Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті пленарлық отырысы болды. Онда бірқатар халықаралық заңдық құжаттарды ратификациялауға арналған заң жобалары қаралды.
Алдымен депутаттар Жоғарғы Сот судьясы қызметіне Сайлаубек Әбілдаұлы Жәкішевті сайлау туралы Президент ұсынысын қарады. Судьялықтан үміткерге бір ғана сұрақ қойылды, оған дұрыс жауап берілді. Сондықтан да депутаттар оның кандидатурасын лайық деп тапты.
«1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы» және «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімге Жол таңбалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары бірауыздан қабылданды. Келісім мақсаты – жол жүрісі қағидаларын бір ізге түсіру, жол жүрісі қауіпсіздігінің жоғары деңгейі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету.
Аталған заңдық құжатты бекіту жол жүрісін ұйымдастыру саласындағы талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге ықпал етуі тиіс. Ал хаттама болса, жол таңбаларына қатысты қағидаларды бірдейлендіруге мүмкіндік береді. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, әлемде жыл сайын жол апатынан 1 миллионнан астам адам қаза тапса, 50 миллионы әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алады екен. Елімізде соңғы 10 жылда 122 мың жол-көлік оқиғасы тіркелгені, онда 25 мың адамның өмірі қиылғаны, тағы 151 мыңнан астамының түрлі жарақаттар алғандығы да көлденең тартылды.
Еліміз бен көршілес Қырғызстан үкіметтері арасындағы Астана мен Бішкек қалаларында екі ел елшіліктерінің қажеттіліктері үшін ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беруге қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бірауыздан депутаттар қолдауына ие болды. Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Өмірбек Байгелди ендігі жерде елшіліктерге қажетті жер телімдері мен ғимараттарды сатып алғаннан гөрі, оларды ауысу арқылы жүзеге асырса, деген ойын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев қысқаша баяндама жасап өтті. Заң жобасы «2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағының ветеринарлық-санитарлық шаралар жөніндегі келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» деп аталады. Хаттама мақсаты ветеринариялық бақылауға жататын тауарлармен халықаралық саудадағы әкімшілік кедергілерді жою, рұқсат беру функцияларын жеңілдету және тағысын тағылар. Осы ретте бақылаудағы тауарларды өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ұйымдар мен тұлғаларға бірлескен тексерістер жүргізу мүмкіндігі беріліп отыр. Заң жобасы толықтай қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.