Қазақстаннан басқа елге қоныс аударып, бірақ қайтып оралып жатқан жерлестеріміз аз емес. Қостанай ауданының Глазунов ауылында тұратын Галина Большакова да солардың бірі. Ол Қазақстаннан басқа жерде тұра алмайтыны туған ауылына деген бойын буған сағыныштан екенін жақсы түсінді. Қазір Қазақстанға қайтып оралғанына мың да бір риза. Оның әңгімесінен аузының ұшымен сөйлеген жасандылық емес, өзінің туған жеріне деген сезім шынайылығын байқадық.
– Галина Викторовна, сіз Ресейге көшіп кеткеннен кейін Қазақстанға қашан қайтып оралдыңыз?
– Алдымен мені мәртебелі қонақ немесе лауазымы биік адам сияқтандырмай, Галина деп атаңызшы. Мен қарапайым қазақстандықпын ғой.
– Жарайды, келістік.
– Мен сіздің сұрағыңызды түсіндім. 1983 жылы Қостанай ауданының Глазунов ауылынан Ресейге кетіп, 1991 жылы сол жерге қайтып оралдым.
– Сегіз жыл Қазақстанда тұрған жоқсыз ғой, бұл бір адамның өмірі үшін аз уақыт та емес шығар.
– Білемін, аз уақыт емес. Мен сияқты көшіп кетіп, қайтып оралғандар менің таныстарымның арасында да жеткілікті. Олар Тәжікстаннан, Белоруссиядан, Ресейден қайта көшіп келді. Бірақ олардың көпшілігі оны өз арамызда, дастарқан басында айтқанмен, жалпақ жұртқа жария етуден ұялады. Ал мен ашық айтудан қысылмаймын. Біріншіден, мен ол кезде мектепті енді бітірген жас қыз едім. Красноярск политехникалық институтына оқуға түстім, оны бітірген соң Кемерово облысындағы Киселевск қаласында жолдамамен барып үш жыл жұмыс істедім. Ол кезде Кеңес Одағының қай шалғайында болса да жас маманға жақсы қарайтын. Екіншіден, жасыратын несі бар, мен тұрмыс ауырлаған 90-шы жылдары кетіп, жағдай оңалған соң қайтып көшіп келгенім жоқ. Мен оралған 1991 жылы Қазақстан егемендігін алып жатқанмен, экономикалық байланыстардың үзілген, әлеуметтік тұрмыстың төмендеген кезі болатын. Сол жылдары Глазунов ауылында да көші-қонның қызған, әсіресе, көштің басын басқа жаққа бұрғандардың көбейген кезі екен. Қазақстанның басқа шалғайынан біздің ауылға көшіп келгендер де аз болған жоқ. Соның барлығына куәмін.
Ал Кемеровода жүргенде өзіммен бір ауылда өскен, бір мектепте оқыған Николайға тұрмысқа шықтым, Ксения деген қызымыз сол жақта өмірге келді. Бірақ әрі қарай менің шыдамым таусылды, қайтып оралдық...
– Ол жақта жағдай болмады ма?
– Мен негізі өзімнің қоныс аударған жағымды жамандаудан аулақпын. Жағдайымыз болмай қалған жоқ, орналасып, орнығып кететіндей едік. Ол жақтың табиғатының өзі көзді арбайды. Толқып аққан Енисейдің өзі, қалың орманы неге тұрады? Бірақ ...Мен бұл туралы жеңіл-желпі айта алмаймын. Пойыз бен ұшақ қай жерді жақын етпейді? Алайда Ресейдің біз барған солтүстік аймағы мен үшін жердің түбі, тым алыс сияқты көрінді. Екі көзім төрт болып, Қостанайды, туған ауылым Глазуновты аңсап, қайтып келгенше асықтым. Қостанайдың селеулі даласын аңсап, сағыныштан жүрегім сазды. «Даланың ерекше қасиеті бар». Бұл – менің анамның сөзі. Рас екен.
– Сенің ата-анаң да Қазақстанда туған ба?
– Жоқ. Мираулар отбасы Глазунов ауылында өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан тұрып келеді. Әкем Виктор Яковлевичтің ұлты неміс, ал анам Ядвига Мечиславовна поляк қызы. Тың игеруге келген жастар осы ауылда табысқан екен. Қазір өздері тәрбиелеп өсірген екі қыз, бір ұлы, олардан көрген немерелерінің барлығы айналасында. Анамның туыстары Белоруссияда тұрады, оларға қонақтап барып келеміз. Егер біз Германияға немесе анамның туыстарына көшеміз десек, біздің отбасының оған қуаты жетер еді. Бірақ анам үшін Қазақстаннан артық мекен жоқ. «Даланың ерекше қасиеті бар» дегенде, анам даланың самалын, жерінің шұрайын ғана айтып отырған жоқ қой, адамдардың бауырмалдығын, мейірімділігін, адамгершілігін меңзеп отыр. Кең-байтақ Қазақстан Глазунов сияқты шағын елді мекендерден тұрады. Мен осы өзімнің туып-өскен жерімді ессіз жақсы көремін. Осы жерде балалық шағым өте бақытты өтті. Глазунов мектебіндегі біздің сыныпта 42 бала оқыдық. Бәріміз бір үйдің баласындай едік. Олардың көпшілігі қазір Қазақстаннан кетіп қалды, расын айтқанда, Германияға қоныс аударды. Бірақ әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Олар Қазақстанды, кішкентай Глазуновты сағынады. Өткен жылы Германиядағы сыныптастарымыз кездесу кешін жасады. Мұның өзі олардың тарапынан Қазақстанға, туған жеріне деген құрмет деп білемін.
– Қазақстанға қайтып келгеніңе өкінген кезің болды ма?
– Жоқ, өкінген емеспін. 90-шы жылдардың ауылға қандай қиындық әкелгенін жұрттың бәрі біледі. Қиындықтың бәрін де қазақстандықтармен бірге көрдік, жеңдік деп білемін. Туған ауылыма келген соң мектепте жұмыс істедім. Білім ошағында барлық ұлттың өкілі бар. Мақсат біреу ғана – балаларға білім беру, тәрбиелеу. Жұбайым екеуміздің достарымыз бен ата-анамның сыйлас кісілерінің басым көпшілігі қазақтар. Осы халықтың қонақжайлығында, бауырмалдығында, адамгершілікке негізделген терең дәстүрінде шек жоқ. Олардың қанындағы еркіндік, кеңдік даламен байланысты ма деп ойлаймын. Мен де даланың қызымын деймін өзімді. Нақ шыным, біздің отбасымыз Қазақстанның мемлекеттік мерекелерінің барлығын да тойлаймыз. Айналамыздағыларды құттықтаймыз. Тәуелсіздік күні ауылда өтетін шаралардан үйдегі қарт ата-анам да қалмайды. Нан мен ән болсын деп тілеп отырады. Айтпақшы, біз Ресейде жүргенде достасқан құрбым қонаққа келіп тұрады. «Қазақстандағы адамдар қандай әдемі, сұлу» деген сөзді жиі қайталайды құрбым. Ал дініне, тіліне, түсіне қарамай, біздің арамыздағы достық пен сыйластық осы сұлулықты еселеп тұрған жоқ па?! Қазір ойласам, мені сағындырған да осы екен.
– Галина, ашық-жарқын әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы.