28 Шілде, 2016

Конституциялық сот басшысымен пікірлесті

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Конституция Жақында Қазақстанның Мысырдағы елшісі Берік Арын Египет Араб Республикасы Жоғарғы конституциялық сотының төрағасы Әбдел Уахаб Хасанмен кездесті. Кездесуде елші Ә.Хасанға Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Сотының төрағасы Қай­рат Мәмидің мансапқа тағайын­далуына орай құттықтауын жет­кізіп, Қазақстан мен Мысыр ара­сын­дағы сот-құқықтық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың жолдары жөнінде пікір алмасты. Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің үстіміздегі жылғы ақпан айындағы Астанаға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың барлық салаларының дамуына жаңа серпін бергені атап өтілді. Б.Арын сұхбаттасын елі­міз­дің маңызды ішкі саяси оқи­­ғаларымен таныстыра келіп, Қазақ­­­­стан Президенті Нұр­сұлтан Назар­баевтың тапсырмасы­мен Қазақстанда жүзеге асыр­ылу­дағы 5 институттық реформа­лар шеңберінде атқарылып жат­­­қан құқықтық реформалар, со­ның ішінде ішкі тәжірибе мен озық халықаралық стандарттар негізінде сот төрелігі жүйесін жетілдіру бағытындағы шаралар туралы хабардар етті. Сыртқы саяси бастамалары­мызға тоқтала отырып, елші Қазақстанның 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланғанын хабарлады. Бұған қоса, ол ЭКСПО-2017 көр­месіне дайындық барысымен таныстырып, кейін оның инфрақұрылымы негізінде «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының құрылатынын және дауларды шешу үшін арнайы соттың жұмыс істейтінін атап өтті. Мысырдың Жоғарғы консти­туциялық соты ең жоғары сот билігі ретінде мемлекеттің ішкі саяси өмірінде маңызды орын алатындығын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Конституциялық сот басшысы 2013-2014 жыл­дар аралығындағы Мысырдың қиын өтпелі кезеңінде мемлекетті басқарды, ал аталмыш институт елді саяси дағдарыстан шы­ғару бойынша «Жол картасын» табысты жүзеге асыруда, соның ішінде елдің жаңа Консти­ту­ция­сы да бар. «Егемен-ақпарат»