Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандарында және Кентау мен Түркістан қалаларында болды.
Сапар барысында депутат облыста экономика, әлеуметтік және мәдени салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, жергілікті тұрғындармен, еңбек ардагерлерімен, мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлермен, партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен кездесті.
Сенатор азаматтарды Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру шеңберінде елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар жөнінде, экономиканы, әлеуметтік саланы дамытудың негізгі бағыттары, тіл саясаты туралы хабардар етті. Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Қ.Айтаханов көпшілікке Комиссияның жұмысы жайлы және Жер кодексі өзгерістерінің мазмұны туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол халықты толғандырып отырған сұрақтарға жауап берді.
Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Бақытбек Смағұлов Шекара қызметінің Үшарал және Күршім жасақтарына сапармен келді. Халық қалаулылары шекарашылардың әскери-жауынгерлік қызметімен, олардың тұрмыстық жағдайларымен танысты.
Бақытжан Ертаев «Өріл» және Р.Батырханов атындағы заставаларды барып көрсе, Бақытбек Смағұлов «Сарыбөктер» заставасының шекарашыларымен кездесті. Сапар барысында депуттар мемлекеттік шекараны күзетуде қолданылатын техникалық құралдарды, инфрақұрылымдарды көрумен қатар, шекара бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен де жүздесті. Кездесу кезінде депутаттар мемлекет тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл салада шекарашылардың алатын орны да сөз болды.
Сапар соңында депутаттар ұлан-байтақ жеріміздің бір бөлшегін күндіз-түні күзетіп жүрген шекарашы сарбаздарға тәуелсіздік ұғымының мән-мағынасын түсіндіріп, аса жауапты қызметтеріне табыс тіледі. Ал ақындығымен белгілі Бақытбек Смағұлов мемлекеттік шекара сақшыларына өзінің кітаптарын сыйлады.
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының парламенттегі фракциясының мүшесі Сапархан Омаров Солтүстік Қазақстан облысында партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады, Петропавл қаласындағы «Юди-Дент» тіс емханасының жұмысымен және Қызылжар ауданындағы «Левин В.Д.» атындағы жеке кәсіпкердің өндірісімен танысты.
Қабылдауға келген солтүстікқазақстандықтар Степногор кен байыту комбинатының қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі желінің пайдалануға берілуін ұйымдастыру, облыс аумағында қатты нығыздалған кірпіш өндіру үшін ғимарат бөлу мәселелерін, зейнетақының дұрыс есептелмеуі сияқты мәселелерді көтерді. С.Омаров қойылған сұрақтарды бақылауға алатындығын және олар бойынша тиісті депутаттық сауалдар жолдайтындығын айтты.
Мәжіліс депутаты сол күні жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Юди-Дент» тіс емханасының жұмысымен танысты. Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ашылған екінші тіс емханасы болып отыр.
Онда депутат клиниканың пациенттерімен әңгімелесті. Әңгіме барысында бұл жердегі бағаның солтүстікқазақстандықтар үшін ыңғайлы екендігін атап өтті.
Мәжіліс депутаты жеке кәсіпкерлердің жұмысымен де танысу үшін Қызылжар ауданындағы жиһаз шығаратын «Левин В.Д.» ЖШС дүкеніне бас сұқты. Компанияның цехтарында 70-тен астам жиһаз түрлері шығарылады, оның өнімдері Астана, Алматы және Қазақстан мен Ресейдің кейбір өңірлері тұрғындарының сұраныстарына ие болуда.
Мәжіліс депутаты Майра Айсина Ақмола облысындағы жұмыс сапары шеңберінде Ақмол ауылының жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған әйелдеріне арналған тренингке қатысты.
Кездесуге келген ауылдың қыз-келіншектеріне «жасыл технологияларды» пайдалана отырып, өз ісін қалай ашуға болатыны туралы айтылды. Депутаттың айтуынша, ЭКСПО-2017 қарсаңында жобаға қатысушылар – «Нұр Отан» партиясының әйелдерді қолдау жөніндегі сараптама тобы «Жасыл» экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту» коалициясымен бірлесе отырып, Астананың маңайында өзіндік ерекшелігі бар «қарсылап алу белдеуін» құруға, яғни халықаралық көрмеге келетін барша жұртқа қолайлы жағдай жасауға тырысуда. Қыз-келіншектерді оқытып-үйретудің негізгі бағыттары – қонақ қабылдайтын үйлер, экологиялық таза жеміс-көкөніс өнімдері, кәдесый бұйымдары.
М.Айсина «жасыл технологияларды» пайдалану әйелдерге өз істерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береріне сенімді. «Болашақ – «жасыл технологияларда», «жасыл экономикада». Бұлар – ресурс үнемдейтін, су үнемдейтін, жарық үнемдейтін технологиялар. Біз, біріншіден, экономиканы үйренуіміз керек, екіншіден, осы «жасыл технологиялар» бағытында дамуға тиіспіз. Біз ауыл әйелдерін ғана оқытып-үйрете бастадық. Өйткені, ауыл мәдениетін осылайша көтеруге болады деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда қалада жасалып жатқан нәрселердің барлығын еш қиындықсыз, яғни қаладағыдай жағдайлармен ауылда да жасауға болады», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
2014 жылдан бері жоба аясында шамамен 5 мыңдай қыз-келіншек бизнес-сауаттылық негіздеріне оқытудан өтті. Тренингтер Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарында жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Өткен жылы Ақмола облысы Аршалы ауданының Арнасай ауылында «Жасыл технологиялардың» халық академиясы» білім беру орталығы ашылды. Ол жерде оқып-үйренуге ниет білдірушілердің барлығы «жасыл технологияларды» пайдалану бойынша оқудан өте алады, содан кейін оларды қолдануды биовегетарийден тікелей көре алады.
Мәжіліс депутаты Марат Бопазов Алматы облысына жасаған сапарында Матай ауылының тұрғындарымен кездесті, зейнеткерлермен әңгімелесті, Ақсу ауданының әлеуметтік нысандарын аралады.
Кездесудің басты тақырыбы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, халық қалаулыларының заң шығарушылық қызметі болды.
Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өтініштерін, атап айтқанда, жергілікті мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселені назарға алды.