Көкшетауда жұма күнінің кешінде өткен «Ақмола облысының өнеркәсіптік әлеуеті» форумы көп жиналыстарға қарағанда, ерекшелігімен көзге түсті. Мұндағы басты артықшылық еркін пікір ауанында ортақ түйін жасалып, нақты істерге жол басталуында дер едік. Билік пен кәсіпкерлік элитаның ел мүддесіндегі әріптестігі де шынайы көрініс тапқанын бөлектеп айтқан жөн.
Нәтижеден бастайық. Форумда облыс әкімі Сергей Кулагин «KB ENTERPRISES» ЖШС бас директоры Тайлан Караманлимен күн электр стансасы, жылыжайлар, қоян өсіру фабрикасы, балық шаруашылығын дамыту құрылыстары (инвестицияның жалпы салымы 677 миллиард теңге), «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концернінің бас директоры Евгений Балашовпен техногендік минералды құрылымдарды қайта өңдеу жөніндегі жаңа фабрикалар құрылысы (27,5 млрд. теңге), «Bavaria Product АӨҚ» құрылтайшысы Хенрик Войгтпен 2050 бас шошқа өсіру кешені мен қайта өңдеу кәсіпорнын салу (7,7 млрд. теңге) туралы меморандумға қол қойды. Бұл мәміле жасалған 10 меморандумның үшеуі ғана. Айта кететін бір жағдай, осы 10 аса ірі компанияның басшылары форумда өз кәсіпорындары туралы жобалық таныстырылымдар тұрғысында сөз сөйлегендігі.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуеті жергілікті билік өкілдерін де іскерлік қозғалысқа түсіріп отыр. Жақсы мысал ретінде тағы да меморандумдарға жүгінейік. Форумның салтанатты мінберінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Амантай Сейфуллин облыс орталығында индустриялық аймақ құру, Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев пен «Astana NAN» серіктестігінің директоры Борис Цоктоев агрохимиялық кластер түзу, Жарқайың ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев пен «Масаль ТБК» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Марат Ермеков 274,3 миллиард теңгеге бағаланған «Масаль кенішінен темір рудасын өндіру және өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру, Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев пен «EQS Еуропалық сапалық сервис» серіктестігінің директоры Шахим Насибов 100 миллион АҚШ доллары көлеміндегі трактор зауытының құрылысын жүргізу жөніндегі өзара ынтымақтастық құжатына қол қойды. Жалпы, Көкшетау меморандумының жиынтық қоры 1,2 триллион теңгені құрап отыр.
Аталған мысалдардың өзі Ақмола облысының өнеркәсіптік әлеуетінің жоғарылығын ғана емес, Қазақстанның индустриялық және инвестициялық саясатының сарабдалдығын айғақтайды. Сонымен бір мезетте, астаналық өңірдің мұндай серпінді қадамға нақты негіз қалай білгені көңіл өсіреді. Бұған облыс әкімінің баяндамасына сілтеме шолуымыз дәлел болатындай.
– Индустрияландыру мен экономикалық өсім Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі тұтқасы, – деді С.Кулагин. – Индустрияландырудың қазіргі заманғы тетіктерін пайдаланбай бәсекеге қабілетті экономика мен әлеуметтік мемлекет құру мүмкін емес. Мемлекет басшысы белгілеген институттық реформаның негізгі бағыттарын орындау барысында Ақмола өңірінде өнеркәсіптің басымдық берілген секторында стратегиялық инвесторлар тарту, экспорттық әлеуетті ұлғайту, жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Облыс республикамыздағы теміржол подщипниктерінің 100 пайызын, жүк автокөліктерінің – 40, жоғары сапалы бидайдың, алтын мен керамикалық кірпіштің әрқайсысының 30 пайызын өндіреді. Басқа да салалар бойынша жетекші орын қамтамасыз етілген. Облыста экспортқа бағытталған 17 жоба іске асырылды.
Уақыт ағымындағы өзгеріс облысты аграрлық-индустриялық өңірге айналдыруымен құнды. Облыс әкімі мұны төмендегідей цифрлармен негіздеді. Аймақтың индустрияландыру картасына 671 миллиард теңгенің 107 жобасы енгізілген. Бұның 62-сі жүзеге асырылып, 6300 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Кәсіпорындарды толық қуатына қосу белгіленген кесте талабында бақылауда ұсталып отыр. Қазіргі күні өнеркәсіп өнімінің 36 пайызы жаңадан қатарға қосылған кәсіпорындардың үлесінде және бұлардан бюджетке 17 миллиард теңге қаржы түскен. Облыстың былтырғы жыл мен биылғы жартыжылдықта өнеркәсіп өнімі өндірісінің рейтингінде алдыңғы орыннан көрінуінде аталған кәсіпорындардың үлесі баршылық. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін азайтпауға жете көңіл бөлінуде.
Облыста агроөнеркәсіп кешені орасан зор мүмкіндікке ие. Қорғалжын ауданындағы «Астана-Агропродукт» кәсіпорнының ет өнімдері Мәскеу қаласының супермаркеттерінде сатылуда. Ал Еңбекшілдер ауданындағы «КазБиф» ЖШС ірі қара еті Санкт-Петербург қаласына, Свердлов, Ленинград, Челябі облыстарына, Краснодар өлкесіне, Қытайға шығарыла бастады. Сүт өндіру кәсіпорындарының «Садовое», «Одари», «Зорькин луг» сауда маркасы Ресеймен шекаралас өңірлерге кеңінен таныс. «ҚазгерҚұс» компаниясы өндірістік жүйенің екінші кезеңін іске қосу нәтижесінде Орталық Азия мен Таяу Шығысқа жұмыртқа жеткізуге мүмкіндік алмақ.
Әлемде орын алып отырған дағдарысты жағдайларды ескермеуге болмайды. Қазір қазақстандық ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбына айналған баламалы қуат көздерін игеруге жаппай басымдық берілуде. Мұнда да іргелі ізденістер бар. Форумға қатысушылардың сөздерінен Атбасар ауданында 41,7 миллиард теңгенің күн электр стансасы құрылысының жобасы, Аршалы ауданында 99,9 миллиард теңгенің 100 МВт қуаттағы жел паркі, Целиноград ауданында «KB Enterprises» серіктестігінің 55,8 миллиард теңгелік күн электр стансасының құрылысы қолға алынатынын білдік.
Форумда кадр мәселесі арнайы сөз болғаны құптарлық. Үстіміздегі жылы дуалды негізде кәсіби білім берумен 38 колледж айналысуда. Онда 21 мыңнан астам оқушы 94 мамандық бойынша білім алып жатыр. Бұл – өлке тынысын кеңейтуге бағытталған игі қадам.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы