05 Тамыз, 2016

Инвестициялар – игілікті істер бастауы

478 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

ERA_7793 (2)

Ел экономикасын ілгерілетіп, өн­дірістік инфрақұрылымды жақсартуда, жаңа технологиялы өндірістер құру­да, негізгі қорларды жаңғыртып, кәсіп­орындарды техникалық жағынан қайта жарақтандыруда шетел инвестицияларын тартудың маңызы өте зор. Қазақстанда бұл міндет тәуелсіздік алған жылдардан бері өз шешімін тауып келеді. Кейбір деректерге қарағанда, тәуелсіздік жылдары ішінде елімізге 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициялары тартылған. Бизнес ахуалы неғұрлым қо­лайлы елдердің әлемдік рейтингінде рес­публика 183 елдің ішінде 47-ші орын алады. Шетел инвестициялары үшін туғызылған қолайлы жағдайлардың арқа­сында бүгінде Қазақстанда жан басына шаққандағы инвестициялар шамамен 1,3 мың долларды құрап, ТМД елдері арасында көш бас­таушылар сапында тұр. Елімізге инвес­тициялар тартуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің, сондай-ақ, елдегі саяси тұрақтылықтың үлкен рөл атқарғанын да айта кету орынды. Оған егемендіктің елең-алаң шағында көптеген халықаралық келісімдерге Елбасының шетелдерге ресми сапарлары барысында қол қойылуының өзі-ақ дәлел болады.

Кеңес Одағының ыдырауы, соның нәтижесінде одақтас республикалар арасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзілуі салдарынан өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында посткеңестік кеңістікте өте ауыр экономика­лық ахуал қалыптасты. Сол уақыттардағы жағдайдың іс жүзінде қандай болғанын мына бір деректерден-ақ айқын аңғаруға болады. Мәселен, 1990 жылдың 1-ші тоқсанында ғана КСРО-да инфляция 119 пайызға жетті. Ал 1991 жылы ұлттық табыс 13 пайызға құл­дыра­ды. Дәл осы жылы мемлекеттік бюджет тап­шы­лығы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын құраған.

Қазақстан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болуға бетбұрыс жасаған шақтағы нақты ахуал дәл осындай еді. Бұл сияқты «мұрамен» алысқа барудың мүмкін еместігі айтпаса да белгілі жағдайға айналды. Олай болса, не істеу керек? Іргетасын енді ғана қа­лауға кіріскен жас мемлекеттің алдында осындай сауал бой көтерді. Әрі-бері ойлана келгенде, мұндай тұйық­тан шығудың, сөйтіп қимылсыз қалған эконо­ми­каға жан бітірудің бір ғана жолы көзге ұрып тұрды, ол – шетелден тікелей инвестициялар тарту болатын.

Ішкі қаржыландыру көздерінің шектеулілігі жағдайында Қазақстан Республикасы Үкіметінің ел экономикасын белсенді түрде жаңғырту және реформалау мәселелері жөніндегі іс-қимылдар бағдарламасы негізінде республика экономикасына шетел капиталын тарту айрықша маңызға ие болды. Сөйтіп, алға қойылған экономикалық міндет­­терді орындау мақсатында өндірістік инфра­­құры­лымды жақсартуға, жаңа жоғары техно­ло­гиялы өндірістер құруға, негізгі қорларды жаң­ғыр­­ту­ға және елдің бірқатар кәсіпорындарын тех­ни­ка­лық жағынан қайта жарақтандыруға, жоғары білік­ті мамандар мен жұмысшылар даярлауға, менеджмент пен маркетингтің озық жетістіктерін енгізуге, ішкі рынокты отандық өндірістің сапалы тауарларымен толықтырып, сонымен бірге, экспорт көлемін ұлғайтуға сырттан тартылған шетел инвес­тицияларын бағыттау қажеттігі туындады.

Нарықтық қатынастарды қалыптастыру үде­рісінде Қазақстанда экономиканы жедел жаңғырту үшін ішкі қаржылар мен ресурстар тапшылығы мәселесі ғана шешіліп қойған жоқ, сол сияқты, дамудың және өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтудың жолына жаңа ғана тұрған жас тәуелсіз ел шетел инвесторларының назарын аудару үшін қолайлы инвестициялық климат құруға да мұқтаж болды. Инвестициялық климат – ол нарықтық реформалардың пісіп-жетілгендігінің критерийі, ол әлемдік қоғамдастықтың жекеменшік құқығының тұрақтылығына және бүтіндей алған­да елдегі жағдайға деген сенімі. Осылайша, 1996 жылы Қазақстанның халықаралық қаржы рыногына шығуын жүзеге асыру мақсатында жүргізілген несиелік-рейтингтік тұсаукесер нәтижелері бойынша үш жетекші халықаралық агенттік алғаш рет елге жоғары халықаралық несиелік рейтинг берді.

Қазақстан Республикасы Үкіметіне шетел инвес­торларының қызметі мен олардың мүдделеріне сәйкес келетін инвестициялық климат жасау үшін қолайлы әлеуметтік, қаржы-экономикалық және құқықтық режім қалыптастыру тұрғысында барлық күш-жігерін салуға тура келді. Ақыры, жүргізілген тия­нақ­ты да қажырлы жұмыстардың арқасында бүгін­де барлық проблемалар кезең-кезеңмен шеші­мін тауып, алға қойылған міндеттерге де біртіндеп қол жеткізілуде.

1994 жылдың 24 желтоқсанында «Шетел инвес­тициялары туралы» заң қабылданып күшіне енді. Ол шетел инвесторларының құқықтық режімін айқындап, оларды жүзеге асырудың формалары мен шетел инвестицияларын салу нысандарын белгілеп берді. 1997 жылдың 19 маусымында қабылданған «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға сәйкес жұмыс істейтін адамдар саны 50-ден аспайтын және жыл ішіндегі активтерінің құны 60 мың АЕК-тен аспайтын шетелдік ұйымдар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылды. Қазақстан экономиканың басым секторларына тікелей шетел инвестицияларын тарту бойынша белсенді ақпараттық таныстыру жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Осылайша, 1997 жылы Алматыда «Қазақстандық инвестициялық саммит» атты алғашқы форум өткізіліп, оған 17 елден 52 компанияның және екі халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері қатысты. 1997 жылдың қыркүйегінде Лондонда «Қазақстанға инвестиция сала отырып» атты халықаралық конференция табысты өтті. Оның басты мақсаты Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктеріне шетел инвес­торларының назарын аудару болып табылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында 1997 жылдың қарашасында америкалық және транс­ұлттық ең ірі компаниялардың қатысуымен «Қазақстанның сауда және инвестициялық мүмкін­діктері және оның геостратегиялық маңызы» атты конференция ұйымдастырылды.

Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлармен тікелей үнқатысуды, сондай-ақ, инвестициялық қызметке байланысты проблемалы мәселелерді шұғыл түрде шешуді қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының 1998 жылғы 30 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Шетел инвесторлары кеңесі құрылды. Кеңес консультативтік-кеңесуші орган болып табылады. Оған Қазақстан Республикасының Президенті басшылық жасайды. Бұл кеңестің құрамына Премьер-Министр мен оның орынбасарлары, Мем­ле­кеттік хатшы, Сыртқы істер министрі, Ұлт­тық банк төрағасы, Инвестициялар және даму ми­нистрі, Қаржы министрі, Ұлттық экономика министрі, Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы, сондай-ақ, Қазақстанда инвестициялық қызметті жүзеге асыратын жетекші еуропалық, азиялық және америкалық компаниялардың басшылары кіреді. Инвестициялық саясат пен елдің экономикалық дамуының шешуші аспектілері бойынша Президент пен Үкіметтің қарауына нұсқаулықтар мен ұсыныстар әзірлеу кеңестің негізгі міндеті болып табылады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын белгілеу, Қазақстанға инвестиция салған халықаралық компаниялар ұшырасып тұратын проблемалы мәселелерді анықтау жолымен инвестициялық ахуалды жақсарту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп секторын индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы инвестициялық және құқықтық жағдайлар жасау, Қазақстан Республикасы экономикасын әлемдік экономикалық үдерістерге одан әрі интеграциялау, ел экономикасына қосымша шетел инвестицияларын тарту стратегиясы сияқты мәселелер бар.

Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы жылына 2 рет өтеді және оларда қаралатын мәселелер міндет­ті түрде жаңарып отырады. Мысалы, кеңестің 2015 жылы өткен 28-інші отырысының негізгі тақырыбы республикада агробизнесті дамыту жайына арналды.

Бүгінде өзіміз байқап отырған күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға, геосаяси сын-қатер­лерге қарамастан, Қазақстан экономиканың өсуі мен инвесторлар үшін тартымдылық жағдайын қалыптастыруды одан әрі жалғастыруда, деп атап көрсетті Н.Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің 28-інші пленарлық отырысын аша отырып сөйлеген сөзінде. Сіздердің көпшілігіңіз Қазақстанда бұрыннан бері жұмыс істеп келесіздер, біздің елімізді жақсы білесіздер, біз өз тарапымыздан сіздердің өзара тиімді ықпалдастыққа деген көңіл-күйлеріңізді жоғары бағалаймыз. Инвестициялардың арқасында біз білімге, технологияларға, тәжірибеге, ресурстарға қол жеткізудеміз. Ал оларсыз сапалы әртараптандырылған экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес.

Елбасы осы басқосуда одан әрі Қазақстанның әлемде аумағы жағынан тоғызыншы ел екенін айта отырып, айрықша ауылшаруашылық ресурстарына ие екеніне назар аударды. Географиялық тұрғыда Қазақстан дәстүрлі өңірлік рыноктарға, сондай-ақ, Қытай мен Үндістанның және Таяу Шығыстың жаңа рыноктарына қызмет көрсету үшін ыңғайлы орналасқанына да назар аударды.

Сырттан тартылған шетел инвестицияларының кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды рөл ойнайтыны ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бергі кезеңде Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициялары халықаралық саудаға қарағанда әлдеқайда жылдам өсуде. Оның өзі елдің инвестициялық ахуалын жандандыруға жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге отандық экономиканың дамуына да елеулі ықпалын тигізеді. Қазақстан бүгінде Орталық Азияға тартылған бүкіл шетел инвестицияларының төрттен үшін иеленіп отыр. Сондықтан да еліміз бизнес жүргізуде Орталық Азияда ең озық ел болып табылады.

Осылайша, Қазақстан экономикасы инфрақұры­лымының дамымағандығына және инвестиция салу үшін қажетті климатты қамтамасыз ететін нарық жүйесінің көптеген элементтерінің болмауы­на қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­ның өзінде-ақ (1991-1993 жж.) Қазақстанға тікелей шетел инвестициялары түрінде 1,271 мил­­лиард АҚШ доллары салынды. 1994 жылы шетелдік капиталдың қатысуымен Алматы темекі комбинаты жекешелендіріліп, ол «Филипп Моррис» компаниясының еншісіне тиді. Сол сияқты, Алматы және Қарағанды маргарин зауыттары, Шымкент кондитер фабрикасы жекешелендірілді. Соның нәтижесінде портфельдік инвестициялар 1994 жылдың өзінде 25 миллион АҚШ долларын құрады. Бүтіндей алғанда, Қазақстан экономикасына салынған тікелей шетел инвестициялары осы жылы 566,7 миллион АҚШ долларына жетті. Одан кейінгі жылдары шетел инвесторлары сатып алған қазақстандық кәсіпорындар саны артып, соған сәйкес тиісінше шетел инвестицияларының республикаға ағыны да ұлғая түсті. Мәселен, тартылған шетел инвестицияларының көлемі 1995 жылы 677,1 миллион АҚШ долларын құраса, 1996 жылы ол көрсеткіш 1,074 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстан Республикасының негізгі капиталындағы шетел инвесторларының үлесі 1994 жылғы 1 пайыздан 1997 жылы 20 пайызға дейін артты.

Соның өзінде де өнеркәсіптің өңдеу, отын, металлургия салаларына келіп жатқан инвестициялық ресурстар ел қажеттілігін қанағаттандыра алған жоқ, бұл салалар үшін әлі де ондаған миллиард доллар шетел капиталы қажет болатын. Сол сияқты, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, аграрлық сектор жоғары инвестицияларға мұқтаждық танытты. 1998 жылы тартылған тікелей шетел инвестицияларында мұнай-газ саласы (64,9 пайыз) мен энергетика кешені (8,7 пайыз) көш басында тұрды. Ал донор елдер ара­сын­да 1995-1997 жылдары Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ алдыңғы орындарды иелен­ді. Кейінірек, яғни 1998 жылдан бастап АҚШ инвес­ти­циялары (19,5 пайыз) үстемдікке ие бола түсті.

Елде шетелдік компаниялардың қатысуымен ашылған бірлескен кәсіпорындар да басымдықпен дами бастады. Айталық, 1998 жылы Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 1475 кәсіпорын жұмыс істесе, олардың 60 пайызға жуығы бірлескен кәсіпорындар түрінде болды. Олардың басым дені Түркия, Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания елдерімен бірлесе отырып ұйымдастырылды.

Сөз орайында Дүниежүзілік банк сарапшылары­ның Қазақстанды бизнесті жүргізу шарттарын жақ­сарту реформасының нәтижесі бойынша неғұр­лым табысты ел ретінде мойындағанын да айта кету қажет. Бизнес-климаты неғұрлым қолайлы елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 183 елдің ішінде 47-ші орын алады.

Қазақстан Республикасының қолайлы инвес­тиция­лық ахуалы мен беделі экономикаға соңғы жиыр­ма жылда тартылған 210 миллиард доллар­дан астам инвестициялар көлемімен де сипат­талады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің басшы­сы Кәрім Мәсімов өзінің The Diplomat басылы­мында жарияланған мақаласында атап көрсетті. Қазақстан ұзақ жылдар бойына өңірімізге шетел инвес­тицияларын тартуда басты ел болып қалып отыр. Соңғы 20 жылда Қазақстанға 210 миллиард доллар­дан астам шетел инвестициялары тартылды. Қа­зақстан көрсетіп отырған сенімді экономикалық өсім ел азаматтарының тұрмысын айтарлықтай жақ­сартты, деп атап өтті Премьер-Министр жоғарыда аталған мақалада.

Бүгінгі күні Қазақстан жан басына шаққанда шетелдік инвестицияларды тарту көлемі бойын­ша ТМД елдері арасында көш бастаушы елдер қатарын­да. Ол шамамен 1,3 мың долларды құрайды. Ал, Ұлттық банктің деректері бойынша, 2005 жыл мен 2016 жылдың бірінші тоқсаны аралығында ел экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 226,7 миллиард долларға жеткен. Ал, жалпы тәуелсіздік жылдары ішінде 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициялары тартылған. Осы орайда тек 2016 жылдың 1-ші тоқсаны­ның өзінде ғана Қазақстанға 4,3 миллиард доллар қаржы келгенін де айта кету керек. Жоғары­да келтірілген шетел инвестицияларының 63,8 пайызы немесе 144,5 миллиард доллары елді индустрияландыру кезеңіне тиесілі болып отыр.

Егер осы келген тікелей шетел инвестицияларын салалар бойынша жіктер болсақ, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметке 1,5 миллиард доллар, кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлер қазуға 1,2 миллиард доллар, өңдеу өнеркәсібіне 509 миллион доллар тиесілі болады.

Соңғы жылдары экспортқа бағдарланған бірқатар шикізат түрлеріне инвестициялар ағынының төмендегеніне қарамастан, былайғы басқа салаларға құйылған инвестициялар көлемінің арта түскенін де айта кету қажет. Мәселен, фармациялық өнімдер мен дәрі-дәрмек өндірісінде 82 пайызға (2015 жылғы І тоқсандағы 6,6 миллион доллардың орнына 2016 жылдың І тоқсанында 12 миллион доллар), компьютер, электронды және оптикалық өнімдер шығаруда 40 пайызға (2015 жылдыі І тоқсанындағы 10,6 миллион доллардың орнына 2016 жылдың І тоқсанында 14,9 миллион доллар), машина және жабдықтар өндірісінде 2,9 пайызға артқан.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, елдегі жайлы бизнес-ахуал, оған тартымды іс-шаралармен қолдау көрсетіп отырған қолайлы инвестициялық заңнамалар, сондай-ақ, экономикалық және сая­си тұрақтылық Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына ықпал етіп отырған негізгі фак­торлар болып табылады.

Екінші фактор, ол – табиғи және минералды ресурстардың молдығы. Зерттеушілердің бағалау­лары бойынша, Қазақстан табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Менделеев кестесіндегі 110 элементтің 99-ы Қазақстанның жер қойнауынан табылып, оның 70-і зерттелген, ал 60-ы бүгінгі күні нақты пайдаланылуда. Қазақстан цинктің, вольфрам мен бариттің барланған қоры бойынша әлемде бірінші орын, күміс, қорғасын, уран мен хромиттің қоры бойынша – екінші, мыс пен флюоритам бойынша – үшінші, молибден бойынша – төртінші, алтын бойынша алтыншы орынды иеленеді.

Үшінші фактор, ол – елдің географиялық қолайлы орналасуы. Қазақстан Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан, ел аумағы арқылы Азия-Тынық мұхиты өңірін Таяу және Орта Шығыспен, сондай-ақ, Еуропамен жалғастыратын негізгі трансұлттық маршруттар өтеді. БРИКС «төрттігінің» үш елі – Ресей, Қытай және Үндістан Қазақстанға жақын орналасқан. Тұтыну рыногының саны 170 миллион адам болатын Кеден одағының құрылуы да инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер мен Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды тиімді игеру үшін тың көкжиектер ашады.

Елімізде инвестицияларға қолдау көрсету мәсе­лесі барынша жақсы жолға қойылған. Айта кету керек, мұндай қолдау отандық инвесторларға да, сол сияқты, шетелдік инвесторларға да бірдей көр­сетіледі. Сонымен бірге, Қазақстанда зияткерлік мен­шікті қорғау үшін де барлық қажетті заңнамалық база қалыптасқан.

Соңғы жылдары Қазақстанда салық саясаты салық ставкаларын төмендету жағына қарай айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Мәселен, корпоративтік табыс салығы 30-дан 20 пайызға дейін, қосылған құн салығы 13-тен 12 пайызға дейін төмендетілді. Мұның өзі осы салық түрінің стандартты ставкалары арасында әлемде ең төменгілердің бірі болып табылады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы аумағында ғылыми-зерттеушілік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды енгізе отырып, инвестициялық жобаларды жүзеге асырған жағдайда корпоративтік табыс салығы бойынша салық салынатын база оны енгізу шығындарының 150 пайызына дейін төмендетіледі.

Оның сыртында республикада электр энергиясына тарифтер Еуропа елдеріне қарағанда 8 есе төмен, ал теміржол тасымалдары бағасының арзандығы елді мекендер аумағының алыстығына байланысты инвесторлар шығындарының бір бөлігінің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қосарлы салық салудың алдын алу мақсатында Салық кодексіне қарағанда басымдыққа ие 44 халықаралық келісімге қол қойылғанын да еске сала кеткен жөн. Бүтіндей алғанда, салықтық жүктемелерді қысқарту жөнінде жоғарыда келтірілген шаралар кәсіпорындардың одан босаған қаржыларды өз дамуына бағыттауына молынан мүмкіндік туғызады.

2010 жылдан бастап Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ол елдің қысқа мерзімді кезеңге арналған басты экономикалық құжаты болып табылады. Жаңа индустрияландыру саясатының шеңберінде инвестициялар тарту ісі ел үшін шешуші міндеттердің біріне айналып отыр.

Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асы­рыла бастаған уақыттан бері өңдеу өнеркәсібі саласын инвестициялау оң ырғаққа ие болуда. Соңғы үш жылда бұл секторға 6,6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Оның сыртында шетелдік сарап­шылар бүкіл Қазақстан экономикасының жақсы ырғақпен дамып келе жатқанын атап көрсету­де. Strategy partners шолуында сарапшылар Қазақ­станның соңғы 13 жылда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімді екі есе арттырғанына айрықша назар аударған. Мұндай жетістікке әлемде жекелеген елдердің ғана қол жеткізіп отырғанын айта кеткен артық емес. Сол сияқты индустрияландыру бағдар­ламасын жүзеге асыру ісі басталған кезеңнен бері Қазақстан мен Германия арасында жалпы сомасы 6,5 миллиард доллар болатын 93 инвестициялық және сауда-сервистік келісімдерге қол қойылуы да көп жәйтті аңғартса керек.

Инвестициялар туралы айтқанда әңгіменің тек қар­жы ресурстары жөнінде ғана емес екенін, соны­мен бірге жаңа технологиялар, білімдер трансферті, өндірісті жаңарту және технологиялық жаңғыру мәселелерінің де айрықша рөл атқаратынын естен шығармаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушылармен қызметтестік бұдан былайғы жерде жер қойнауы инвестицияларға, жаңа технологиялар мен қосылған құны жоғары өнімдерге айырбасталады деген қағидат бойынша жүргізілмек. Оның сыртында, «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңның жаңа редакциясы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өздерінің жиынтық табысының 1 пайыздан кем емес бөлігін ҒЗТКЖ-ға және кадрлар даярлауға міндетті түрде аударуы қажеттігін қарастырады. Сонымен қатар, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер түріндегі жергілікті мазмұнды ұлғайту саясаты да өз тұрғысында жұмыс істеп тұр.

Индустрияландыру бағдарламасы жұмыс істей бастаған екі жарым жыл ішінде ғана 443 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазақстан шетелдік инвесторлармен экономиканың шикізаттық емес саласына инвестициялар тарту мәселесі бойынша тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп келеді.

Бұл орайда еуропалық инвесторлар белсенділігі­нің жоғары екенін айта кеткен ләзім. Соңғы уақыт­тары оңтүстіккореялық компаниялар да ынты­мақтастыққа орасан зор ықылас танытуда. Мәселен, «Хендай» компаниясы баламалы энергия саласын­­дағы жобаларға қызығушылық білдірсе, «ПОСКО» болат балқыту өнеркәсібіне, ал «Сеул Семикондакторс» жарық-диодты шамдар өндірісіне мүдделілік танытып отыр.

Бүтіндей алғанда, осы жылдар ішінде Қазақстан Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Белоруссияда, Украина­да, Францияда, АҚШ-та, Бельгияда, Финляндияда, Үндістанда және басқа да елдерде 50-ден астам бизнес-форумдар өткізді. Оларда жалпы сомасы шамамен 10 миллиард доллар болатын 150-ден астам ық­палдастық туралы құжаттарға қол қойылды.

Шетел инвестицияларын тартуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделінің орасан зор рөл атқаратынын да айта кету қажет. Көптеген келісімшарттарға Президенттің шетелдерге сапарлары кезінде немесе олардың қорытындысы бойынша қол қойылып жатады.

Мәселен, 2012 жылы Берлинде өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумы Н.Назарбаевтың осы елге ресми сапары шеңберінде жүзеге асты. Сомасы 3 миллиард еуродан асатын 49 екіжақты экономикалық меморандумдар мен келісімдер – осынау іскерлік іс-шараның қорытындысы, міне, осындай.

Экономикалық дамуға ресми көмек шеңберінде Қазақстан ХВҚ, ХҚДБ, АДБ, ЕҚДБ, ИДБ сияқты көп­­теген халықаралық қаржы-экономикалық ұйым­дар­мен қаржылық ықпалдастықты дамыта түсуде. Мысал үшін айтар болсақ, Халықаралық қайта құру және даму банкінің несиелері импортты қаржыландыруға, қала көлігін дамытуға, мұнай өнер­кәсібіне техникалық көмек көрсетуге, қаржы сала­сына және әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталған. Ал Азия даму банкі бөлген қаржы тұрақтандыру бағдарламасына, құрылымдық жаңарулар мен ауылшаруашылық өндірісін дамытуға жұмсалуда. Еуропа қайта құру және даму банкі берген займдар шағым және орта кәсіпорындарды дамыту жобаларын қаржыландыру үшін пайдаланылып келеді.

Инвесторлардың елімізде алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау ешқашан өз мәнін жойған емес. Соңғы бес жылда бизнес-ахуалды жақсарту және инвесторлар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жөнінде белсенді жұмыстар жүргізуде.

Біз барлық инвесторлармен қызметтес болуды өзімізге бақыт санаймыз және олар үшін қолайлы әрі жайлы үйге айналу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз, деп атап өтті сол кез­дегі Инвестициялар және даму министрі Әсет Исеке­шев үстіміздегі жылдың мамыр айында Аста­на экономикалық форумы шеңберінде өткен Прези­дент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде. Ол Үкіметтің орта мерзімді перспективада Қазақстанды бүкіл өңір үшін инвестициялық хабқа айналдыру мақсатын алға қойып отырғанын да атап көрсетті. Қазақстанның айналасында тез дамып келе жатқан үлкен рыноктар бар. Сондықтан біздің басты міндетіміз әр инвестор көрші рыноктарға бағдар ұстана отырып Қазақстанда өз бизнесін құру үшін логистиканы дамыту болып табылады, деді осыған орай министр.

Қазақстанда инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатының енгізілуін де олар үшін туғызылған қолайлы мүмкіндіктердің қатарына жатқызуға болады. Егер инвестор үшін «бір терезе» қағидаты­ның негізгі қызметіне тоқталар болсақ, ол инвес­тициялық мүмкіндіктері туралы және қолданыстағы мемлекеттік қызметтер бойынша қабылдау және кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді алу үшін қажет­ті құжаттарды дайындау және ұсынуда жәр­демдесу, осы бапта көзделген тәртіппен мемлекеттік қызметкерді дайындауда орталық және жергілікті атқарушы органдардың басым инвестициялық жо­басын қолдау, инвестициялық басым жобаларды жү­зеге асыратын инвесторларға мемлекеттік қызмет­­тер көр­сететін үдерісті бақылау мақсаттарын көздейді.

Ойымызды қорытындылай келгенде Қазақстанда бүгінгі таңда италиялық Eni, франциялық Total, англиялық British Gas, америкалық Chevron, қытайлық CNPC, ресейлік Лукойл сияқты ірі-ірі мұнай компания­ларының жұмыс істеп жатқанынан айта кеткен орынды. Бұлардың қатарына кен өндірісімен айналысатын ERG, Арселор Митталл сияқты компанияларды да қосуға болады. Ал, егер шетел инвестицияларына елімізде қандай ғимараттар бой көтерді дегенге келер болсақ, бұл орайда бірінші кезекте Парламент үйін, Сұлтан Хазірет мешіті мен «Нұр-Астана» мешітін, «Интерконтиненталь» қонақүйін атауға болады. Біз тек ең басты дегендерін ғана келтіріп отырмыз. Болмаса бұл тізімді одан әрі де соза беруге әбден болады.

Жалпы, Қазақстанның елге тартылған шетел инвестицияларын тиімді пайдалануы және осы бағыттағы жоғары инвестициялық белсенділік – ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа ғы­лыми-техникалық негізде өндірістік әлеует­ті қа­лып­тастыруға, нарық экономикасының табыс­ты орнығуы мен дамуына, оның құрылымдық жаңа­ру­лары­ның жүзеге асуына, сондай-ақ, әлем­дік рыноктағы бәсекелестік позицияларды нығай­туға, өзара тиімді халықаралық экономикалық бай­ла­­ныс­тар орнатуға жағдай жасайтын басым да ажыра­ғысыз шарттар болып табылады. Яғни, рес­пуб­лика басшылығының елімізге тікелей шетел инвес­ти­цияларын тарту тұрғысындағы кең ауқымды жұмыстары болашақта да осы бағытта жүргізіле бермек.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»