Зайсан ауданындағы Сауыр мен Маңырақ тауларының ортасында орналасқан Шілікті жазығында 200-ден астам сақ обасы бар. Оның ішінде 50-ден астамы патша обасы саналады. Қазіргі кезде Шілікті жазығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ гуманитарлық инновациялық заң университеті және Семей топографиялық колледжінің студенттері археологиялық қазба жұмыстарына қатысуда. Олардың арасында венгриялық және ауғанстандық ізденушілер де бар.
Биыл археологтар Шілікті-1 кешеніндегі №16 обаны аршып жатыр. Аталған обаның биіктігі – 8,6 метр, диаметрі – 88 метр. Бұл Шіліктідегі ең ірі обалардың бірі. Қазіргі кезде төбе іспетті топырақ үйіндінің астындағы тас оба толығымен аршылды. Қорғанның тастары жақын маңдағы Шаған өзенінің бойынан тасымалданғаны анықталды. Археологтардың айтуынша, тас обаның астынан ағаштан жасалған қабірхана табылуы мүмкін. Алтайдағы Берел қорғандарынан бір ерекшелігі, мұндағы жерлеу рәсімі жердің бетінде жасалған. Яғни, үйілген топырақ қабатының астында кесек тастар қабаты, оның астында жазықта молынан кездесетін шымнан қаланған қабат, одан соң ағаштан тұрғызылған қабірхана. Бұл қабірханадағы сүйектің бұзылмауына мүмкіндік беретін микроклимат түзетін ерекше жерлеу технологиясы, дейді мамандар.
Шілікті жазығында 2003 жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология кафедрасының профессоры Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, қазылып жатқан қорған б.з.д. VII-VIII ғасырларға тиесілі жерлеу кешені болуы мүмкін. 2003 жылы Шілікті обаларының бірін қазу барысында көптеген алтын бұйымдар табылған болатын. Жергілікті тұрғындар арасында бәйге тамашалайтындықтан «Бәйгетөбе» аталып кеткен, көп жәдігерлері тоналған қорғандағы археологиялық табысты ғалымдар «Алтын адам» деп атағаны белгілі. Ә.Төлеубаев биылғы қазба жұмыстары кезінде табылатын жәдігерлер Бәйге төбедегі «Алтын адамды» толықтыруы мүмкін екенін жеткізді. Ал Бәйгетөбедегі қорғанға биыл жабу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ археологтар Маңырақтың солтүстігінде орналасқан тағы бір қорғанды қазуда. Шамамен III-IV ғасырларға жататын бұл обадан адам мен жылқы сүйегі табылды. Қазір жаздың жаңбырлы маусымы болғандықтан, аталған обадағы қазба жұмыстары тоқтап тұр.
– Әзірге консервациялау мақсатында тоқтап тұрған обаны күн райы ашылғанда үш-төрт күнде толығымен ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, Шілікті даласында адаммен бірге жылқының жерленгенін алғаш рет анықтап отырмыз. Бұл – Еуразия құрлығындағы сақтардың көне, элитарлық патша обалары орналасқан ерекше аймақ, – деді Ә.Төлеубаев.
Қазба жұмыстарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар қорған алаңында жұмыс істеп жатқан студенттермен жүздесіп, олардың білікті археологтардан үйренері көп екенін айтты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан