Елорда әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Астана қалалық қоғамдық кеңесі қаладағы қоғамдық көліктің жағдайы және даму көкжиегі, автобустар мен қалалық таксилердің жұмысын талдау, жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін (ЖАТЭЖ) жетілдіру, орынтұрақ инфрақұрылымы және ақылы орынтұрақтар мәселесі, бір бағытты қозғалысты ұйымдастыру, қаланың жол-көше инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, елорда әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, департамент басшылары және қала жұртшылығының өкілдері қатысты.
Астана қалалық қоғамдық кеңесі отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша елорда әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов, қалалық автокөлік жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұлов және «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан жеке-жеке баяндама жасады. Инфрақұрылым – қала тіршілігінің қан тамыры. Сәулеті күннен-күнге айшықтанып, келбеті көз тартқан Астанадай ірі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы ауадай қажет. Елорданы одан әрі өркендету мәселесінде Елбасы қаланың базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол айрықтарын барынша дамытуға басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан.
Міне, бүгін Астана қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы да осы бір өзекті мәселеге арналып отыр. Қоғамдық тыңдауда алғаш сөз алған қала әкімнің орынбасары Сергей Хорошун көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен шектелмейтіндігін атап көрсетті. Бұл орайда қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігі даусыз. Сондықтан, елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. «Жалпы алғанда біздің негізгі мақсатымыз қоғамдық көлікті пайдаланатын тұрғындар үлесін 33 пайыздан 45 пайызға дейін көтеру болып табылады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Вена қаласы тұрғындарының 35 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады, Сингапурда бұл көрсеткіш 63 пайызды, Мәскеуде 66 пайызды, Лондонда 37 пайызды құраса, Нью-Йорк тұрғындарының 54,3 пайызы қоғамдық көлікпен жүреді екен. Сонымен бірге, біз көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін 37,5 мың кқ/сағ-тан 43 мың кқ/сағ-қа дейін арттыруға ұмтыламыз», деді қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун.
Елорданың жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында соңғы кезде кешенді шаралар іс жүзіне асырылған. Осыған байланысты жүргізілген талдау қорытындыларын саралай келіп, жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. «Іс жүзіне асырылған шаралардың нәтижесінде қазіргі кезеңде мынандай жетістіктерге қол жеткізілді: көлік бағыттары 73 пайыз (81 бірлік); қоғамдық көлік құрамын жаңарту 40 пайыз (1 025 бірлік); бағыттар желісін өсіру 47 пайыз (3 748 шақырым); күнделікті қатынайтын жолаушылар санын 40 пайыз (875 мың); автобустардың жүктемесін төмендету 70 пайыз көлемінде жүзеге асырылды», деп атап көрсетті ол өз сөзінде.
Елорданың автокөлік жолдары басқармасының басшысы Сымбат Мырзағұловтың айтуынша, үстіміздегі жылы қалада жалпы ұзындығы 30,87 шақырымды құрайтын 39 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 16,6 шақырымды құрайтын 20 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. «Қазір біз қаланың оң жағалауында көшелерді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысудамыз. Бүгінге дейін Жангелдин, Мәскеу, 9 мамыр көшелерінде инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Желтоқсан және Әуезов көшелерін кеңейту және инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жоспарланып отыр», деді ол өз сөзінде. Жыл сайын елордада орта есеппен алғанда 10 шақырым жаңа көше жолдары салынады, жол төсеніштері ауыстырылып, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 7 шақырым көше жолдарының инженерлік желілері жаңғыртылады. Қазіргі кезде елордада жалпы ұзындығы 1038,4 шықырымды құрайтын 953 көше бар. Оның 705,2 шақырымы немесе 73,1 пайызына асфальтбетон жамылғылары төселген.
Қалалық автокөлік жолдары басқармасының басшысы өз сөзінде елордадағы көше инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды атап көрсетті. Мәселен, қазіргі кезде Комсомол, Көктал-2, Юго-Восток тұрғын үй алаптарында, Тілендиев даңғылының оңтүстігінде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Елордада 10,5 шақырым жаңа көше жолдары құрылысын салып, 2015 жылы басталған құрылысты аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 2017 жылы 10 шақырым көше жолдары құрылысын аяқтап, Көктал-2, Көктал-1, Юго-Восток, Комсомол тұрғын үй алаптарында жалпы ұзындығы 25 шақырым инженерлік желілерді іске қосу жоспарлануда. Баяндамашы атап көрсеткендей, Астанада 2011 жылдан 2016 жылға дейін жалпы ұзындығы 101 шақырым жол құрылысы салынып, ұзындығы 275,25 шақырымы инженерлік желілер пайдалануға берілген.
Соңғы уақытта елордада озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымына басымдық берілуде. Осы мақсатта бірқатар маңызды жобаларды іске асыру қолға алынды. Атап айтқанда, «Астана LRT» ЖШС ITS жобасын ұсынды. ITS жобасы бірнеше кіші жобалық жүйелерден тұрады. Олар: бағдаршам нысандарын бейімдеп басқару, жүргізушілерді хабардар ету жүйесі, қоғамдық көлікті диспетчерлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі, жол жүру ақысының электрондық жүйесі, жол қиылыстарын бейнебақылау жүйесі. «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданның айтуынша, елордада енді көлік орынтұрақтарын басқару жүйесі енгізілетін болады. Яғни орынтұрақтар үшін ақы алатын арнаулы қондырғылар орнатылады. Алғашқы қанатқақты жоба бойынша Нұржол желекжолының екіжақты ұзына бойына Орынбор көшесінен Қабанбай батыр даңғылының шығыс бөлігіне дейін 910 көлікке арналған орынтұрақтар жасау іс жүзіне асырылмақ. «Жалпы, қала бойынша 2 аймақта – жаңа әкімшілік орталықта және дәстүрлі ескі орталықта жалпы саны тоғыз мың көлікке арналған автотұрақ жасалынады. Біз алдағы уақытта көлік құралдарының 30-40 пайызға дейін өсуін, қоғамдық көлікке деген сұраныстың 21 пайызға артатынын, жол желісіне жүктелімнің 30 пайыз төмендейтінін, жол-көлік ережелерін бұзу оқиғаларының 80 пайызға дейін төмендейтінін және орынтұрақ орындарына деген сұраныстың 50 пайызға артатындығын күтудеміз», деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы. Сонымен бірге, оның айтуынша, бүгінде елордада жалпы ұзындығы 38,4 шақырымды құрайтын «Bus Lаne» арнайы автобус жолдары жабдықталған. Арнайы бөлінген «Bus Lаne» автобус жолдары 2015 жылы қаламыздың 6 көшесінде жүзеге асырылса, биыл тағы да 5 көшеде жүзеге асырылатын болады.
Астана қалалық қоғамдық кеңесі отырысында қаралған тағы бір өзекті мәселе – қала көшелеріндегі «біржақты қозғалыс» жобасы болды. Қала жұртшылығы хабардар болғанындай, бұл жобаның екі кезеңі іс жүзіне асырылып, 4 көшеде біржақты қозғалыс жүйесі жасалды. 20 тамыздан бастап бұл жобаның үшінші жүйесі жүзеге асырылып, Бөкейхан және Ағыбай батыр көшелерінде (Абай даңғылынан Республика даңғылына дейін) жалпы ұзындығы 0,99 шақырымды құрайтын «Біржақты қозғалыс» желісі енгізіледі. Талғат Арданның айтуы бойынша, екі жобаны жүзеге асырғаннан бері жасалған мониторинг бойынша көшелердегі орташа жылдамдық 30 пайызға артқан. Жол қиылысында тұрып қалу мерзімі 78 секундтан 40 секундқа дейін төмендеп, көлік құралдарының жылдамдығы 20 пайызға артқан.
Астана қалалық қоғамдық кеңесі қоғамдық тыңдауларының күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша отырысқа қатысқан қала тұрғындары да белсенділік танытты. Олар баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойып, қоғамдық кеңес мүшелерінің назарын бүгінде орын алып отырған кейбір келелі проблемаларды шешуге аударды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»