29 Шілде, 2016

Поляктардың қазақша тойы

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
29.07.2016 Agneshka-foto Краков қаласының  тұрғыны, поляк қызы Агнешка Сломян тұр­мысқа шықты. Тойында кейбір қазақ қыздары жар етегінен ұстап, босаға аттағанда кие бермейтін қазақтың ұлттық көйлегін, басына қалыңдықтың желегі желбіреген сәукелесін киіп, Хэхло көлінің маңайын қазақтың ұлттық оюларымен безендірді. Жас отаудың шаңырағы мықты болсын деген тілекті Қазақстанның Польшада­ғы Төтенше және өкілетті елшісі Алтай Әбибуллаев айтып, ол осы жаңалықты әлеуметтік желі арқылы жұртшылықпен бөлісті. Осыдан кейін біз қалыңдық Агнеш­камен байланысқа шығып: «Сіздің қазақ мә­дениетіне деген ықыласыңыздың сыры не­де?» деп сауал тастадық. – Оның тамыры менің студенттік кезімнен басталды. Әу баста Краковта университетте оқығанда таңдаған мамандығым – ресейтану болатын. Алайда, мені бала күнімнен көшпелілер мәдениеті қатты қызықтыратын. Үшінші курс­та жүргенде Орталық Азия елдерін, оның ішінде Қазақстан жайлы біле түссем деген ниетпен ықыласымды осы бетке аудардым. Неге Қазақстан десеңіз, ол бі­ріншіден, мені еліктіретін көшпелі мәдениеттің көне бесігінің бірі екендігінен, екіншіден, бұл елді поляктардың үлкен диаспорасының өзінің екінші Отаны санайтынынан. Содан университетті бітірген соң магистратураның бес айын Ал­матыдағы Қазақ халықара­лық қатынастар және әлем тілдері уни­верситетінде оқып, қазақ отбасында тұрып, диссертациямды «Қазақ отбасындағы дәстүр мен салттың сақталуы» тақырыбында қорғадым. Маған қазақ отбасыларындағы туыс­тықтың сақталуы қатты әсер етті. Мәселен, бірге туғаны емес, туысының, ауылдасының баласы оқуға келсе, қаладағы жер­лестің пәтерінің есігі ашық. Үйлеріне жатқызып, асын беріп, құжатын тапсыруына дейін кө­мектеседі. Еуропада болса туыс­тық қатынастардың деңгейі мұн­шалықты емес. Ал қазақтың тойлары қандай, ондағы сақ­талған ғұрыптар – келіннің бетін ашу, шашу шашу, бата беру, келіннің туысқандарға шай құйып беруі – бәрі-бәрі өте әдемі де, әрі таңсық, әрі адамдарды бір-біріне жақындататын дүниелер. Шын мәніндегі адами құндылықтар. Сол зерттеп жүрген уақытым­ның өзінде кейін тұрмысқа шық­қанда қазақтың ғұрпынан бір нәрселер тойымда көрініс берсе деген ой қылаң берген. Томаштың менімен таныспай тұрғандағы қазақтар туралы естігені тіптен мардымсыз болатын. Оны осы елмен та­ныстыру үшін туристік сапармен Қазақстанға келіп, батысқа, шығысқа, солтүстік пен оңтүстікке барып, қазақ жерінің табиғатын тамашалатып, өзім білетін жайларды әңгімелеуден жалықпадым. Ақырында Томаш та қазақ десе ішкен асын жерге қоятын жанға айналды. Былтыр Томаш екеуміз Көк­шетау қала­сында поляктар өт­кізген шараға арнайы келдік, Алматы арқылы Көкшеге сапар шегерде Шымбұлақ басында Томаш үйленуге ұсыныс айтты. Қалыңдық көйлегін Көкшеден алдым. Еуропалық қыздар қазақ қыздарына қарағанда денелі келеді емес пе, маған дайын көйлек табу да оңай болмады. Тіктіруге уақыт жоқ, содан прокатқа қалыңдық көйлегін беретін дүкенде ғана маған шақ көйлек бар екен. Қыр­сық қылғанда, дүкен иесі «Көйлек тек прокатқа беріледі» деп тұрып алды. Қоймай жүріп, 3-4 рет барып, тойдың Польшада өтетінін, ол жақта маған мұндай көйлек табылмайтынын айтып әзер дегенде көндірдім. Ал Томаш киген ұлттық киімді қазақтың дәмін татқан, топырағын басып, жері мен елінің қасиетін ұққан танысым, поляк қызы – Агата Рутинская сыйға тартты. Той өте көңілді өтті, қонақтарға қа­зақ оюларымен безендірілген зал, өзге де пайдаланылған қазақ стилі керемет ұнады», – деді поляк қызы. Осылайша, поляк азаматтары Агнешка Сломян мен Томаш Мазурэк көтерген шаңырақтағы қазақ еліне деген құрмет олар­дың махаббатымен бірге маздап, той меймандарының да көңілдеріне жылы шуақ ұялатыпты. Агнешка Сломян Краковтағы Шығыс бастамалары институтына басшылық етеді, ал оның үкіметтік емес ұйымдар жайындағы док­торлық диссертациясының бір бөлігі қазақстандық ҮЕҰ жұ­мыстарына арналған екен. «Менің қазақ еліне, оның халқына деген сүйіспеншілігім бір күнде қалыптасып, алып-ұшып, тез жанып, тез сөнетін жалын емес, ол жылдар бойындағы ізденісіммен келген шынайы құрмет сезімі. Әрі кеткенде 2 жылда бір рет Қазақстанға жол тартпасам, бірдеңемді жоғалтқандай күй кешемін, мен қазақтарды жақсы көремін», – деді Агнешка Сломян. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»