9 ақпан күні футболдан ұлттық құрама осыдан он күн бұрын Чехиядан шақырылған бапкер Мирослав Беранектің жетекшілігімен Түркияның Анталья қаласында Беларусь командасымен жаңа жылдағы алғашқы ойынын өткізді.
Бұл жолдастық кездесу деңгейінде өткен матч ешкімнің пайдасына шешілмеді, ойын 1:1 болып аяқталды. Кездесуде бірінші болып есепті қарсыласымыз ашты. Шетелдің біраз командаларында ойнап, әбден ысылған Александр Глеб бұл жолы да қазақ қақпасының кілтін таба білді. Ол құрамалардың Алматыдағы ойыны 5:1, Брестегі кездесуі 4:0 болып аяқталып, командаластарының пайдасына шешілгенде де жасыл алаңнан гол соқпай кетпеген еді. Осы жолы да Беларусьтің көшбасшысы матчтың бірінші жартысы бітер кезде 11 метрлік айып добын соғып үлгерді. Ал екінші таймның соңында біздің абыройымызды әріптесімен алмасқан Сергей Остапенко сақтап қалды десе болады. Бернд Шторк кезінде Самат Смақов, Давид Лория сияқты командадан шеттетілген Остапенко ойынның 90-минөтінде қарсыластар қақпасын дәл көздеді.
Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын 26 наурыз күні Германия командасымен сыр алаңда өткізеді. Әзірше жаңа бапкердің бұл кездесуге қай құраммен баратыны белгісіз. Ал Беларуське қарсы матчта ұлттық құрама жасыл алаңға мынадай құраммен шықты. Қақпада ойынның бірінші жартысында Андрей Сидельников тұрды. Оны кейін Давид Лория алмастырды. Қорғаныста бір-бірін алмастырған Антон Чичулин, Ренат Абдуллин, Владислав Чернышев, Самат Смақов, Қайрат Нұрдәулетов, Александр Кислицын ойнаса, жартылай қорғаныста Андрей Карпович, Максим Азовский, Азат Нұрғалиев, Ұлан Қонысбаев, Сергей Скорых, Дмитрий Шомко, шабуылда Нұрбол Жұмасқалиев, Сергей Хижниченко, Сергей Остапенко және Андрей Финонченко өнер көрсетті.
М.Беранек осылардан басқа ұлттық құрамаға қақпашы Александр Мокин, қорғаушы Фархадбек Ырысметов, Александр Киров, жартылай қорғаушы Қазыбек Гетериев, Аслан Дарабаев, Сергей Мужыков пен Евгений Аверченконы шақырып отырғанын атап өткен жөн.
Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Беранек 1957 жылы 24 сәуір күні Чехияның Бенешов қаласында туған. Чехиялық «Спартак» (Пелгржимов), «Шкода» (Плзень), «Славия» (Прага) командаларында ойнаған. Бапкер ретінде «SV Gmund», «Славия» (Прага), «Кладно», «Хмель», «Дебрецен» (Венгрия), «Әл-Васл» (Дубай, БАӘ) клубтары мен Чехияның жастар құрамасын жаттықтырған. Соңғы кездері Чехияның ұлттық құрамасы бас бапкерінің көмекшісі болған.
Ойындар нәтижелері:
6 ақпан. Польша – Молдова 1:0, 8 ақпан. Румыния – Украина 2:2, (пенальти 2:4), Кипр – Швеция 0:2, Ирландия – Уэльс 3:0, 9 ақпан. Иран – Ресей 1:0, Аргентина – Португалия 2:1, Испания – Колумбия 1:0, Мальта – Швейцария 0:0, Польша – Норвегия 1:0, Франция – Бразилия 1:0, Хорватия – Чехия 4:2, Эстония –Болгария 2:2, Дания – Англия 1:2, Германия – Италия 1:1, Голландия – Австрия 3:1, Бельгия – Финляндия 1:1, Македония – Камерун 0:1, Люксембург – Словакия 2:1, Армения – Грузия 1:2, Молдова – Андорра 2:1, Грекия – Канада 1:0, Боливия – Латвия 1:2, Әзірбайжан – Венгрия 0:2, Израиль – Сербия 0:2, Түркия – Оңтүстік Корея 0:0, Албания – Словения 1:2, Украина – Швеция 1:1(пенальти 5:4).