Үлескерлер мүддесі қорғалды
Құқы бұзылған адамның қарны да тоқ болмайды. Қарын тоқ болмаған соң өмірдің сәні кетіп, тіршіліктің мәні жоғалады. Ал біздің елде, расы керек, көбіне қарапайым адамдардың құқы тапталып жатады. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, құқы бұзылған адам жалғыз болса, үні естілмей қалуы да мүмкін. Ал «Көп қорқытады, терең батырады» деген текке айтылмаған ғой. Өйткені, көптің үні түбінде көлге емес, тау-тасты құлатар тасқын суға айналуы ғажап емес. Алайда, елдегі бірқатар компания басшылары, қалталы азаматтар, шенеуніктер дегенін жасап, ашу-ызаның көзін ашуға тырысады. Бұл наразылықты туғызады. Ол қарапайым халық сенетін заңдарымыздың бұрмалануынан туындайды. Демек, қарапайым жанға, алдымен, заңдылықтың сақталғаны керек. Міне сонда, бәріміз аузымыздан тастамайтын, құқық та қорғалады. Осы халықтың құқын заңды қорғай алатындығын еліміздің Жоғарғы Соты тағы бір дәлелдеп берді. Көптеген үлескерлердің талаптарын дұрыс деп тауып, олардың құқын қорғайтын оңды шешім шығарды.
Ал наразылықты тудырған мәселе қалай басталды? Түсінікті болуы үшін бұған нақтырақ тоқталайық. Өткен 2012-2015 жылдар аралығында «Азбука жилья» компаниялар тобы басшыларының заңсыз әрекеттері салдарынан Астана қаласындағы «Expo Тown» және «Expo City» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері жалпы сомасы 5 млрд. теңгеден астам материалдық шығынға ұшыраған еді. Тіпті, құрылыстың аяқталуы 2014-2015 жылдарға жоспарланса да, бүгінгі күнге дейін үйлер салынбай, құрылыс аяқталмай қалды.
Осыған орай Астана қаласының соттары аталған тұрғын үй кешендері үлескерлерінің мүддесін көздейтін шарттарды бұзу, өтемақы өндіру, аяқталмаған құрылыс нысандары мен жобалық-сметалық құжаттарды беру туралы бірқатар талап-арыздарды қарады. Оның нәтижесімен үлескерлердің талаптары ішінара қанағаттандырылған, оларға шығын өтемі есебінде аяқталмаған құрылыс нысандары берілген. Алайда, құрылыс жүріп жатқан жер телімдері жосықсыз құрылысшылардың иелігінде қалған. Бұл жағдай құрылысты аяқтауға кедергі келтіргені белгілі.
Содан Жоғарғы Сот үлескерлердің мүддесін көздейтін өтінішхатты кассациялық өндіріске қабылдап, даудың барлық мән-жайларын ескере келе, 2016 жылғы 3 тамыздағы сот отырысының нәтижесінде нақты қорытынды шығарды. Жер кодексінің 52-бабына сәйкес жер телімі онда орналасқан құрылыс нысандарынан бөлінбейді. Жер телімінсіз жобалық-сметалық, атқарушылық және рұқсаттамалық құжаттарды беру туралы үлескерлердің талабын қанағаттандыру дауды шешпейді. Себебі, нысанға тиесілі барлық құжаттама жер телімі болғанда ғана жарамды, яғни үлескерлер құрған тұрғын-үй құрылыс кооперативі құрылысты аяқтау мүмкіндігінен айырылған.
Демек, Жер кодексінің 63-бабына сәйкес жекеменшіктегі жер телімі, сондай-ақ, жерді үнемі және ұзақмерзімді пайдалану құқығы өз міндеттемелері бойынша жауап беретін жеке және заңды тұлғалардың мүлік құрамына кіреді. Ендеше, заңның аталған осы нормаларына сай, қарыздың орнына жер телімдеріне құқықты беру қажеттілігі туралы үлескерлердің талабы әділ әрі негізді болып табылады. Міне, осыған орай «Expo Тown» және «Expo City» тұрғын-үй кешендері үлескерлерінің талаптары толығымен қанағаттандырылды. Сөйтіп, не керек, Жоғарғы Сот үлескерлердің заңды мүддесін қорғайтын шешім қабылдады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»