Республикашыл партияның съезі басталды
АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд қаласында Республикашыл партияның съезі жұмысын бастады. Съезд төрт күнге созылады.
Жиында Дональд Трамп Республикашыл партия атынан 8 қарашада өтетін президент сайлауына кандидат болып ресми түрде ұсынылады деп күтілуде. Кливлендідегі съезге партияның екі мыңнан астам делегаты қатысуда. Жиынның соңғы күні Д.Трамптың сөз сөйлеуі белгіленген. Трамптың сайлауалды кампаниясының менеджері Пол Манафорттың хабардар етуінше, «саясаткердің мақсаты – Америка халқына Дональд Трампты тек кандидат ретінде ғана емес, адам ретінде тануларына көмектесу». Сонымен қатар, съезде елге белгілі бірқатар саяси қайраткерлер де сөз сөйлемек. Жергілікті полиция жиын өтетін ауданда наразылық акциясы болуы мүмкін екенін айтады. Ал Демократиялық партияның съезі келесі аптада Филадельфияда өтеді. Онда демократтар Хиллари Клинтонды президенттікке кандидат етіп ұсынады.
Ұшақты атып түсіргендер қамауға алынды
Түркия билігі өткен жылдың қарашасында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген екі ұшқышты қамауға алды.
«Блумбергтің» Түркияның жоғары шенді шенеунігінің айтқанына сілтеме жасау арқылы хабарлауынша, әскери ұшқыштар Сирия шекарасының маңында қамауға алынған. Ресей мен Түркия арасында салқындық өткен жылдың 24 қарашасында Түркияның жойғыш ұшағы Сирияның шекарасы жанында Ресейдің бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін басталған-ды. Ресей басшысы бұл оқиғаны «ту сыртынан жасаған соққы» деп атады. Осы жағдайдан соң Ресей тарапы Түркияға бірқатар экономикалық шектеулер қойды. Бұдан түрік ағайындар кәдімгідей зиян шекті. Қазір екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс қайта қалпына келе бастағандай.
Терроршыл ұйымның мүшесі екені анықталды
Балтамен және пышақпен қаруланып, Германияның Бавариясында жолаушылар пойызына шабуыл жасаған 17 жастағы ауғандық «Ислам мемлекеті» терроршыл тобының мүшесі болып шықты.
Бірқатар агенттіктерде орналастырылған ақпараттар бойынша, оның пәтерін тінту кезінде аталған экстремистік ұйымға қатысы барлығын айғақтайтын құжаттар табылған. Құжаттар алынып, талдау жасау үшін тиісті орындарға берілген. Баварияның ішкі істер министрі Иоахим Херрманн кеше ауғандық жалға алған пәтерден «Ислам мемлекетінің» жалауы табылғанын мәлімдеді. Қаскүнемнің шабуылынан төрт жолаушы жараланды. Оқиға орнына жеткен полицейлер оны бой тасаламақ болғанда атып өлтірген.
Қысқа қайырып айтқанда:
- Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Тереза Мэй өзінің парламент алдында сөйлейтін алғашқы сөзінде «Трайдент» зымыранымен жабдықталған атом сүңгуір қайықтарын жетілдіру мәселесін қоймақ.
- Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым елде қарулы төңкеріс жасамақ әрекеті барысында 208 адамның мерт болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол 7543 адамға бүлікке қатысы бар деген күдік келтіріп отырғанын және олардың ішінде 316 адамның тұтқындалғанын хабарлады.
- Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай үш баллистикалық зымыран ұшырды. Көршісі Оңтүстік Кореяның әскерилері бұл зымырандардың елдегі кез келген нысанға дәл тие алатынын айтады.
- Тәжікстан жоғары сотының төрағасы Ш.Шохиен елдің қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары А.Назарзода басқарған бүлікке қатысты істі қарау аяқталғанын хабарлады. Осы іс бойынша күш құрылымдарының 10 шенеунігіне айып тағылып отыр.
Қала 350 мың долларға сатылады
Интернетте Джеймс Джонсон деген адам АҚШ-тағы Кэбин-Крик қаласын 350 мың долларға сатып алуды ұсынды. Джонсон өзін осы қаланың иесімін деп атапты.
Егер қала сатыла қалған жағдайда, оны сатушы ақшаны қалтасына басып, әлем елдерін аралауға шықпақшы екен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Кэбин-Крик қаласында кісі өлтіру оқиғалары жиі болыпты. Содан үрейленген қала тұрғындары елдің өзге өңірлеріне қоныс аударған көрінеді. Сол кезден бері шаһар қаңырап бос қалған, адам тұрмайды. Дегенмен, ондағы ғимараттар мен тұрғын үйлер жақсы сақталыпты. Ондағы дүкендер мен дәмхана, мейрамханалар орналасқан орын-жайлар сол қалпында бүлінбей әлі тұр. Алғашында Д.Джонсон бос қалған қаланы аттракционға айналдырмақ болыпты, оның реті келмеген. Енді Денвер қаласынан 45 минуттай жол жүріп жететін қала өзінің жаңа қожайынын күтуде.
Вице-министр қызметінен неге шеттетілді?
Ресей спорт министрінің орынбасары Юрий Нагорных қызметінен уақытша шеттетілді. Ел үкіметінің төрағасы осындай шешім қабылдаған.
Ресейлік агенттіктердің ақпараттарына қарағанда, Ю.Нагорных спорт құрама командаларын медицина-биологиялық, медицина-санитарлық және медициналық жағынан қамтамасыз етуге жауапты болған. Бұдан екі күн бұрын Ресей президенті В.Путин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (BADA) комиссиясында айтылған жалған допинг сынамасын жасатты деген лауазым иесі тергеу толық аяқталғанша қызметінен уақытша шеттетілгенін мәлімдеген еді. В.Путин антидопинг агенттігі таққан айыпты теріске шығармады. Бірақ, айыпты «спортты геосаяси қысым құралы ету әрекеті» ретінде бағалады. Өткен дүйсенбіде WADA өзінің есебін жариялап, Ресейдің допингке қарсы зертханасы спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолданғаны туралы сынамасын әдейі жасырды деген. Осылайша, агенттік ресейлік спортшыларды барлық халықаралық жарыстарға қатысудан шеттетуге шақырып отыр.
26 туристің алтауы ғана тірі қалды
Тайваньда болған жол-көлік апаты салдарынан 20-дан астам адам опат болды. Апат халықаралық әуежайға баратын күре жолда орын алған.
Құтқарушылардың айтуынша, негізінен қытайлық туристер мінген автобус жол жиегіндегі қоршауға соғылған, артынша көлік отқа оранған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 26 адамның алтауын ғана шығарып үлгеріпті. Осы жылдың маусымында Қытайдың Хунань провинциясында болған жол-көлік апатынан автобустағы 56 адамның 35-і өрттің құрбаны болған еді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді