29 Шілде, 2016

Өнердің қуаты

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_0715 онкологиялық ауруға ұшыраған балаларға жәрдем береді Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында (ПжБХҒО) онкологиялық ауруға ұшыраған балаларға арналған қайырымдылық шараны қолдауға өз ниетін білдірген атақты француз фотографы Стефан Эрбер тұңғыш рет Қазақстанға арнайы ұшып келіп, отандық суретшілермен бірге бейнелеу өнері бойынша шеберлік сабағын өткізген болатын. Үйретушілер қатарында өз сезімдерін қағаз бетіне түсіріп, оқиғаларын бояулар арқылы жеткізуде қазақстандық танымал суретшілер мен мүсіншілер Эдуард Казарян, Марат Бекеев және Андрей Нода да қатысып, үйретуге тырысқан еді. Өзге аурулармен салыс­тыр­ғанда, қатерлі ісіктер балалар ара­сында сирек ұшырасады десек те, кішкене балақайлардың мүге­дектігі мен өлімі бойынша еліміздің жағдайы мәз емес. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 600 балада қатерлі өскіндер (ҚӨ) анықталады, соның ішінде 200-інде аққан науқасы кездеседі. 2015 жылы алғаш ҚӨ анықталған балалар саны 507-ні құрады, олардың ішінде 171 балада – асқынған аққандылық, 336 балада – қомақты ісік болды. – Қазіргі таңда онкологиялық ауруға шалдыққан балаларды емдеудің тиімділігі көп жағдайда психологиялық қолдауға байланысты екені дәлелденіп отыр. Кез келген жастағы бала үшін стационарда жатқан уақыт өте ауыр тиеді. Өзінің қандай да бір қауіпті ауруға шалдыққанын түсіну, тексерістен өтер алдын­дағы үрей, үйреншікті ортаны өзгерту, ата-анасынан және туысқандарынан алшақтау, осы­ның барлығы баланың психо­логиялық жағдайына ықпал ететін фактор болып табылады. Ал атақты суретшілер жүргізетін шеберлік сабақтары тек науқас балаларға ғана емес, сонымен қатар, олардың ата-аналарына жағымды қуат беретін, балалар үшін көрнекті, көңілді, қызықты әрі танымдық шара болып саналады. Бұл тек балалардың ішкі толғаныстарын емдеу емес, сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен ем­деуді жетілдіре түсетін жол, – дейді Педиатрия және балалар хи­рургия­сы ғылыми орталығы ди­рек­торы­ның орынбасары Май­ра Шәріпова. Сонымен қатар, отандық медицинаның жетістіктері арқа­сында соңғы он жыл ішінде онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмірі ұзара түсті, ал көптеген кішкентай науқастардың толықтай жазылып кетуіне де қол жетіп отыр. Балаларда кездесетін онкологиялық ауруларды сәтті емдеудің үлгісі ретінде асқынған лимфобласты аққандылыққа шалдыққан балалардың аман қалуын айтуға болады, бүгінде ол 70 пайызды құрап отыр. Ал бұған дейін мұндай диагноз қойылған балалар 100 пайыз жағдайда аурудан көз жұматын еді. Асқынған аққандылықты емдеудің тиімділігін арттыру ремиссиялы науқастар саны­ның жинақталуына ықпал етеді. Осылайша, ПжБХҰО-ның көрсеткіші бойынша, респуб­ликада бүгінгі таңда 1115 бала асқынған аққандылық ремис­сиясының есебінде тұр, ал 2003 жылы олардың саны 88 болатын. Э.Казарян, М.Бекеев, А.Но­далардың арт-терапия сабақ­тары онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға психо­логиялық қолдау білдіру ар­қы­лы сауықтыруға бағыт­талған. Бейнелеу өнері және шығар­машылықпен айналысу кішкентай науқастарға өздеріне деген сенімдерін оятып, бойларындағы қуатын жағымды салаға жұм­сауға, қиялдарын шыңдап, шығар­машылық қабілеттерін арттыра түсуге көмектеседі. – Біз жұбайымыз екеуміз әрдайым қайырымдылық шараларды қолдап отырамыз, сондықтан да қазақстандық суретшілер өткізетін арт-терапия туралы естіген кезде, мен де өз үлесімді қосу­ды қаладым. Мен фотограф ретінде шығармашылықтың кү­шіне сенемін, – деп өз ойымен бөлісті франциялық қонағымыз Стефан Эрбер. Шеберлік сабағы еліміздің бірнеше қалаларында өткізген «Шығыс пен Батыстың арасына көпір орнату» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бастапқыда шеберлік сабақтары көркемдік мектебінің балалары үшін жүргізілсе, алайда, уақыт өте келе оған біртіндеп Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан балалар қатыса бастады. – Арт-терапия – балаларға күрделі ем қабылдау кезеңінде жинақталатын көңіл күйіндегі ауыр жүк пен негативтен ары­луға көмектеседі. Биылғы жылы шеберлік сабағы мен көрме «Қуат» («Энергия») деген симво­ликалық атқа ие. Балаларға таби­ғаттың бар қуаты қажет – су, жел, күн – және сырқатты жеңіп, болашаққа сену үшін жан қуаты керек, – дейді Қазақстанда дүниеге келген, «Шығыс пен Батыс арасына көпірлер орнату» бағдарламасының бастамашысы, француз әйелі Лариса Инджуджян. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ