29 Шілде, 2016

ДҮБІР

358 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
RIO DE JANEIRO, BRAZIL - MARCH 23: In this handout image provided by Rio 2016, Olympic mascot, Vinicius, rides from the top of the Sugarloaf cable on Науch 23, 2015 in Rio De Қаңeiro, Brazil. Rio de Қаңeiro celebrates 500 days to go until the Rio 2016 Olympic Games, the first to be staged in South America (Photo by Alex Ferro/Rio 2016 via Getty Images) Олимпиаданың басталуына 7 күн қалды Жеті күн. Тура бір апта. Құдай қаласа, енді бір жетіден кейін біз Рио аспанында жарқырап жанған алауды да, соның алдында басталатын жаһандық жарыстарды да көретін боламыз. Бұл – төрт жылдық циклден тұратын кезекті Олимпиялық ойындардың бүгінгі күннің шындығына айналғанын көрсетіп береді. Біздің бұл Олимпиададан да күтеріміз көп. Сондықтан, қазақ елінің намысын қорғағалы бара жатқан спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Мырзағали Айтжанов: «Межеміз – екі алтын медаль» Бейсенбі күні таң сібірлеп атқанда, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына аттанды. Алыс сапар алдында құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановпен кездесіп, сөзге тартып едік. – Мырзағали Құланұлы, ел сенімін мойындарыңызға «жүктеп», төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға аттанға­лы отырсыздар. Әуелі дайындықтан бастасақ. Исі қазақ үміт артқан жүректі де білекті жігіттерімізді спорттық баптарына келтіру оңай іс емес екендігін білеміз. – Дайындық бекітілген жоспар бойынша өтті. Бұл – бірнеше кезеңнен тұратын, жүйелі түрде жоспарланған, ұзақ мерзімді жұмыс. Қазір соңғысын, яғни әдіс-айла, тәсіл-тактика дайындықтарын жетілдіру жұмыстарын аяқтап қалдық. Бұған дейін Алатау баурайында, яғни таулы жерде, таза ауада күш-қуат толықтыру жұмыстарын өткізіп келдік. Астанаға келген соң бізге Қанат Ислам бауырымыз алып келген кәсіпқой боксшылар қосылды. Солармен бірге жаттығып, спаррингтік кездесулер өткіздік. Жалпы, дайындық жұмыстарының бәрі де ойдағыдай өтті. Жігіттердің көңіл-күйлері жақсы. Бәрі де жауапкершілік жүгінің қаншалықты маңызды да ауыр екендігін біледі. Риоға барып, бір аптадай дайындығымызды пысықтап, ең бастысы, жігіттерді жергілікті климатқа жерсіндіріп алуды жоспарлап отырмыз. Жігіттердің бәрі 5 тамызда таразыға түседі. Содан соң – жеребе. – Ендігі мәселе – жоспар. Екі алтын аламыз деп жүргендеріңізді ел біледі... – Құдай қаласа, екі алтын медаль аламыз деп отырмыз. Бірақ біз ғана емес, Олимпиада шаршы алаңында бақ сынайтын өзге елдің боксшылары да саф алтынды армандайды. Мұны да ұмытпауымыз керек. Өзі 10 алтын ғана. Тура сонша күміс пен 20 қола сарапқа салынады. Ал боксшылар саны – 250. Бәрі де медальдан дәмелі. Осының бәрін есепке алып, өзіміздің шама-шарқымызды ескеріп, екі алтын жүлде аламыз деген ойымыз бар. Бірақ бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Алтын санын екеу деп жүргенімізбен, ата-бабаларымыз айтып кеткендей, арық айтып семіз шығуды ойлап жүрміз. – Ал жалпы медаль саны қанша болады деп жобалап отырсыздар? – Төрт-бес медаль, оның екеуі – алтын. – Осы жүлделерді жеңіп алуға қай боксшыларымыздың мүмкіндік­тері мол? – Боксшыларымыздың соңғы кез­дердегі көрсеткіштеріне қарап, қол жет­кізген жетістіктерін ескере отырып, қай­сы­сының мүмкіндігі молырақ екендігін айтуға болады. Бірақ соның өзінде ешкімді де бөле-жара айтқымыз келмейді. Неге? Себебі, барлығы бірдей жұмыс атқарып жатыр. Әрі бұл – Олимпиада. Ал мұнда әртүрлі жағдайлар болады. «Алтын алады» деп, сенім артып отырған жігіттердің жолдары болмай, басқа боксшылардың айы оңынан туып, чемпион болып жатады. Сондықтан, бұл сұрағыңызға «кімнің бағы мен бабы қатар шабады, сол алтын алады» деп жауап бергім келеді. – Жаттығу жұмыстарында тек қа­зақ­­ша сөйлейсіз. Аз да болса, құрама са­пын­да өзге ұлт өкілдері де бар ғой. Соларға түсінікті болсын деп, орысша да сөйлемейсіз бе? – Бұл қазақ елінің ұлттық құрамасы емес пе?! Сондықтан, қазақша сөйлеймін. Жаттығу жұмыстарының бәрін де қазақ тілінде жүргіземін. Біз қазақтың намысын қорғаймыз. Басқа елдің емес! Сол себепті, ана тілімізде сөйлейміз. Бәрі де тәрбиеден басталады дейді. Таңертең тұрған бетте сапқа тұрып, Әнұранымызды шырқаймыз. Бәрі де жатқа біледі. Ең әуелі, бір-бірі­мізбен қазақша амандасамыз. – «Осы жігіттің жолы болмады-ау, Олимпиадаға бара алмайтын болды» деп, өкініш білдіретін елде кім қалатын болды? Сіз үшін «қап, әттеген-ай» деп, қынжылатын біреу-міреу бар ма? – Жоқ. Үздіктердің бәрі де – ұлттық құрама сапында. Олимпиада жолдамасын нағыз үздік боксшыларымыз жеңіп алды.  Әңгімелескен Нұрғазы САСАЕВ АСТАНА Олимпиада қалашығы ашылды Өткен аптаның соңында Рио-де-Жанейрода Олимпиада қалашығы ресми түрде ашылды. Бұған арналған салтанатты рәсімді Рио-2016 ұйымдастырушы комитеті жүргізіп, командалар өкілдеріне қалашықты таныс­тырды. Жаңадан салынған ауданда Олимпиадаға келген спортшылар мен олардың жаттық­тыру­шылары, сондай-ақ спорт делегациясының мүшелері орналасады. Қазірдің өзінде мұнда спортшылардың алдыңғы легі келіп үлгерді. Дегенмен, олардың бірқатары қалашық үйлеріне көңілдері толмайтындарын жеткізіп те жатыр. Бұған кейбір құрылыс нысандарының толық біте қоймағаны себеп болған сияқты. Сол себепті, барған туристер мен мамандар арасында мұнда орналасудан бас тартып жатқандары да бар көрінеді. Айтулы аламанға әлемнің түкпір-түкпірінен келген спорт делегациясының демалып, тыны­ғуына арналған қалашықта барлығы 31 нысан бой көтерген. Ойындар кезінде мұнда 18 мың адамға дейін жайғаса алады. Оларға шамамен 13 мың адам қызмет көрсетеді. Мұнда спорт залы, демалыс аймағы, сұлулық салоны мен діни орталықтар және заманауи үлгіде жабдықталған медициналық орталық пен 5 мың адамға арналған асхана бар. Серік Пірназар, «Егемен Қазақстан» Ниджат Рагимов Ниджаттың ниеті Ел намысын түрлі халықара­лық сайыстарда қорғайтын ауыл атлеттер қатарына қосылған зіл­теміршінің бірі – Ниджат Раги­мов. Бұрын-соңды ел спортшылары арасында аты естілмеген бұл атлет кім еді? Әрине, осы са­уалға жауап іздегенде, алдымен оның Әзербайжанның астанасы – Бакуде туып-өскенін алға тартуға болады. Санаулы күндерден ке­йін, яғни 13 тамызда жасы 26-ға толады. Ауыр атлетикамен ай­­налысуды өзінің кіндік қаны тамған елде бастапты. Өзінің айтуына қарағанда, Әзербайжан құрамасының сапында болғанда әкесі Әлиден тәлім алыпты. Осы құрамада жүріп, әлемдік до­дадағы алғашқы жеңісіне жеткен. Нақтылай айтқанда, 2010 жылы Сингапурда өткен жасөс­пірімдердің Олимпиялық ойындарында топ жарып, алтын жүлдеге ие болған. Сол кезде ол 69 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған. Осы жеңістен соң жас атлет үш жылға дейін әлемдік сайыстарға қатыса қойған жоқ. Бәлкім, бұған оның өз салмағын ұлғайтқаны себеп болған секілді. Ол осы үш жыл ішінде 77 килоға дейінгі салмаққа  ауы­суды ұйғарыпты. Рас, бұл оған оңай­ға түсе қойған жоқ. Мұндай қадамға ол өз қалауымен де, тіпті, жат­тықтырушыларының ке­ңесімен де баруы мүмкін. Қалай дегенде де, ол 2013 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдені еншілепті. Алайда, 2014 жылы Ниджат Рагимовтің өмірінде үлкен өз­герістер орын алды. Дәл сол уақытта Әзербайжан ауыр атлетика құрамасында 18 спортшы допинг дауына ілігіп, Еуропа чемпионатының медалінен айы­рылды. Өз елінің спортшылары халықаралық сайыс­тардан шеттетілген тұста жас зілтемірші шетелге кетуді ойлас­тырыпты. Таңдауында бірнеше ел болғанмен, Қазақстан туы астында бақ сынауға бел буып­ты. Сөйтіп, ол біздің елдің намысын 2015 жылдан бастап қорғауға қадам жасады. Қазақстан құрамасына қатысқан алғашқы халықаралық сайыста бағы жан­ды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында қарсыластарының бәрін қапы қалдырды. Сол сында оның жұлдызы жанарына ешкім бәс тікпеген тәрізді. Өйткені, оның салмағында мықты қарсыластар көп еді. Әсіресе, Лондон Олим­пиадасының жүлдегері қытайлық Люй Сяо­цзюнь, солтүстіккореялық Ким Квонг Сонг және армениялық Ан­драник Карапетян бұған дейін мұндай әлемдік додаларда топ жарып, мол тәжірибе жинаған. Жаһандық жарыста дәл осы ауыр атлеттер жұлқа көтеру сайысында алғашқы лектен көрініп, 165 килоны төбесінен асырған Н.Рагимовті төртінші орынға сырғытып жіберген еді. Алайда, осы төрт зілтемірші серпи кө­теруде тартысты одан әрі қыз­дырды. Бұл сайыста Люй Сяо­цзюнь 201 кило тартатын зіл­темірді үш мүмкіндігінде де тарта алған жоқ. Ал Ким Квонг Сонг қана 201 килоны көтерді. Қазақстан намысын қорғаған ауыр атлет бастапқыда 195 килоны оңай бағындырды. Екінші мүмкіндігінде оған 200 килоны бағындыру жүктелгенімен, бас бапкер Алексей Ни тапсырыс­ты 202 килоға апарды. Одан соң отандасымызға 207 килоны көтеру міндеті қойылды. Рас, бірден бес килоға көбейген зіл­темірді ырық­қа көндіру оңай емес. Дегенмен, Нид­­жат Рагимов өзіне үлкен үміт ар­тылғанын түсі­ніп, үдеден көріне білді. Әлем чемпионатындағы қос­сайыс нәтижесінде Ким Квонг Сонг пен Ниджат Рагимовтің көр­сеткіші тең түсті. Екеуінде де 372 кило. Дегенмен, қарсы­ла­сының салмағы Ниджаттан бір ки­лоға ауыр болып шықты. Осы­лайша, Қазақстан аза­матты­ғын қа­былдаған әзербайжан жігіті­нің бағы жанып, әлем чемпионы атанды. – Әлем чемпионатындағы жеңісімнен кейін Олимпиа­да ойындарына дайындықты бастадым. Рас, бұл сайысқа дейін көп уақыт жаттығудан қол үзіп қалып едім. Өзімді қайрадым, бапкерлердің кеңесін көңілге түйдім, – дейді жақын күндері Бразилияға аттан­ғалы отырған Ниджат Рагимов. – Қа­зақстандағы ауыр атлеттер мектебінде шыңдалып жүргеніме қуаныштымын... Қазір Ниджат Рагимовке қа­зақ­стандықтар түгел үміт артып отыр. «Ел үмітін ақтауға ты­рысамын» дейді тау көтерген Толағайдай бұла күштің иесі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ 2566_oko_1 Ескек есуде де есеміз бар Байдарка мен каноэ есуден жасындай жарқ ете қалған Тимур Хайдаровтың есімі Германияның Дуйсбург қаласында өткен Әлем кубогы жарысында белгілі бол­ған. Дүние жүзіндегі 63 мемлекеттен жиналған 600-ден астам спортшының додасына алғаш рет қатысқанына қарамастан Қа­зақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды. 500 метрлік қашықтықта тә­жірибелі ескек есуші Сергей Емельянов Әлем кубогының қола медалін Қазақстан қоржынына салған. Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан жас талант Тимур Хайдаров 200 метрлік қашықтықта байдарка мен каноэда жалғыз есуден үздік бестікке кірді. Келесі қашықтықта Тимурмен жұптасқан Мерей Медетов екеуі қола медальға сынық сүйем жетпей қалды. Әлем кубогының екінші кезеңі Чехияның Рачица қаласында өткенде Тимур 200 метрлік қа­шық­­тықта қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, мәреге жеке дара келді. Дуйсбургте кеткен есені Мерей Медетов екеуі қайтарып, күміс медальді және жеңіп алды. Содан соң Қазақстан құрамасы спортшыларды тынықтыру үшін Әлем кубогының үшінші кезеңінен бас тартқан. Құрама Рио-де-Жанейро Олим­пиадасы алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын Беларусь жерінде өткізді. Бұдан соң Чехияның Рачицасында кем-кетікті тағы бір пысықтап, Риоға жарыс басталардан үш күн бұрын келеді. Ескек есу – оңай спорт түрі емес. Ауа райы, желдің соққан бағыты қатты әсер етеді. Көбіне сәттілік көмектеседі. Мәселен, Мерей Медетов екеуі жұптасып есуде ақтық сынға дейін бәрі тамаша болған. Соңғы стартта екеуі бірден шығып кете алмай, бір метрлік қашықтықта өзге қарсыластарынан қайық корпусының ортасында қалып кеткен. Оң жақтан есетін екеуі барын салып бәсекелестерін қу­ып жеткенімен, алғашқы метр­дегі сәтсіздіктің орны толмай, «күміске» қанағат етуге тура келген. Қазір Тимур Хайдаров 200 метр­­лік қашықтыққа тыңғылықты дайындалуда. Әлем кубогы жарысында ол қытай және украин ескекшілерін артқа тастаған. Украиндардың бұрын Олимпиада ойындарының жеңімпазы бол­ғанын ескерсек, Қазақстан құрама­сының ең жас ескек есушісі үшін үлкен мотивация болары дау­сыз. Қалай дегенде де, Оңтүстік Қазақстан облыстық байдарка мен каноэ есуден федерацияның Президенті, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Денис Жарменов Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаровқа үлкен үміт артып отыр. Бақ та, бап та қоса шапса, Оң­түстіктің бұла жігіттері әлемнің жұлдызына айналмақ.  Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы Татами тарланы Дзюдодан ұлттық құраманың бес Олимпиадада алған жалғыз медалі бар. Ол – Асхат Жіткеевтің «күмісі». Қыздар құрамасының қоржынынан медаль сыңғыры әлі күнге естілген емес. Рио төріндегі татамиде осы олқылықтың орны тола ма, деген сауалдың жауабын іздеп, 63 кило салмақтағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының, әлемдік Гран-Придің қола жүлдегері атанған Мариан Ордабаеваға  хабарласқан едік. Телефон тұтқасын көтерген Мариан жаңа ғана жаттығудан келіп, демалып отырғанын айтты.   – Ұлттық құрамамен бірге Ал­матыда «Бағанашыл» кешенінде жаттығу өткізіп жатырмыз. Осы жердегі он күндік жаттығуды аяқтаған соң, Бразилияға ұшамыз. Алдымен Сан-Паулуға, одан әрі Риоға барамыз. Жаттығу ой­дағыдай өтіп жатыр, құраманың қыздары жарақаттан аман-есен. Психологиялық жағынан да, дене күші жағынан да дайынбыз деп айта аламын. Жалпы, психологтың көмегінсіз де құрама мүшелерінің көңіл күйі жақсы, орнықты деп ойлаймын, – деді ол. 63 кило – күрестің көп түрінде бәсекелестік өте күшті салмақ дәрежесі екендігі белгілі. Бұл туралы Мариан былай дейді: – Менің салмағымда слове­ниялық дзюдошы Тина Трстеньяк әлемдік рейтингте көшбасшы саналады. Ол былтыр Астанада өткен әлем чемпионатында алтын медаль алғанын білесіздер. Жақсы күреседі, үнемі бабында жүретіндігінің арқасында бірнеше жылдан бері жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Францияның 63 килода күресетін дзюдошы­сы да өте күшті. Моңғолия, Жапо­ния елдерінің балуандары да мықты. Жалпы, менің салмағымда бәсекелестік өте күшті. Бірақ мен қарсыластарымнан қорықпаймын. Олимпиадада бар күшімді салатыныма сеніңіздер. Қалғанын татамиде көреміз. Басты мақсат – медаль алу. Мариан айтып отырған француз балуаны Кларесс Агбеньену – құрлық додаларында жүлде алып жүрген спортшы. Ересектер арасындағы додаларға қосыла салысымен, олжа сала бастаған Кларесс 2012 жылы Лондон Олим­пиадасының жолдамасын жерлесіне ұстатуға мәжбүр болған-ды. Бұл жолы Бразилияға тәжірибесі толысқан шағында барғалы тұр. Алайда, өзі айтқандай, жерлесімізді қарсыластарының атақ-даңқы жасқандырмауға тиіс. Марианды спортшылар отбасында туып-өскен деуге болады. Әкесі қоян-қолтық ұрыс түрінен спорт шебері. Анасы кәсіби спортшы болмаса да, футболмен, волейболмен әуестенген. Татамиге 11 жасында аяқ басқан Мариан содан бергі 15 жылға жуық уақытта біраз белестерді бағындырғанын жанкүйерлер білуге тиіс. Айтпақшы, әлеуметтік желідегі пікірлерге қарасақ, жерлесімізді қырғыз қызы деп ойлайтындар бар екен. Жоқ, Марианның ұлты қазақ. Әкесі де, анасы да Алматыда туып-өскен жергілікті қазақтар. 1987 жылы отбасы жұмыс бабымен уақытша Қырғызстанға барып, кіндік қаны Ыстықкөл жағасына тамғаны болмаса... Олимпиадаға аттанғалы отыр­ған балуан қыз «Егемен Қазақстан» арқылы жанкүйерлерге: – Жарыс алдында болжам жасау ең қиын нәрсе. Әсіресе, дзю­дода жеңіс немесе жеңіліс бір секундқа жетпейтін уақыт ішінде шешіліп кетуі мүмкін, барлығын татами көрсетеді. Біз қолымыздан келгенше жоғары нәтижеге ұмтыламыз. Жеңіске жетіп жатсақ, бұл еліміз­де дзю-до күресінің дамығаны, гүлденгені. Жанкүйерлердің қолдауын күтемін, – деді. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»