Жанар-жағармаймен жүретін көліктердің заманы келмеске кететін күн жақындағаны туралы әңгімелер соңғы уақытта жиі айтылып жүргені белгілі. Тас жолдарда жүйткіген электромобильдердің көбейе бастағаны бұл әңгіменің негізсіз еместігін аңғарта түскендей еді. Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басты мәселе осы тақырып төңірегінде өрбіді.
Осы брифингте айтылғандай, алдағы уақытта еліміздегі жанар-жағармай бекеттерінде электромобильдерді қуаттандыруға арналға блоктар, сонымен қатар көліктерге газ құюға арналған стансалар орнатылмақ. Бұл туралы «Қазақстанның мұнай өңдеу зауыты» ЖШС басқарушы директоры Дәулет Қалиханов айтты.
Ол үшін алдымен 300 жанар-жағармай бекеті бір үлкен желіге біріктіріліп, бір нүктеден басқаруға көшеді. Электрмобильдерге, сондай-ақ, газбен жүретін көліктерге осы стансаларда тиісті қызмет көрсетілетін болады.
– Қазір электрмобильдерге сұраныс өсіп келе жатыр, «Тесла-ның» танымалдығы артты. Біз заман талабына сай жұмыс істеуіміз керек. Сол үшін республикалық маңызы бар тас жолдарда жанар-жағармай бекеттерін электрмобильдерді қуаттандыратын блоктармен, сондай-ақ, газ стансаларымен жабдықтаймыз. Бұл экономикалық қана емес, әлеуметтік мәні бар мәселе. Себебі, жобаға жергілікті кәсіпкерлерді, жергілікті жұмыс күшін тартамыз, – деді Д.Қалиханов.
«ҚМӨЗ» ЖШС басқарушы директорының орынбасары Аманай Махметовтің айтуынша, электрмобильдерді қуаттандыратын блоктармен жабдықтау мәселесі алдын-ала жете зерттелген.
– «Тесла» автокөліктерінің қуаты 150-200 шақырымға дейін жүруге жетеді екен. Онымен жүретін адамдар қаладан қашық жерге шықса, көлігін қуаттандыра алмайды, қуаттандыратын блоктар еш жерде жоқ. Біз қуаттандырғыш блоктарды электрмобильдер еркін жете алатын қашықтықтарға орналастырамыз, – деген А.Махметов ол бекеттердің орналасқан жері туралы кейінірек хабарлайтындықтарын айтты.
Сонымен қатар, «ҚМӨЗ» ЖШС бір жүйеге біріктірілетін жанар-жағармай бекеттерінің жұмыс сапасын тексеретін жедел зертханалар құруды да жоспарлап отыр. Компания қолға алған бастамаларын жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде өз қаржысынан және инвесторлардың есебінен 50 миллион долларға тарта қаражат құяды.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»