. Жеті субұрқақтың екеуі Қылшақты өзенінің қалаға кіреберіс аңғарында, біреуі Қопа көлінің Достық үйі айла­ғындағы мүйісінде орналасқан. Су ішін­дегі субұрқақ. Барлық субұрқақ түрлі-түсті реңкпен атқылап, жанға жайлы музы­ка әуенімен ырғалады. Күрделі жұмыс. Орталық саябақтың жауапкершілігі бір төбе. Сәуірден бастап жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нысан алабын күнделікті тазалау, су «шаңсорғышынан» өткізу, гид­ро­­­оқшаулау, хлорлау, сүзгілер мен сорғыштарды, шүмектерді реттеу, қиял көгіндегі су өрнегін әшекейлеп тізбелеу кәсіби шеберлік пен шығармашылық шабыт қайнарын қажетсінеді. Бұған қо­сымша, Абылай хан ескерткіші жа­нындағы фонтаннан 170 текше метр су атқыласа, су ішіндегілер 40 метрлік биік­тікке дейін шапшитынын айта кетсек дейміз. Міне, осыны Алмаз сияқтылар жасайды. Қоштасудың үстінде кәдуілгі «Ал­дағы арманың қандай?» дегенді қойып қалғанбыз. «Құрылысшымын ғой. Ауы­лыма фонтан салып беру ойым бар», – деді Қарағаштың ұланы. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» КӨКШЕТАУ