«Егемен Қазақстан» газетінде спорттан жарыстар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Газетіміз жыл сайын еліміз бойынша ақпарат құралдары арасында өтетін көптеген турнирлер мен жарыстарға да белсене қатысып келеді. Ал биыл 95 жылдық тарихы бар аға газет өз қызметкерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада өткізді. Оған редакция ұжымы төрт топқа бөлініп, бильярд, шахмат және дойбыдан жарыстарға қатысты.
Спартакиада бір-екі күнде өтетін кубоктық жарыс емес, ол бірнеше күнге созылатыны белгілі. Биылғы жарыс та Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өткізіліп, бірнеше күнге жалғасты.
Бүгін редакция қызметкерлерінің арасында өткен спартакиада мәресіне жетті. Онда журналистердің «Сұңқар» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды хатшылық және әкімшілік бөлімдерінен құралған «Жігер», үшінші орынды интернет-редакцияның жігіттерінен жасақталған «Ұшқын» командасы иеленді. Ал төртінші орынға журналистердің «Ұмтылыс» жасағы ие болды.
Спартакиада соңында «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жеңімпаз бен жүлдегерлерді құттықтады.
[caption id="attachment_52961" align="aligncenter" width="700"]
Газет басшысы Дархан Қыдырәлі бас жүлдені табыс етті[/caption]
–«Егемен Қазақстан» газеті спартакиада мен басқа да жарыстарды өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұндай жарыстар редакция қызметкерлері арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, саламатты өмір салтын насихаттауға септігін тигізеді. Қазіргі кезде журналистер арасында спорттың бірнеше түрінен Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған спартакиада мен шағын футболдан турнирдің өткізілетінін білесіздер. «Егемен Қазақстанның» ұжымы осындай тартысты сындардан ешқашан кенже қалған емес. Газетіміздің осындай жарыстарға қатысуын қолдаймын. Спорттың халықты береке мен бірлікке шақырып, адамның жинақы да жігерлі, шымыр да шыдамды болуына әсері көп. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газеті алдағы кезде де дене тәрбиесі мен спортқа, саламатты өмір салтына баса мән беретін болады, – деді газет басшысы.
Осыдан кейін басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жекелеген номинацияда үздік атанған редакция қызметкерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Бұл сында «Сұңқар» командасының ойыншылары Ғалым Омархан мен Ғабит Іскендірұлы, «Жігер» жасағының мүшесі Ахметқали Өтеуғалиев бильярдтан өткен бәсекеде үздік ойыншы атанды. Ал «Ұмтылыс» командасының өкілі, фототілші Орынбай Балмұратқа шахмат жарысында тең келетін ешкім болмады. Ол ойындарының барлығын жеңіп, үздік ойыншы атанса, «Жігер» командасының мүшесі Фариза Орманова дойбы додасында жеке дара шығып, үздік ойыншы деп танылды.
[caption id="attachment_52962" align="aligncenter" width="700"]
«Сұңқар» командасының өкілі Ғабит Іскендірұлы бильярдтан үздік ойыншы атанды[/caption]
[caption id="attachment_52963" align="aligncenter" width="700"]
«Жігер» командасының мүшесі Фариза Орманова дойбы додасында жеке дара шықты[/caption]
[caption id="attachment_52964" align="aligncenter" width="698"]
«Сұңқар» командасының ойыншысы Ғалым Омархан бильярд жарысында алты рет жеңіске жетті[/caption]
[caption id="attachment_52965" align="aligncenter" width="700"]
Жеңімпаз, жүлдегерлер және жанкүйерлер[/caption]
[caption id="attachment_52967" align="aligncenter" width="700"]
Бильярд жарысында «Сұңқар» мен «Ұшқын» командалары кездесті[/caption]
[caption id="attachment_52968" align="aligncenter" width="700"]
Дойбы додасы. «Ұшқын» мен «Жігер»[/caption]
Дастан КЕНЖАЛИН
Фото: Ерлан ОМАРОВ