29 Шілде, 2016

Заң бұрмалаудың сыры неде?

379 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
asfaltirovaniye_dorog «Астана-Петропавл» тас жолының «Көкшетау-Петропавл» бөлігінің жаңартылып, салына бастағанына бес жыл болды. Басында бұл телім де халықаралық стандартқа сай төрт жолақты болады екен, ортасы бөлініп тұрады екен, сөйтіп еліміздегі екінші автобанға айналса екен деген әңгімелер ақиқатқа айналмай тұр. Қаражат бөлінбеді ме, әлде бөлінген қаражат құрылысқа жетпей, бұрылысқа кетті ме, әйтеуір халықаралық маңызы бар Ресейдің Қорған, Түмен, Омбы аймақтарына шығатын Петропавлға дейінгі тас жол таз қалпында қалып, екі жолақты тар жолдың бірі ғана болып салынып жатыр... Енді осы екі жолақты жол құрылысында «бармақ басты, көз қысты» сыбайлас жемқорлықтың орын алып жатқанын көргенде үнсіз қала алмадық. Редакциямызға келген Жасұлан Қазыбеков ақсақалды ежел­ден білеміз. Ол ұзақ жылдар Сәбит, Ғабит, Сафуан сияқты жазу­шы­лары­мыз шыққан Жамбыл ауда­нын­да ауыл шаруашылығы сала­сын ба­сқарды, одан бірнеше жыл аудан әкімі­нің бірінші орынбасары болды. Енді осы ақсақал бүгінгі заң­сыз­дықтарға, өзін адам ғұрлы сана­маған шенеуніктер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қиянатына қарадай күйіп, күй­зеліске түсудің аз-ақ алдында жүр екен. «Мына жолсыздықтарды жоғары жаққа жеткізер деген үміт­пен «Егеменді» соңғы инстан­ция деп келіп отырмын, басқалардың бәрінен шошындым», деді ол әңгі­месін төтесінен бастап. Әңгіменің бәрі жоғарыда аталған «Көкшетау-Петропавл» жолының 392-418 шақырымы аралығындағы жол құрылысына байланысты. Бұл телімнің құры­лысын жүргізу құқын «Казпако» ЖШС 2014 жылы тендерден жеңіп алған екен. ЖШС басшысы Д.Күтербеков кезінде Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінен істі болып, 2012 жылы үш жылға шартты жазамен сотталып, мемлекеттік қызметтен қуылған екен. Осы жол телімі Тайынша ауда­нын­дағы Рощинск ауылдық округінің аумағынан өтеді. Округ­ке қарайтын Сарыбай ауылының аумағынан Жасұлан Қазыбеков 2012 жылғы наурыз айында ұзақ мерзімді (5 жыл) пайдалану құқы­мен 131 гектар жерді жалға алады. Бұл жерде Қазыбековтің жер­ді қалай пайдаланғаны, қанша шы­ғын шығарғаны жайлы әңгімеге біздің негізгі тақырыбымызға қатысы бол­мағандықтан назар аудар­май­мыз, әйтеуір оның осы жылдарда жалдау ақысын төлеп келгені анық. 2015 жылдың мамыр айы­нан бастап «Казпако» ЖШС Сары­бай ауылының тұсындағы оның жеріне баса-көктеп кіріп, үстін­дегі құнарлы қабатын сырып тас­тап, астындағы құмдауыт бал­шық­ты жолға төсеуге қазып ала бас­тай­ды. Ж.Қазыбеков жеріне келсе оның астан-кестені шығып, экс­каваторлар қазып, «КамАЗ»-дар балшығын тасып жатыр екен. Айдың, күннің аманында жаса­лып отырған бұл озбырлық жай ғана заң бұзушылық емес, қыл­мыс екені хақ. Өйткені, бұл жер­дің иесі бар екенін біле тұра (жергілікті ауылдық округ әкімі айтқан), оны­мен кездесіп, келі­сім алмай, одан тиісті өкілетті орган­ның рұқ­сатын алмай біреудің мүлкіне қол сұғуға бола ма? Әділдік іздеген Жасұлан Қазы­беков облыстық экология депар­та­ментіне арызданады. Өйткені, ба­сып кірушілер ауыл шаруа­шы­лығы мақсатына қол­данылуға тиісті жерін жарамсыз қылып, үстінің құнарын сырып тастап, экологиясын әбден бүлді­ріп тастаған ғой. 29 мамырда келіп тексерген Солтүстік Қазақстан облысы­ның бас эколог-инспекторы А.Бек­мұхаметов құм өндіру жұмыс­тарының заңсыз жүргізіліп жат­қа­нын анықтап, алушының 200 текше метр алдық (Қазбековтің айтуын­ша 1500-ден кем емес) деге­ні­не қанағаттанып, «Казпако» ЖШС-іне 10 маусымдағы №97 қаулы­мен 991 мың теңге айыппұл салады. Хош. Алайда, бұл алғашқы ғана жеңіс еді... Енді жер иесі жерді қалпына келтіру шығын­дарын, шеккен моральдық, материал­­дық зияндарын өндіру үшін күресе бастайды. Жөнсіз қаулы – жосықсыз істердің жоқтаушысы Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Е.Сұлтанов Д.Күтер­бековтің әрекеттерін тезірек заң­дас­тыруға ұмтылған сияқты. Өйткені, 2015 жылдың 24 маусымында әкім «Казпако» ЖШС-ына Тайынша ауданындағы Рощинск аумағындағы №5 және №6 жер телім­деріне «геологиялық-бар­лау жұмыстарын жүргізуге рұқ­сат берілсін» деген №216 қау­лы­сын шығарады. Қазу емес, барлау екендігі ап-анық айтыл­ған. «Не мақсатпен» деген жерге: «в целях выполнения и реали­за­ции государственной программы РК по реконструкции участка километры 392-418 авто­мобиль­ной дороги республикан­ского значения «Астана-Петро­павловск»... делінген. Демек, жол са­лып жатқан фирмаға гео­логия­лық-барлау жұмысына рұқсат берілсін деген сөз болып шыққан. Және осы жаңылтпаштың соңына сөйлемнің аяғын үзбей «без изъя­тия земельных участков у част­ных собственников или зем­ле­пользо­вате­лей» деген сөздерді қосыпты. Жол құрылысымен айналысып жатқан фирмаға қандай геологиялық-барлау жұмысы жүк­телуі мүмкін? Белгісіз. Көзіне көрінген жерге баса-көктеп кіріп, құмдауыт топырағын бұрқыратып қазып алып жатқан «Казпако» қандай барлау жасай алады? Әкім осы қаулыны «на основании заявления ТОО «Казпако» деп бастаған. Тәртіп бойынша жеке­меншік фирманың мұндай өтінішін алдымен жер комиссиясы қарап, өзінің қорытындысын беруі керек. Әкімнің қаулысы соның негізінде ғана шығады. Асығыс шыққанына қарағанда күмән­ді ойлардың ұшығы қою­лана түседі... Оның үстіне... Тіпті, осы қаулы «Казпаконың» ісін ақтайды деген­нің өзінде ол шыққанға дейін­гі, яғни маусымның 24-іне дейінгі қазу жұмыстары заңсыз екені айдан анық болып тұр. Өйткені, заңсыз іс жасалып қалған соң ғана оны ақтайтын қаулы дүниеге келген. Осы жартыкеш қаулыдан кейін Ж.Қазыбековтің шағымдарына деген көзқарас та әділетсіздік жаққа тартып, өзгере бастайды. «Казпакоға» шара қолдану­ды сұрап жазған арызына СҚО Маман­­дандырылған табиғат қорғау про­куроры В.Банковский 2015 жылғы 23 шілдедегі жауа­бын­да «В ходе выезда сотру­дни­ками природоохранной про­кура­туры на то же место по теле­фонному сообщению 03.07.2015 г. фактов самовольной добычи недр не установлено» дейді. Тіпті айылын жимаған-ау, тым болмаса «по телефонному сообщению» дегенді жазбаса керек еді ғой. Ал енді мына қызыққа қараңыз... Дәл осы жауаптың жоғарғы тұсында Экология департаментінің тек­серіп, айыппұл салғанын атап өткен. Енді неге «фактов само­воль­ной добычи не установлено» деп өзіне өзі қарсы шыққан? Адам­­ды ойыншық көрудің бір мы­са­лы осындай-ақ болар. Сонымен қатар, В.Банковский өзінің жауабында «Казпако» мен Қазыбековтің келісімшарт жасамауы заңсыз екендігін атап өткен және фирманың жер қазу жұмыстарын 2 маусымда жүргізіп жатқанын, ал әкімнің қаулысы 24 маусымда шыққанын, сондықтан қазба жұмыстарының заңсыз жүргізілгенін жазады. Бірақ, амал не, шара қолдану туралы бір ауыз сөз жоқ. Тек Жер инспекциясы басқармасына «Казпако» ЖШС пен Қазыбековтің арасында келісімшарт жасауды қамтамасыз ету керек деген ұйғарым жібереді. Оған Жер инспекциясының бастығы М.Меңдібаев мынадай жауап береді: «В ходе проверки довод Казбекова Ж. не нашел подтверждение, так как представитель ТОО «Казпако» предъявил постановление акима СКО от 24 июня 2015 года «О разрешении на использование земель­ных участков для про­веде­ния геологоразведочных работ». Одан әрі осы қаулыны Қаз­беков менің құқымды аяққа тап­тады деп бұзғызбағандықтан ол өз күшінде деп күшеніп қояды. Сөй­тіп, әкімнің түсініксіздеу қаулы­сы ендігі жерде Күтербеков­тің қор­ғаушысы болып қызмет істей береді. Келесі шағымын Қазыбеков өзінің «Казпако» ЖШС-нан материалдық залал шеккенін, жерінің құнарлы бетінің сыпы­рыл­ғанын айтып, осы фирма­ға шара қолдануын сұрап об­лыс прокуроры С.Зайтлерге жаза­ды. Ол арызды тағы да сол В.Банк­ов­скийге жылжытады, ал Бан­ков­ский бұл жолы істе қылмыстық заң бұзушылық бар екен, ал ондай­дың тергелуі ҚПК-нің 201-бабы бойынша ішкі істер органдарына жүктеледі, деп істі Тайынша аудандық ІІБ-ге жібереді. Заң бұзушылық барын ол бұрын неге көрмеген? Әлде қыз­метін атқара алмай ма? Әлде біреудің жасырын бұйры­ғын орындап, қылмысқа көзжұм­бай­лық қылып отыр ма? Белгісіз. Істі қарау міндетін мойнына алған полиция майоры К.Мұқа­жанов болған істің бәрін қайталап келіп, істі жабу керек деген шешім қабылдайды және 14 тамызда бұл туралы Қазыбековке қатынас жібереді. Ақырында, «Казпаконың» жергілікті филиалының бастығы Н.Жұқабетов бізден ақша бопса­ла­ды деп Ж.Қазыбековтің өзі­не жала жабады. Ол ол ма, «Казпако» Қазыбековтің жеріне емес, басқа жерге кірді деп жер инс­­пекциясының басшы­сы М.Меңдібаев оның жер телі­мі­нің өзгерген сызбасына дейін жасайды. Қайта қозғалған қыл­мыс­тық істі бұл жолы Тайын­ша аудандық ішкі істер бөлімі­нің тергеушісі Р.Ерімбетов қыс­қартады, прокурор заңға сүйеніп қайта қозғауды тапсырса сол тер­геуші тағы қысқартады. Істі заңсыз қысқартқаны үшін Қазы­бековтің шағымына орай оған облыстық ІІД бастығының 2016 жылдың 16 наурызындағы №222 бұйрығымен ескерту жаса­лады. Тағы қозғалған істі енді де­пар­таменттің тергеушісі А.К.Ах­метбеков қысқартады. Сөйтсе бұл Ахметбеков бұрыннан істі қыс­қарта беретін Тайын­ша аудан­­дық ішкі істер басқарма­сы бас­тығының орынбасары М.К.Ахметб­еков­тің туған інісі екен. Заң­ды жақсы білетін Жас­ұлан Қазыбеков облыстық ІІД өзін­­дік қауіпсіздік басқармасына арыз жазып, ағасы жіберген қате­лікті інісіне тексерткен ІІД бас­ты­ғының орынбасары Сембин­нің қылығының өзі сыбайлас жемқорлық заңымен қудаланатын қылмыс емес пе деп көрсетіп, ІІД бастығы, генерал-майор Б.Біләлов­тің атына арыз жазады... Қысқасы, осылай істі шы­рай­нал­дыру, адам тағдыры­мен ойнау жалғаса береді, жалға­са береді. Оның бәрін жазып шығуды бір мақаланың көлемі де көтермейді. Ашынған Ж.Қазы­беков Меңдібаевтың және бас­қалардың үстінен шағым айтып облыс прокуроры Зайтлер­ге арыз­данады. Тіпті, Бас прокуратураға дейін арызданады. Бірақ бәрі бәз-баяғы қалпында, «баяғы жар­тас – бір жартас» күйінде қала бер­­ген. Қазыбековтің тала­бы орын­­далмайды. Бір ғана қыз­мет – Мем­ле­кеттік қызмет істері жөнін­дегі департамент өзіне М.Меңді­баев­тың үсті­нен жазылған шағым­ның дұрыс­тығы­на көз же­ткізіп, әкімге оның тәртіптік жауап­кер­шілігін қарауды сұраған акт жібере­ді. Соның нәтижесінде М.Мең­дібаевқа сөгіс жарияланады. Мәселе қалай шешіледі? «Көкшетау-Петропавл» тас жолы­ның 392-418 шақырымының жо­лын саламын деп тендерді же­ңіп алған «Казпако» фирмасы кон­курс­қа ұсынған құжаттары бо­й­ын­ша құмды, қиыршық тасты қай­дан алатынын, қандай карьерлерден таситынын алдын ала біл­ді. Құм алатын карьер Кел­леров­ка селосының түбінде деп көр­се­тіл­гені де белгілі болып отыр. Бұл жол құрылысы жүр­гізі­ле­тін Рощинск ауылдық округі­нен 15-20 шақырым қашық­тық­та. Осы­­ны алыссынған «Каз­­пако­ның» мамандары жол шығы­­нын азай­­ту мақсатымен құры­лыс­тан не­бәрі 400-500 метр жер­дегі ша­руа­лар­дың жеріне баса-көк­теп кі­ріп, қолдан карьер жасап, құм­­дауыт топырақтың шаңын ас­пан­ға көтеріп, жолға сала­тын мате­риал ретін­де рұқсат­сыз қазып ала бер­ген. Қазбековтің жері де с­оның ішін­де. «Казпако» дәл осы маңда оның жерін­­ен басқа тағы да 2-3 жер­­ден осы­лай қолдан карьер жасап алған. Жоғарыда Жасұлан Қазы­бековтің жергілікті атқару ор­ган­­дарының басшылығында ұзақ жылдар қызмет істегенін айттық. Жол құрылысының мәсе­лесін де ол жақсы біледі. Сон­дықтан «Казпако» жүргізе­тін жол құрылысының «Караган­дадор­проект» институты жасаған жобасын көтеріп, оның 392-418 шақырымының өне бойында осындай, заңсыз жолмен құм тасығандықтың арқасында 205 млн. теңге үнемдегенін есептеп шығарып, барлық есебін облыс прокурорына жеткізген. Салық та төленбейтін бұл заңсыз қара­жаттар кімнің қалтасына сүңгіп жатқаны белгісіз дейді ол. Автомобиль жолдары құры­­­лысы­ның нормалары мен ереже­лері сонау Кеңес Одағы уақы­тын­да жасалған. Құры­лыс техноло­гия­сы жетіл­діріп отыр­ғанымен жол материал­дарының шығыны, тығыз­­дығы мен көлемі ешқашан өзгермейді. Алайда, бізде ол қазір мүлде сақталмай отыр. Егер жол­дар­дың құрылысы аталмыш нор­маларға сәйкес жүргізілсе биыл салынған жолға келесі жылы жөн­деу жүргізіліп, мемлекеттің қара­жаты босқа шашылмас еді. Осы нормаға сәйкес құм алатын карьерлер алдын-ала белгіленеді. Ондағы құмның сапасына қарай (құрғақ, дымқыл және т.б.) жоба жасаушылар жолдың қалың­дығы қандай, тығыздығы қан­дай болуы керектігін алдын-ала жобалайды. Осы жобаның талаптарын толық орындаймын деп «Казпако» мемлекеттік тен­дер­ді ұтып алып, іске кірісті. Ал жол құрылысын жүргізу бары­сында негізгі материалдың бірі болып табылатын құмды кез кел­ген жақын жерден қазып алып, жолға салып жатыр. Ал құмдауыт топырақтың сапасы карьерден алынған құмға келмейтіні хақ. Тығыздықтары да әртүрлі. Ендеше бұл жолдың сапасыз болатынын, мемлекет қаражатының босқа шашылатынын алдын-ала бол­жау­ға болады. Жұрттың айтуына қарағанда, қазірдің өзінде Чапаев село­сы маңындағы аяқталған учас­кенің сапасыз екені көрініп жатыр. «Әй дер ажа, қой дер қожа» болмаған соң жол салатындар ойына не келсе соны істей береді. Ал облыс әкімі 2015 жылдың 25 қыркүйегінде ғана «Казпако» үшін жаңа қаулы шығарып, Рощинск ауылдық округінің аумағын­дағы аталмыш жерлерді көліктік мақсатқа ауыстырып, оның топырағын 2016 жылдың 8 шілдесіне дейін алуына рұқсат берген. Заңға сүйе­ніп жасалған қаулыны дұрыс-ақ екен делік, алайда осы қаулының 3 және 4-тармақтарын оқығанда әкім мемлекеттің мүддесінен гөрі «Казпаконың» мүддесін көбірек ойлай ма деп қаласың. Оған мына сөздер дәлел:
  1. «Рекомендовать ЖШС «Казпако» (по согласованию) в соот­ветствии со ст.105 Земельного кодекса РК возместить потери сельскохозяйственного произ­водст­ва в связи с временным изъя­тием земель из сельскохозяй­ст­вен­ного оборота в сумме 1 059 800 тенге в республиканский бюджет.
  2. Рекомендовать ЖШС «Казпако» (по согласованию) в соответствии с действую­щим законодательством по окон­­чании работ привести земельные участки в состояние пригодное для их даль­нейшего использования по целевому назначению с обязатель­ным проведением рекультивации».
Көзіқарақты оқырман мұндай «ұсыныс жасалсын» («реко­мендовать»), «келісімі бойын­ша» ( по согласованию) деген сияқ­ты сүйейсалды сөздердің орын­далу емес, тек көз алдау үшін жазыл­ғанын көріп тұр. Нақты талап бол­маған соң мемлекет мүддесінің орын­далмайтыны сөзсіз ғой. Сөйтіп, біреудің заңды жол­мен жалға алған жеріне кіріп, тиісті органдардың рұқсатынсыз карьер ашып, жердің ауыл шаруа­шылығына жарамды құнарлы бетін сырып тастаған, қойнауындағы кең тараған пайдалы қазбаны (құмды) рұқсатсыз алған жеке­мен­шік кәсіпорын «Казпако­ның» әрекеттерін тиюға ешкім­нің әлі келмей отырған сияқ­ты. Бұл Ж.Қазыбековтің ғана емес, мемлекеттің де мүддесін тап­тағандық десек артық айтқан­дық емес. Өйткені, оның жері ауыл шаруашылығы мақса­тында пайдалануға енді мүлде жара­майды. Шын мәнінде кәсіп­орын­ның заңсыз әрекеттерін тию­ға болады, бірақ соған тиісті ор­ган­дар белгісіз бір мықтының бұй­рығымен баспай отырғаны да хақ. Осындай мықтылар заң бұзушылықтардың қорғаушысы бола берсе бізде заң үстемдігі орнар ма? Президенттің заңның үстемдігін қамтамасыз ету туралы талабы орындалар ма? Әрине, орындалмайды. Сондықтан, тиісті орталық мемлекеттік органдар мұндай істерді түбірімен жоюға, заң үстемдігін орнатуға белсене кірісер деген үміттеміз. жол Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»