22 Шілде, 2016

Тәңірдің тартуы

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
_MG_9976 Бүгінгінің жастары бір бала­ның бетіне қарап отыратын заман­ның өткенін түсінеді. Досай би Бәйгелұлынан қалды деген дана­лық сөзді құймақұлақтарына құйып алған ба дерсің. Шешен бала саны­на қатысты: «Бір баласы бар­дың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың болар-болмас халі бар. Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар. Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар. Бес баласы бардың дес бер­мей­тін жөні бар. Сегіз баласы бар­дың сер­гелдеңге салар көрі бар. Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар. Он баласы бардың орда бұзар қолы бар», деген емес пе? Қазір­гі жастардың басым бөлігінің төрт құбыласы тең деуге болады. Еш­кім­ге дес бермейтіндері де жет­кілік­ті. Орда бұзар қолы барлар аз шы­ғар. Дегенмен, оған да жетерміз. Жастардың осындай ниетіне қарай Жаратқан да баланы беріп жатыр. Мысалы, жақында Қызыл­орда қаласындағы Ана мен бала орталығында екі бірдей үшем дүниеге келді. Бұл нағыз Тәңірдің тартуы емес пе?! «Қызы­мыз бар. Ұл күтіп жүр едік. Алла таға­­ла үш бірдей ұлды бере салды», – деп ри­­­за­­­­­­шы­­лығын білдіріп отыр от­басы ие­­лері – Сал­­­­­танат пен Кәрібоз. Нұрасыл, Ерасыл, Жан­­а­­сыл атты үш бірдей азаматты жарық дү­­ниеге әкеліп, қуанышы қойнына сыймай отыр­­ған ерлі-зайыптының көзінде өмірге деген үлкен іңкәрлік бар. Ал Байқоңыр қаласының тұрғы­ны Алаштың айымы болардай үш қызды босанды. Әмина, Әлима, Ләйла атты кішкентай періш­телер бір әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышы бола­ды ғой деп үміттенеміз. «Үш қыз уақыт­­тан бұрын өмірге келді. Бүгінде олар дәрі­гер­лердің бақылауында. Қазір жағ­дай­лары жақсы»,– дейді Ана мен бала орталығының қыз­мет­керлері. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», дейді халық даналығы. Ендеше, өмірге келген үшемдердің де несібесі молынан болсын деп тілейміз. Несібе демекші, бүгінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» атты акция ұйымдастырып жатыр. Осы акцияның шеңберінде облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы үшемдерге сый-сияпат жасады. «Қуанышты бөліссең көбейеді», деген сөз осындай сәтке ар­налып айтылған шығар-ау. Өйт­кені, бұл бір шаңырақтың ғана емес, тұтас халықтың қуанышы болса керек. Бұл жыл басынан бері Қызыл­орда облысында дүниеге келген үшінші үшем­дер. Ал соңғы алты айда 8 963 нәресте өмір­ге келген. Оның 120-сы егіздер. Олай болса, әр шаңырақта бесік тойы көбейсін! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА