Шыңғыс Жүсіпов 34 жыл басқарған Қостанай көз аурулары ауруханасын жоғары деңгейге жеткізді
Қостанайдағы көз аурулары ауруханасында жылына 1300 күрделі операция жасалады. Бұл үлкен көрсеткіш! Аурухананың жанындағы емханаға келіп қаралатындар мен ем алатындар саны бұдан еселеп артады. Осы аурухананы 34 жылдан бері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Шыңғыс Зейнелұлы Жүсіпов басқарып келеді. 34 жыл! Бір адамның өмірі дерлік уақыт. Ол осы қызметке кіріскен өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері уақыт та, заман да өзгеріп кетті. Өзгермеген Шәкеңнің өзі ғана шығар. Қаршығадай шағын, шымыр денелі кісінің сөзі де, қимылы да шапшаң. Нық сөйлейді, нақты жауап талап етеді. Өмірде әділетсіздікке, жайбасарлыққа, екіжүзділікке төзбейді. Адал еңбекті, достықты, адамгершілікті, намысты ту етеді. Соның барлығын да өмірде өз ісімен көрсетті.
1974 жылы Қарағанды медицина институтын бітіріп, Қостанай көз аурулары ауруханасына интернатураға келді. Осы ауруханаға қызметке қалғанда ондағы жалғыз еркек кіндік те, жалғыз қазақ дәрігері де өзі болды.
– Осы аурухана ұжымының арасында ұлты қазақ жалғыз медбике бар екен. Зейнеткерліктің алдында жүрген қартаң кісі. «Шыңғыс шырағым, мыналарға дәрігердің қандай болатынын көрсет, қазақтың қандай екенін біліп жүретін болсын!» деп қайрайды, – дейді Шыңғыс Зейнелұлы өткен күндерді еске алып. Расында, Шыңғыс жас кезінен өзі жүрген ортада шырт мінезімен көзге түсіп қалатын. Қазақтар өз тілінде сөйлессе, оларға басқаның алдына түсіп кеткендей одырая қарап, биіксінетін «ұлы халықтың» өкілдері Шыңғысқа келгенде кідіретін. Өйткені өзгенің менменсігенін бұл да көтермейтін, кесетін алмастай өткір көзі жалт ете қалғанда, кез келгеннің мысын басатын. Шақ-шақ етіп айтып тастайтыны тағы бар. Ал мұндай мінез адамды ортасына аса сүйкімді етпесе де, кімді болсын өзімен санасуға мәжбүрлейді. Сырт көзге оның «мінезі» боп көрінетін бойына сыймаған ұлтшылдығы екен. Оған бала кезінен көріп, көңіліне тоқып өскен көріністердің әсері де болған шығар бәлкім. Балалық шағы Қостанайдан шалғайда жатқан Қамысты ауданында өтті. Әкесі шала сауатты шаруа адам еді, анасы сауатсыз болды. Елуінші жылдардың орта тұсында бірінші сыныпқа барды. Дәл сол уақытта ауылды тың көтеруге келгендер басып қалды да, қазақ мектебін әй-шайға қаратпастан жауып тастады. Орысша білмейтіндер өз жерінде төменшіктеді. Қазақ мектебінің жабылғанына күйінгеннің бірі әкесі Зейнел ақсақал еді, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Тырмысып жүріп, мектепті, Қарағанды медицина институтын бітіріп келді. Қатардан қалмай дәрігерлік қызметке бар ынтасымен кірісіп кетті.
Шыңғыс Зейнелұлы келгенде көз аурулары ауруханасын Галина Ласкутникова деген картаң кісі басқарады екен. Сол кісі зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстағы денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін енді бастаған жас дәрігер Шыңғысхан Жүсіповті бас дәрігер болуға шақырды. Ал ол интернатурадан кейінгі бір жарым жылда ауруханада барлық күрделі операцияларға қатысып, оларды өзі жасай беретін дәрежеге жеткен болатын.
– Галина Федоровна мен туралы: «Ауруханаға келген уақыттан бері хирургиялық емдеу әдістерін І категориялы дәрігер деңгейінде меңгерді» деген мінездеме жазып беріпті. Басқарма бастығы мені шақырып алып, «сен ауруханаға бас дәрігер боласың» деді. Менің зәрем ұшып кетті. «Келісім бере алмаймын, институтты бітіргеніме екі жыл да толған жоқ, дәрігерлік тәжірибемді шыңдауым керек» дедім. Осыдан кейін ол кісі тағы екі рет шақырды. Алғашқысында «сен бас дәрігер бол, кезексіз үй бергіземін» деді. «Үйім бар, керек емес» дедім. Онан кейінгі шақырғанында «аурухананы қабылда, кезексіз мәшине бергізейін» деп қызықтырды. Тағы да келісім бермедім, мәшинені ала алмаймын дедім. Содан облыстық партия комитетіне шақырды. Хатшы Аханов деген ағамыз менің аурухананы қабылдауыма ақыл-кеңес берді, ептеп қайрап та жіберді. Сонымен аурухананы қабылдадым, – дейді Шәкең.
Коммунистік партияның тұсында бірінші басшылардың барлығы да коммунист болуы тиіс-тін. Оның үстіне коммунист болудың өзі әркімнің шыққан биігі секілді адамдарға мақтаныш сезімін де ұялататын. Бас дәрігер лауазымына келген жас Шыңғысқа да осындай ұсыныс-талап айтылды. Бірақ ол бірден «партияға өтпеймін» деп қарсы жауап берді. Тағы да қалалық, облыстық партия комитетіне шақырылды, бір емес, бірнеше рет. Онымен сөйлескен қалалық комитеттің нұсқаушыларына «мен партияға өтпеймін, егер жұмысым ұнамаса, қызметті қайтып алыңыздар. Ал дәрігерлік дипломым – өзімнің еңбегім, оны ешкім менен тартып ала алмайды. Ұстанымым солай, партияға кірмеймін» деді шорт кесіп. Үш-төрт рет шақырғанда осындай жауап алған соң, олар да соңына түсуді қойды. Коммунистік партияның түкірігі жерге түспей тұрғанда Қостанай облысы бойынша бірінші басшылардан оның қатарына өтпеген жалғыз Шыңғыс Жүсіпов болды.
– Ол кезде Қостанай облысында аудандық, қалалық партия комитетінің және шаруашылықтардың басшылығына қазақтарды жолата бермейтін. Облыстық, қалалық партия және оның атқару комитеттерінде «саясат үшін» деп, бір-екі қазақты ұстайтын. Ал олардың арасында көлеңкесінен қорқатын ағаларымыз отырушы еді. Екіншіден, Қостанай қаласында қазақтарға пәтер үйлердің жоғарғы 5-ші немесе ең төменгі 1-ші қабатынан берілетін. Қазақ мектебінің бәрі жабылды. Ал орысша білмеген ағайынның күні тағы күн емес. Осындай кереғар көріністердің барлығын да менің ішкі ойым Коммунистік партияның басшылығында отырғандардан көретін. Оның үстіне көлеңкесінен қорқатын ағаларыма ренжитін едім. Бірде белсенді коммунист бір ағама «ассалаумағалейкум!» деп қазақша амандассам, алакөзденіп қарап, қолын бермеді. Келесіде тағы да қазақша амандассам, тағы да қарамады. Сосын менің де мінезім белгілі, үшінші рет көптің көзінше өзім амандаспадым. Мәжілістерде сондай ағаларымның сөзін естігім келмегендіктен де партия қатарына өткім келген жоқ, – дейді Шәкең күліп.
Жас дәрігер көз ауруханасының ұйымдастыру жұмысына арыстандай қайраттанып кіріскен. Коммунизмнің боларына қалтқысыз сеніп жүрген 70-ші жылдары Қостанайдағы көз аурулары ауруханасына керекті заттың, азық-түліктің барлығы да оның балансындағы қабырғасын санап алардай арық жылқы жегілген ат арбамен тасылатын. Сыры әбден кеткен ескі үстелдердің бетіне ақ төсек жаймалар жабылатын. Міне, осының барлығы да үш жылдың ішінде жөнге келді. Қаланың шетіне көшірілген аурухана тарлық еткен соң, оған қосымша ғимарат тұрғызылды.
– «Жыламаған балаға емшек жоқ» демей ме халқымыз? Өзің жүгірмесең, сең де орнынан қозғалмайды. Алдымен жегін жылқы мен ат арбадан зорға құтылдық. 70-ші жылдары жылдық құрылыс жоспарына тек тұрғын үй салу ғана кіргізілетін, ал әлеуметтік нысандар өте аз қамтылатын. Сол кездегі облысты басқарған Бородинге сұранып жүріп зорға кірдім. Ол кісі кабинетінде қалғып-шұлғып отыр екен. Көз аурулары ауруханасының жанынан емхана керек екендігін түсіндіріп айтып, сол кісінің тікелей көмегімен жылдық жоспарға көлденеңнен кіргіздіріп жібердім. Сол жылы емхананы салып та алдық, – дейді Шәкең.
Бір аурухананы басқаруға отыз төрт жыл аз уақыт емес екенін айттық. Сондықтан осы жылдар ішінде аурухананы республикадағы ең озық емдеу орнының біріне айналдыра білген білікті басшы Шәкеңнің мақтанып айтса да, марқайып айтса да сыйысатын істері жетерлік. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде көз аурулары ауруханасын жаңғақтай етіп, тап-тұйнақтай еткен соң ба, Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының басшылары оны КСРО офтальмологтары қоғамының басқарма мүшелігіне сайлады. Сол уақытта мұндай биік мәртебеге Қазақстанда бес офтальмолог дәрігер ғана ие болды, оның үшеуі профессор, екеуі қатардағы дәрігер болатын. Шыңғыс Зейнелұлы сол бесеудің бірі еді.
– Жыл сайын әлгі қоғамның пленумы болады, онда көзді емдеудің түрлі жаңа тәсілдері, жаңа технологиялары айтылады. Мен жүгіріп жүріп, әлгілерді алып келемін де, шамам жеткенше аурухана дәрігерлеріне үйретіп, тәжірибеге енгіземін. Осындай ізденіспен біздің аурухана Тәуелсіздікке дейін де біраз алға кеткенін мақтан етемін, – дейді ол. Ауруханада жаңа аппаратуралар, яғни материалдық базаны нығайту мен кадрлар біліктілігін жетілдіру ісі бір мезгіл тоқтаған емес. КСРО офтальмологтар қоғамы басқармасына мүше боп жүргенінде, 1982 жылы Мәскеуден көрген көздің қан қысымын өлшейтін «авторкерориторф» деген компьютерлік аппаратқа тек 2002 жылы ғана қол жеткізді.
– Айналайын елімнің Тәуелсіздігінің арқасында біздің ауруханаға ешқандай аппаратура қат емес. Америкадан, Жапониядан қандай озық құрал алдырамыз десек, еркімізде. Ал бұрын қазіргідей аппаратураларды табу, оны Мәскеу арқылы алу қиямет болатын. Қазір операция жасайтын микроскопиялық құралдар кешенін ауруханадағы жеті хирургтің әрқайсысына жеке алып бердім. Олар операция жасайтын кезде ешкімнен ештеңе сұрамайды, өзінің жеке мүлкі сияқты күтіп ұстайды. Нәтижесінде ауруларды кідіріссіз емдейді. Ал мұндай құралдар біздің саладағы өзге емдеу орындарында бір-екеу ғана болады. Өйткені бұл қымбат тұратын құралдар. Ал оның қаржысын табу, иінін келтіру – ұйымдастырушы ретіндегі менің шаруам, – дейді бас дәрігер.
Шыңғыс Зейнелұлының айтуынша, Қазақстанда облыстық деңгейдегі көз ауруханасы тек Қостанай қаласында ғана бар. Қалған облыстарда көз ауруханасы облыстық аурухананың бір бөлімшесі болып саналады. Шыңғыс Зейнелұлы аурухананы жас кадрлармен 90-шы жылдардың басында-ақ жабдықтап алған. Айтпақшы, нарықтың таяғы денсаулық сақтау саласының басына алдымен тиіп, облыстық ауруханалардағы төсек саны қысқарып, кейбір емханалар жабылып жатқанда, бұл көз ауруханасына дүре тиген жоқ.
– Сол жылдары облыста төсек саны қысқармаған стационарлық емдеу орны жоқ шығар. Оның барлығы да қаржының тапшылығына, оның ішінде сол емдеу орындарының коммуналдық қарызының көбейіп кетуіне байланысты болды ғой. Ал біздің облыстық көз аурулары ауруханасының ешқандай қарызы болған жоқ. Тіпті, сол ауыр жылдары біз жаңа аппаратуралар алып жаттық, – дейді Шыңғыс Зейнелұлы.
Ол осынша жылдан бері ұжымды да бір атаның балаларындай тату, ынтымақты етіп ұстап отыр. Ұжымда біреудің басына қиындық туса, бас дәрігермін деп шіренбейді, оның жанынан алдымен табылады. Әкесінің: «Балам, қолыңнан келсе, жауыңа да жақсылық жасауды әдет қыл. Ол түсінбесе де жұрт біледі» деп отыратын. Әкесінің жеке адамның ой деңгейінен қоғамдық пікірдің жоғары тұратынын ескерткен осы сөзін көңілге тоқып қалды. Шыңғысқа әкеден мұра болған тағы бір қасиет – атқұмарлық. Өзінің бауырларымен бірге баптаған сәйгүліктер Тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылды санағанның өзінде отыздан аса мәшине ұтыпты.
– Мен қазақ десе жылқыны, жылқы десе қазақты ойлаймын, – дейді ол. Бас дәрігер Шыңғыс Жүсіповтің әділдік пен ар тазалығын, адалдықты, намысты өзіне берік ұстаным еткені де осы ойының жалғасы іспеттес...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.