23 Шілде, 2016

Екі қолға – бір күрек

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
23 07 - jumis Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жергілікті және қалаға өзге аймақтардан келетін отандастарымызды еңбекке тарту мәселесімен тиянақты айналысып отырған мекеме. Аталмыш мемлекеттік бағдар­лама бойынша белгіленген 3 бағыт­тың қала жағдайына оңтайлы 2 бағытына сай міндеттелген тапсырма уақтылы орындалуда. Айталық, бірінші – «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша Алматы қа­ла­сына жүктелген 122 миллиард теңгені құрайтын 286 жобаға 11 151 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланса, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 29 жоба, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 5 жоба, «Нұр­лы Жол» бағдарламасы бойынша – 11, үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы бойынша – 4, аймақтық даму бағдарламасы бойынша 3 және басқа да даму жоспарларына сай 234 жоба бар. Жыл басынан бері қалалық халықты жұмыспен қамту орталы­ғы арқылы бүгінгі таңда «Нұрлы Жол» бағдарламасына – 163 адам, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сай 135 және басқа да жобалар арқылы 24 адам жұмыс орнына ие болып, отбасын асырап отыр. «Соңғы уақытта дәрігер маман­дығы мен құрылысшыға, сауда ісінде тауар өтімділігін арттыратын сауатты мамандарға сұраныс артып отыр», дейді Алматы қала­лық халықты жұмыспен қам­ту орталығы басшысының орынбасары Ахметжан Қуантаев. Оның ай­туынша, қаладағы көп сауда орталықтары сатушы-менеджерлер жетіспейтіндігін айтып, орталық арқылы жұмысшы іздеу көрсеткіші кейінгі кезде көбейген. Одан өзге, тігінші мен тәжірибелі есепші мамандығына да сұраныс көп. Жұмысшы іздеген тапсырушылардың талабын қам­­тамасыз ету үшін Халықты жұ­мыспен қамту орталығы бірқатар мамандық бойынша азаматтарды оқыту, қайта даярлау ісіне жұ­мылдырып, мамандыққа сай бейімдеу үстінде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Алматыда 332 адам әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылса, қала бойынша бұл көрсеткіш 500 адамға жуықтады. Ал қазіргі дағдарыс жағдайында жұмыссыздықпен күресу мақсатында іске қосылған «Жастар бағдарламасы» бойынша 350 азамат еңбекке тартылып, тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Оқу бітірген көптеген жастардың жұмыс істеу тәжірибесі болмауы себепті жұмыссыздар қатарын көбейтіп жататыны белгілі. Осы ретте аз қамтылған отбасылардан шыққан және тәжірибесі жоқ жастарды жұмыспен қамту үшін қабылданған «Жастар бағ­дарламасы» халқымыз үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау мен нақты көмек екендігінде дау жоқ. Еліміздегі ішкі миграцияның көрсеткіші Алматы қаласы бойынша өте жоғары. Сол себепті де басты мәселе тұрғындарды жұмыспен қамту болып отыр. Осы орайда халықты Жұмыспен қамту орталығының жа­уапкершілігі күшейіп, рөлі артуда. Мәселен, «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Пансионат Самал» мемлекеттік мекемесін күрделі жөндеу міндетіне жүктелген «Энергоремсервис-Ал­маты» ЖШС-на қажетті 135 жұ­мысшының 13-і қайта даярлау курсынан өтіп, жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ, №4 мектеп-интернаттың күрделі жөн­деуі мен сейсмоберіктігін нығайту үшін «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС сұратқан 143 жұмыс­шының қазірде 25-і құрылыс басында еңбек етіп жүр. Медеу ауданында бой көтерген жаңа мұз айдынын салу жұмысына 163 жұмысшы тартылып, басқа да құрылыс нысандары сұратқан мамандар қазіргі таңда біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу-дайындау курстарынан өтуде. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ