«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Президенттің ел халқына жолдаған Жолдауы біздің мемлекетіміздің даму тарихында елеулі кезең болды. Әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің одан әрі дамуын айтып қана қоймай, ел халқын әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар нақты шараларды атап өтті. Қазіргі жаһандық қатерлер жағдайында бірде-бір мемлекет қоғамды әлеуметтік жаңғырту бойынша Қазақстандағыдай теңдесі жоқ шаралар қабылдамады.
Үкіметке жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде барлық әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз етуді есепке ала отырып, экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін жаңа Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу тапсырылған болатын. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау қызметкерлеріне – орташа 28 пайызға дейін, білім беру қызметкерлеріне – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне – 40 пайызға дейін жалақыларын көтеру қарастырылған. Ескерте кету керек, олардың арасында дене шынықтыру және спорт саласының қызметкерлері де бар.
Үстіміздегі жылы мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақыны, сондай-ақ, колледждер мен жоғары оқу орындары білім алушыларының шәкіртақыларын 25 пайызға көтеру қамтамасыз етілетін болады. Инфляция деңгейінің алдын алып, 2 пайызға индексациялау жүргізілетін болады. Мұның барлығын мемлекеттің өз азаматтары әл-ауқатының өсуіне деген қамқорлығы деп білеміз.
Елбасымыз атап өткендей, Қазақстанда бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған, өйткені, шикізат ресурстарына тәуелсіз экономиканы құруға бағытталған «Нұрлы Жол» индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламалары жұмыс істеп жатыр. Барша спорт қауымдастығы Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін іске асыруда бағдар болған осы тарихи Жолдауға қолдау көрсетуде. Осы міндетті шешуде дене шынықтыру және спорт саласы да өз үлесін қосады. Қазіргі таңда жазғы және қысқы олимпиада ойындары бойынша Қазақстан әлемдік спорт державаларының үздік отыздығына кіретінін мақтанышпен айта аламыз. Мұны Халықаралық Олимпиада комитетінің бейресми рейтинг деректері куәландырады.
Бұл көрсеткіш – Президентіміздің сарабдал саясатының жемісі. Елбасымыздың тікелей қолдауымен елімізде спорт және дене шынықтыру саласы қарқынды дамуда. Қазақстан халқына арналған әрбір Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы ел халқы арасында бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударады.
Мәдениет және спорт министрлігі алдына 2020 жылға қазақстандықтардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануын 30% қамтуды қамтамасыз ету бойынша міндет қойылды. Жыл сайын мемлекеттің дене шынықтыру-спорт қозғалысына атсалысатын балалар мен ересектердің саны артып, бүгінгі таңда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданатын азаматтардың саны 25%-ға өсті.
Сонымен қатар, спортпен шұғылданатын халықтың үлесін ұлғайту жөніндегі маңызды жалпыұлттық міндеттерді шешудің табысты өтуі еліміздегі дене шынықтыру мен спортты дамыту жағдайы мен деңгейіне, патриотизмді, достықты және халық бірлігін дамытуда дене шынықтыру мен спорт мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға байланысты болады. Осыған нағыз үлгі түрлі ұлттар мен этностар өкілдерін бір спорттық рухта біріктіру және ынтымақтастыру үшін зор әлеуеті бар ұлттық спорт түрлерін дамыту болып табылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда 20-дан аса ұлттық спорт түрі дамуда. Чемпионаттар, кубоктар, республикалық және халықаралық турнирлер, оның ішінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер ауылдық спорт ойындары, көкпар және аударыспақ бойынша Азия чемпионаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына халықтық спорт ойындары, «Ақ Бидай» республикалық ауылдық спорт ойындары, Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері фестивалі, Қысқы ауылдық спартакиада мен Қысқы ауылдық жасөспірімдер ойындарын өткізу дәстүрге айналды.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін спорт ғимараттарына олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға жеңілдік беру бөлігінде спорт саласында кедергісіз аймақтар жасауға аса назар аударылуда. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданатын мүгедектер саны жылдан жылға өсіп келеді, атап айтқанда, 2009 жылы 6%-дан (12 мың адам) 2014 жылы 9,2%-ға (22,6 мың адам) өсті. Бұл көрсеткіш – физикалық мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 9 спорт клубының, сондай-ақ, дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған Спорттық даярлау орталықтары қызметінің нәтижелері. Жыл сайын 5 мың спортшы-мүгедектердің қатысуымен мүгедектердің әртүрлі санаттары үшін 40-тан аса халықаралық және республикалық чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.
Бұқаралық спортты дамытуда спорт инфрақұрылымының, соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлерде көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда елімізде 35 мыңға жуық спорт ғимараты, спорт мектептерін қоса алғанда, 25,6 мыңнан аса білім беру мекемелерінің нысандарына, тек 9 мыңға жуық нысан дене шынықтыру-спорттық мақсаттағы нысанға жатады.
Осыған байланысты ел халқы үшін спорттық және спорттық-сауықтыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында дене-сауықтыру кешендері (ДСК) құрылыстарын салу жұмысы жалғасуда. 2014 жылы еліміздің 8 өңірінде: Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында 18 ДСК құрылысы басталды.
Қазақстанда балалар-жасөспірімдер мектептерінен ел ұлттық құрамасы командасына дейінгі жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазақстандық спортшылар шетелдерде оқу және тағылымдамадан, оның ішінде, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде өтеді. Олар Әлем, Азия чемпионаттарында және басқа да халықаралық дәрежедегі жарыстарда жоғары спорттық нәтижелер көрсетіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында 48 спортшы Әлем чемпионы, олимпиадалық спорт түрлері бойынша 46 спортшы күміс және 69 спортшы қола жүлдегер атанды. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем біріншіліктерінде барлығы 163 медаль жеңіп алынды.
Біздің олимпиадашылардың жарқырап өнер көрсетуі барлық спорт және әлемдік қоғамды дүр сілкіндірді және де әлемдегі барлық спортсүйер қауымды бейжай қалдырмады. Олимпиада алаңындағы спортшыларымыздың жетістіктері елімізге деген қызығушылықтың өсуіне, әлемдік спорт аренасында қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне ықпал етті. Әлемдік спорт аренасында қол жеткізген нәтижелер мемлекеттің және татулық пен бейбітшілікте тұрып, әртүрлі қажеттіліктерді іске асырып жатқан 130-дан аса этностың жайлы ахуалының арқасында мүмкін болып отыр.
Мемлекет қазақстандықтар арасында бұқаралық спорт түрлерін дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыратын болады. Атап айтқанда, спорт пен дене шынықтыру ұлттың рухы мен тәнін сауықтыратын аса тиімді құрал болып табылады, бұл өз кезегінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеяны іске асыру негіздерінің бірін және «Біртектілік пен бірлік» атты бес институттық реформаның бірін құрайды.
Өсім, реформалар, даму – бұл Президенттің Қазақстан халқына арналған Жолдауында айқындалған біздің жаңа бүгініміз, ортақ болашағымыз. Біздің барлық әрекетіміз қойылған міндеттерді іске асыруда берік іргетас болуы тиіс.
Бүгінгі таңда министрлік елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп, 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын әзірледі.
Әлемдік спорт аренасында қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік 2016 жылы лицензиялық турнирлерде ұлттық құрама командалардың қатысуын қамтамасыз ету және Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия) өтетін кезекті Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу межесінен абыройлы көрінді. Енді спортшыларымызға осынау аламан додада сәттілік қана тілеп отырмыз. Сонымен қатар, Алматы қаласында Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017-ні дайындау, ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыстарды үйлестіруді жоспарлаған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасыр ішінде дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту үшін айтарлықтай жұмыстар жасалды, бірақ, алда үлкен жұмыстар күтілуде. Барлық спорт қоғамы министрлікпен бірлесіп, қойылған міндеттерді шешу үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдімін.
Елсияр ҚАНАҒАТОВ,
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы