20 Шілде, 2016

Данияр Әшіров: «Жансаяның жеңісі – бүкіл елдің жеңісі»

395 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_52204" align="aligncenter" width="667"]20.07.2016 AST-5 Фото: facebook.com[/caption] Шахматтан Польшаның Варшава қаласында өткен «Мигель Найдорф мемориалы» турнирінде қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік жеңімпаз атанғаны белгілі. Осы сүйінші хабарды елге алғашқы болып оның әкесі Алматыдағы Жансая Әбдімәлік Шахмат академиясының президенті Данияр Әшіров жеткізген еді. Бүгін біз онымен телефон арқылы хабарласып, Жансаяның жеңісі мен өзі басқаратын Шахмат академиясының жас таланттарды қолдауда атқарып жатқан жұмысы туралы әңгімелескен едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз. –Жансаяның жеңісі құтты болсын! Сіз бұл жеңістің ерекше болғанын айтып жатсыз. Осыны сайттың оқырмандарына түсіндіріп берсеңіз. -Иә, бұл жеңісті Жансаяның өзі де  біз де күтпеген едік. Варшавада өткен турнирге 130 адам қатысса, соның 14 шахматшысы ғана нәзік жандар болды. Басқаларының бәрі ер адам. Шамамен 90 – 95 пайызы ер адам болған шығар. Турнир оңай болған жоқ. Онда шахматшы 9 партия ойнау керек. Жансая соның бәрін ойнап, жеңіске жетті. –9 адамның бәрі ер адам болды ма? –Жансая 8 ер адам, бір қызбен ойнады. Турнирде әйелдер арасында бірінші орынды жеңіп алды. Бұл үлкен жетістік. Турнирде қыздар да осал болған жоқ. Олардың барлығы ерлер арасындағы гроссмейстерлер. Мен әкесі ретінде, жанкүйер ретінде де қызым үшін өте қуаныштымын. –Осы турнирге жеңіс үшін ғана бардыңыздар ма? Шынын айтыңызшы. -Шынымды айтсам, жоқ. Жеңіс үшін барған жоқпыз. Жансая көптен бері турнирлер мен жарыстарға қатыспаған еді. Сондықтан жеңімпаз болады деп ойламадық.  Варшаваға Қазақстаннан екі шахматшы қатысты. Біреуі Жансая болса, екіншісі Ринат Жұмабаев. Ол жігіт те гроссмейстер. -Қазір Жансая қайда? Үйде ме? Онымен сөйлесейін деп едім. -Үйде. Жолдан шаршап келді. Қазір демалып жатыр. -Онда өзіңізбен сөйлесе берейін. Сіз өзіңіз шахматшысыз. Кезінде Жансаяны шахматқа үйретіп, жаттықтырушысы болдыңыз. Енді мына нәрені айтыңызшы. Біздің елде Жансая сияқты көптеген талантты қыз-жігіттер бар ғой. Солардың бағын қалай ашуға болады? –Бұл оңай емес. Иә, талантты балалар өте көп. Мысалы, біздің Шахмат академиясында дарынды, талантты жастар жетерлік. -Сонда қалай? Шахмат академиясында оқу, жарыстарға қатысу аздық ете ме? -Иә, солай. Аздық етеді. Қазір соны айтайын. Біздің академия Алматы қаласында 2014 жылы ашылған. Алматыда академияның тағы бір филиалы бар. Оның ашылу салтанатына әлемге әйгілі шахматшы, әлемнің 12-ші чемпионы  Анатолий Карпов келіп кетті.  Мен сол кезде аты аңызға айналған адаммен алғаш рет кездестім. 2014 жылға дейін сенесіз бе онымен кездеспеп едім. Бала кезімде Анатолий Карповтың ойынына қатты қызықтым. Оның ойнау мәнеріне таңқалатынмын.  Шахмат академиясының ашылу салтанатында Жансая екеуі 4 партия ойнады. Сол кезде біз Анатолий Карповты Алматыға әдейі шақырған болатынбыз. Балалар көрсін, білсін деп шақырдық. Біздің академиядағы жаттықтырушылардың көбісі шетелден келген. Шамамен 80-90 пайызы шетелдіктер. Олардың арасында Украина, Әзербайжан мен Беларусьтің мамандары бар. Неге десеңіз, елімізде шахматқа арнайы маманданған жақтырушылар аз. Олар балаларды шахмат әліппесінен бастап үйретеді. Егер қаласа кәсіби деңгейге дейін жеткізеді. Жансаяның өзін де шетелдің маманы жаттықтырған. Мен де қызымды жаттықтырғанмын. Бірақ, кәсіпқой шахматшы болу үшін біздің елдегі жағдай аздық  етеді. Жақсы шахматшы боламын деген балаға арнайы маман керек екен. Сол үшін біз кезінде Мәскеуге де барып қайттық. Мәскеуде шахматты жетілдірдік. Одан кейін 2010 жылы Сингапурге барып, бір қытай гроссмейстерімен кездестік. Сол кісі Жансаяға көп нәрсені үйретті. Ол Жансаяны күн сайын 6 сағат жаттықтырды. Әр сағаты ақылы. Сағаты – 300 АҚШ доллары.  Мен қазір әлі күнге дейін Сингапур Шахмат академиясының президентіне таңқаламын. Одан: «Неге Жансаяны таңдадыңыз» деп сұрасам, «Жансая талантты қыз. Талантты адамды қолдау керек», дегені есімде. Қазақта: «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді ғой. Біз отбасымызбен сол кісіге ризамыз.  Содан кейін Жансая екі әлем чемпионатына қатысып, екі рет құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екі рет еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағымызды биіктен көрсетті. Жансаяның деңгейі 1,5 жылда кәдімгідей өсті. 11 жасында әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атанды. Әрине, мұндай мүмкіндік кез-келген шахматшыда бола бермейді. Жансаяның бағы – жанынан жанашыр адамдардың табылғаны деп ойлаймын. Сондықтан шахматшыға жеке жаттықтырушы керек. Ол баланы ала тақтаның бүге-шігесіне дейін үйрету керек. Осы мақсатта біз Алматыда Шахмат академиясын аштық. Талантты, дарынды балалар бір жерде үйренсе, мамандармен араласса өздері де жақсы маман болып шығады.  Қазір академияда көптеген адамдар шахмат үйреніп жатыр. Мамырда 450 адам болса, күзге қарай одан да көп болады деп ойлаймын. Жаңа айтқанымдай, жақсы шахматшы болу үшін жақсы қолдау керек екен. Яғни, ақшалай жағынан қолдау болса балалар жеке жаттықтырушыдан көп нәрсені үйренеді. Егер бала топпен үйренсе, онда көптің бірі болып қалуы мүмкін. Ал академияда гроссмейстер атағына лайық жастар өте көп. Соларды қолдау керек. Қолдау болса, шетелге шығады, жарыстарға қатысады. Қазір шынын айту керек, ата-аналардың көбісінің бұған шамасы келе бермейді. -Академияның демеушілері бар емес пе? -Бізге кезінде Астана қаласының қазіргі әкімі Әсет Исекешев қолдау көрсетіп жүрген. Ол шахмат федерациясының президенті қызметінен кеткеннен кейін жаңа басшылық келді. Жаңа басшылар екі жарыс өткізді. Біреуі – Қазақстан чемпионаты, екіншісі – Еуразия кубогы. Бұрынғы басшылық кезінде қаржы жағынан көп қиындық бола бермейтін. -Жансаяның алдағы жоспары қандай? -Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасына қатысу. Ол биыл Әзербайжанның Баку қаласында өтеді. Оған дейін бір-екі турнирге қатысып қалар. Ал негізгі мақсаты – бір жылда рейтингте 2 500 ұпай жинау. Осыншама ұпай жинаса Жансая әйелдер арасындағы элитаға кіреді. [caption id="attachment_52205" align="aligncenter" width="700"]20.07.2016 AST-4 Фото: facebook.com[/caption] Дастан КЕНЖАЛИН