06 Тамыз, 2016

ДҮБІР

294 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Rio Армысың, Олимпиада! Бармысың, Бразилия! Бүгін таңның талма тұсында Бразилия төріндегі Рио-де-Жанейро қаласында XXXI жазғы Олимпиялық ойындар салтанатты жағдайда ашылды. Оның шеруінде төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген 207 елдің спорт делегациясының мүшелері атақты «Маракана» аренасының аумағымен тізбектеліп жүріп өтті. Бәлкім, Жер бетінде төрт жылда бір айналып келетін қуаныштың құсы сияқты болып көрінетін Олим­пиялық ойындар жөнінде бүгінде титтей де бір хабары жоқ, оның алыстан естілетін дүбірі мен дақпыртына елең етпейтін бірде-бір саналы адамзат баласы жоқ шығар. Ал мұндай Ойындарға әзір­лік айтулы аламанның сөреден шығар шағынан әлдеқайда бұрын, оны өткізуге алғаш тілек пен тапсырыс білдірілген кездерден қолға алынады. Бұл сәтке күллі әлемнің спортшылары мен мамандары күн ілгері бет бұра бастайды. Ақырында алдағы Олимпиа­даны өткізетін елдің есімі де мәлім болады. Рио мұндай салтанатты сәтті 2009 жылғы 2 қазан күні Копен­гагенде өткен ХОК-тың 121-сес­сиясында бастан кешті. Содан бастап Бразилияда бәсірелі бәсе­кеге қамдану жолға түсіп жүре берді. Оның соңғы бұрылысты бел­деуі биылғы жылдың 21 сәуі­рі күні ежелгі Эллада жерінің Пе­л­о­поннес түбегіндегі Олимп тауы етегінен жай тапқан қасиетті ме­кен – Гера храмының ашық алаңын­да күннің сәулесі қуатымен білтелі тығыршықты лап еткізуден сөре тартты. Бұл рәсімді көне грек әйелдері үлгісіндегі хитон көйлегін киген бойжеткен – абыз бейнесіндегі Афина актрисасы Катерина Лехоу жасады. Бұдан әрі оның алдына тізерлеп отыра қалған грек гимнасты Элефтериосу Петруниасу олимпиялық алауды ұзаққа созылатын сүргінді сапарға салу үшін іліп алып әкетті. Содан арна тартқан жол Грекия мен Швейцария аумағы арқылы 3 мамырда Бразилия жеріне жетіп, 95 күн бойы елдің барлық аймағын шарлап шықты. Осы аралықта ол 20 мың шақырым жерді жүріп, 16 мыңнан астам шақырым аумақтан ұшып өтіп, жолай 329 елді мекенді аралай келіп, тамыздың 4-і күні Рио-де-Жанейроға да табан тіреді. Сол жолда оны 12 мың алаугер ұлан жолдардың табанымен желе-жорта жүріп алып шықты. Ал алауды Бразилияның желкен спорты құрамасының жеті жігіті қайықпен жағалауға әкелді. Оларды Рионың мэрі Эдуард Паэс әйелі Кристинамен, балалары Бернардпен және Изабеламен бірге қарсы алды. Қала басшысы содан кейін шырағданды алып, порт аймағын бірнеше минут жүгіріп өтіп, оны спорт училищесінің 15 жасар студенті Ребека Мораэс душ Сантосқа табыс етті. Осы күні алауды қала ішімен алып жүру шарасына кезек берілді. Мұның бәрінің соңында, тамыздың 5-інен 6-сына қараған түні жаһан жұртшылығы көптен асыға күткен салтанатты шақ та келіп жетті. Ол Астана уақытымен тура 04.00 сағатта басталды. Осынау шадыман шаттықты шараны шы­ға­руға ұйымдастырушылар табаны күректей бес жылын арнапты. Бірден айтып қояйық, «Маракана» шоуы мұның алдындағы Сиднейде, Афинада, Бейжің мен Лондонда кере қанат жайған мерекелік шаралармен еш шендесе алмайды. Оны алаң иелері бұған дейін өздері мойындап қойған да болатын. Бразилиялықтар мұндай жұтаң жағдайды елдегі күрделі қаржы тапшылығына апарып тіреді. Сол себепті Ойындарды ұйым­дастыру комитеті мұның алдын­дағы елдердің кең ауқымдағы шашылып-төгілген салтанатының орнын қазіргі заманның көріністері мен стилін көбірек көрсету арқылы жабуға шешім қабылдады. Расында да спорттық мерекенің мәні оның ашылу рәсіміндегі алқынған аста-төк аласапыранмен өлшенбесе керек. Осындай тұжырымға келген риолықтар Ойындардың ашылу рәсіміне бюджеттен 20 миллион доллар ғана шығарған екен. Ал мұның алдындағы Лондонда 2012 жылы осы шараға 42 миллион доллар көлемінде қаржы жара­тылғанын еске алсақ, айырма­шылықтың қанша ақшаны құрайтынын байқау қиын емес. Риодағы Олимпиялық ойын­дар­дың ашылу салтанатының атқа­рушы продюсері Марко Балич Бра­зилиядағы экономикалық ахуал­­дың нашарлығы себепті ар­тық шығындардың бәрінен бас тарт­қандарын мәлімдеді. Сөйтіп, Афинадағы арнайы сәулелер шашатын жарқылдар да, Бейжіңдегі әсемдіктің әлемі мен Лондондағы адамзаттың жүріп өткен жолдарын сатылап көрсететін кең ауқымды хроника да мұнда қайталанған жоқ. «Біз бәрін қарапайым етіп жасадық, – деді осы орайда Балич. – Сонымен бірге, Лондондағы бағаның Риоға қарағанда әлдеқайда қымбат еке­нін де ұмытпаңыздар. Әңгіме тек автомат-ойындардың, кокаин мен жезөкшелердің нарық­тары туралы болып тұрған жоқ. Жалпы, Ұлыбританияда өмір сүрудің өзі едәуір қымбатқа түседі. Біз сон­дық­тан Бразилияда өмір сүрудің қаншалықты рахат екенін көрсетеміз деп тыраштанып жатпадық». Айтса айтқанындай, салтанат шынында өте-мөте қарапайым қалыпта өрбіді. Қойылымның режиссерлері Фернанду Мерейес, Андруша Ваддингтон, Даниэла Томас, хорео­графы Дебора Колкер 3 сағатқа созылған шараның барысында 2000 жарық беруші тапаншаларды, 3 тонна пиротехниканы, 109 прожекторды, 5 мыңға жуық биші-еріктілерді, 300 кәсіби бишілер мен стилистерді пайдаланды. Бүгінде «Марио Филью» деген жаңа ат алған әйгілі «Маракана» стадионын аумағынан орын алған 78 мың бақытты адам алдымен шерулетіп жүріп өткен әлем спортшыларының 12 мың адамдық делегациялар құрамын қарсы алды. Содан кейін Марко Балич айтқан шарқы шамалы шоуға кезек келді. Ол елдің осы кезге дейінгі тарихын, оның барысында қол жеткізген жетістіктерін, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін тар­қатып баяндап беруге арналды. Мұнда Бразилияның шежіресіндегі ең көрнекті кезеңдер ғана емес, сонымен бірге ондағы әлеуметтік мәнердегі мәселелерге де мән берілді. Соның қабатында қонақтар мен көрермендер елде жиі болып жататын жол-көлік оқиғаларына көз қадады. Бұдан әрі белгілі модель Жизель Бундхен көшеде әлдеқандай бір қарақшылардың «тонауына» ұрынып қалады. Сосын полицейлер көп ұзамай «қарақшыларды» тап бастырмай ұстай қояды. Келесі кезекте әншілер Каэтану Велозу мен Анитта, бұрынғы мәдениет министрі Жилберту Жил тізгінді ұстады. Ал осы көріністердің бәрін кестелеп берген Баличтің есімін біз 2014 жылы өз көзімізбен көрген Сочи қысқы Олимпиялық ойындарының жабылу рәсімі кезінде естіп едік. Ол сол жолы Ойындардың жабылу салтанатының көркемдік жетекшісі болған. Одан бұрын, 2007 жылы Туриндегі қысқы Олимпиаданы «ашып-жапқан» екен. Ал 2008 жылы Бейжіңде «хаттама жөніндегі менеджер» рөлін атқарған. Міне, содан кейінгі табан тіреген жері осы Рио көрінеді. Біз Бразилия дегенде әдетте ең алдымен бұл елдің футболын, оның Пеле мен Гарринча бастаған әлемдік деңгейдегі ең жарық жұл­дыздарын еске аламыз. Мен өз басым бұл елдің аяқдоп үрдісімен, оның озық шеберлерімен алғаш рет өткен ғасырдың 70-жылдарының басында жарық көрген белгілі халықаралық журналист Игорь Фесуненконың кітаптары арқылы танысып едім. Бірақ сан түрлі бояулы Бразилия тек футболдың ғана туы тігілген мекен емес. Бұл ел, сонымен қатар, Атлантика жа­ғалауындағы Копакабана секілді ғажайып жағажайларымен де мақ­тана алады. Бразилия жері – көптеген гектар алаптарды алып жататын кофе плантацияларының, Амазонкадағы ну жынысты джунгли ормандарының алқабы. Бразилия – үндіс текті көптеген абориген тайпалардың құтты қонысы. Бәрінен бұрын ол – карнавалдың отаны. Мұнсыз бұл елді көзге елестетудің өзі қиын. Ал мұның арғы жағынан ламбада мен самба билері бұраңдап шыға келеді. Бразилиялықтардың тіпті жауынгерлік ұрыс өнері – капоэйраның өзі би элементтерінен құралады. Міне, осылардың бәрі мерекелік мәуріттер мезетінде мен-мұндалап көрініп жатты. Бразилия дегенде, біз оның әлемге Жоржи Амаду және Пауло Коэльо тәрізді талантты жазушыларды сыйлағанын да айтпай тұра алмаймыз. Біздің ұрпақ арасында бұлардың алдыңғысының «Құмды аумақтың генералдары» атты романы бойынша түсірілген фильмді көрмегендері кемде-кем шығар. Біздің тағы бір білетініміз, елдің сол кездегідей жарлы-жақы­байлары қазір де азайып кете қой­ған жоқ. Шамасы, Бразилия билігі Олимпиада сынды шып-шырғасы шығыннан басталатын шырмауықтай шырматылған шараны өткізуге ынталылық танытқанда, оның шымылдығын айтарлықтай ауқымды табыстармен жауып, тұрғындардың нәсіп-нәпақаларын бір көтеріп тастауға үміттенген болар. Бірақ мұның өзі де барға ғана барып құятын байдың малы сияқты дүние ғой. Бұған 2004 жылы Олимпиада өткізгеннен кейін табандап отырып қалып, содан күні бүгінге дейін есін жия алмай келе жатқан Грекияның мысалы анық айғақ. Дегенмен, қалай болғанда да, бір мезгілде әлемнің үш жарым миллиард тұрғыны тамашалап үлгерген Рионың тойы басталып кетті. Енді оның алаң иелері үшін де, меймандар үшін де табысты болғанын тілегеннен өзге ниет жоқ. Осы күндері Ойындар турнир­лері Рионың өзіндегі Маракана, Барра, Копакабана, Деодоро деп аталатын төрт кластерден бөлек, Белу-Оризонти, Бразилиа, Сальвадоре және Сан-Паулу қалаларында өтіп жатыр. Бұлардың соңғылары 3 тамыздан бері футбол шайқастарының алаңдарына айналып кеткен. С­о­нымен, аламан бәйге арналы жолына түсті. Алда ел намысы мен ер табысы жолындағы кескекті күреске толы күндер тұр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» 04.08.2016 AST-3 Боксшылардың қарсыластары анықталды Рио-де-Жанейрода бұрнағы күні боксшылардың жеребе тарту рәсімі болып өтті. Осыған орай біздің былғары қолғап шеберлерінің де алғашқы нақты немесе ықтимал қарсыластары анықталды. Ерлер құрамасынан бастасақ, 49 кг. салмақтағы Біржан Жақыпов ұрысқа 1/8 финалда кіріп, әзербайжан Руфат Гусейнов пен намибиялық Матиас Хамуниеланың қай жеңгенімен кездесетін болды. Егер одан өтсе, ширек финалда өзбек Хасанбой Дусматовпен қолғап түйістіреді. 52 килоға дейінгі салмақтағы Олжас Сәттібаев 1/16 финалда Пуэрто-Рико өкілі Джейвиер Кинтронмен ұшырасады. Оны ұтса, әзербайжан Эльвин Мамишзадеге тап келеді. 56 кг. салмақтағы Қайрат Ерәлиевтің 1/16 финалдағы бәсекелесі де әзербайжан спортшысы. Ол – Джавид Челебиев, 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Бұлар сол жарыстың жартылай финалында кездесіп, әзербайжан жігіті 2:1 етіп ұтып кеткен. Қайрат сол жолғы есесін қайтарып жатса, 1/8 финалда өзбек Мураджон Ахмада­лиевпен күш сынасады. Ал 60 кило сал­мақтағы Берік Әбдірахманов 1/16 финалда АҚШ үміті Карлос Балдераспен айқасады. Біздің 64 кг. салмақта өнер көрсететін ең жас боксшымыз Абылайхан Жүсіповтің 1/16 финалдағы қарсыласы да оңай шағылатын жаңғақ емес. Егер ағылшын Пит Мак-Кормактан асып жатса, кубалық Ясниер Толедомен шайқасады. 69 кг. салмақтағы Данияр Елеусінов жекпе-жекті 1/8 финалдан бастайды. Ол ұлыбританиялық Джойс Келли мен кениялық Рейтон Окви­ридің бірімен жұдырықтасады. 75 кг. салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы 1/16 финалда ұлыбританиялық Энтони Фоулер­мен бақ сынасады. Одан өтсе, Алжир не Камерун өкілдерінің бірімен кездеседі. 81 кг. салмақтағы Әділбек Ниязымбетов те тартысқа 1/8 финалдан кіріседі. Ол украин Денис Солоненко мен әзербайжан Теймур Мамедовтің біріне кезігеді. 91 кг. салмақтағы Василий Левиттің белесі де 1/8 финалдан басталады. Ол қытайлық Ю Фенгкаймен ұстасады. Одан ары кубалық Эрисланди Савонмен ұшырасып қалуы мүмкін. Ал 91 килодан ауыр салмақтағы Иван Дычко 1/8 финалда әзербайжан Магомедрасул Меджидов пен марокколық Мохамед Аржаоуидің ұтқанымен беттеседі. Айтып қояйық, біздің боксшы бұлардың алдыңғысымен 2011 жылы Бакуде, 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаттары кезінде кездесіп, екеуінде де ұтылған. Бакуде жартылай финалда ұпай санымен есе жіберсе, Алматыда финалда нокаутқа түсіп қалған. Әйелдер бәсекесінде 51 кг. салмақтағы Жайна Шекербекова 1/4 финалда француз Сара Оурахмоун мен марокколық Зохра Ез-Захраоуидің бірімен медаль үшін шайқасады. Ал 75 кг. салмақтағы Дари­ға Шәкімова 1/8 финалда канадалық Ариан Фортинмен кездеседі. Бұдан өтсе, марокколық, одан да асса, жартылай финалда америкалық атақты Кларисса Шилдспен жекпе-жек шығады. Руслан ИГІЛІК Rio-1-1 Ала доп аламаны қызып тұр Олимпиялық ойындар бәсекесін бірінші болып футболшылар бастады Алаңға алдымен 3 тамыз күні әйел­дер шықты. Рио-де-Жанейрода Швеция құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының командасын 1:0 етіп сүріндірсе, Канада қыздары австралиялық әріптестерін 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ал келесі күні осы жерде Бразилия Қытайды 3:0 етіп талқандап шықты. Мұның соңынан Гер­мания Зимбабвені 6:1 есебімен күйрете жеңді. Бұлардан кейін АҚШ қыздары Жаңа Зеландия командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Ерлер құрамалары сайысқа 4 тамызда кірісті. Оны Манаус қаласында Нигерия мен Жапония ашып, жанкүйерлерді қаптаған голдармен қарық етті. Матчта 9 доп соғылып, «қара құрлық» өкілдері 5:4 есебімен жеңісті тартып әкетті. Бұдан кейінгі нәтижелі ойын Оңтүстік Корея мен Фиджи арасында өтті. Онда корейлер арал командасы дарбазасына жауапсыз 8 гол сқты. Ал бұған дейін Бразилия – Оңтүстік Африка арасындағы ойын есеп ашылмастан тарқады. Алаң иелері сапында Неймардың ойнауы да олар үшін жағдайды дұрыстап бере алмады. Сол сияқты Швеция мен Колумбия матчында да жеңімпаз анықталмады. Ол 2:2 есебімен аяқталды. Осының бәрі турнирдің тартысты өтетінін көрсетіп беріп тұр. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Rio-1-3 Жеріңнің жақсы аты жаныңды жадыратады «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейродан хабарлайды «Астана – ертегідей әдемі қала» Бразилияға төрткүл дүниеден журналис­тер келген. Жұмыс қайнап жатыр. Қай-қайсы да жақсы хабар алу, жақсы материал дайындау үшін спортшылардың жанынан табылуға тырысады. Бәріміздің басымыздағы кеп осы. – Сіз қазақстандықсыз ба? Қасымдағы отырған көршімнің дауысы. Түр-түсі таза еуропалық екендігін әлгінде байқағанмын. Бұл ағайындар әдетте ағылшын тілінен басқаны білмейтін секілді еді. Ол мендегі күдікті сейілтейін деді ме, жұмсақ жымиды. – Мен Астанада көп болғанмын. Менің әйелім Назарбаев Универ­ситетте сабақ береді. Әрі қарай әңгімеміз жарасып кетті. Тегі – швед, АҚШ-қа кейінірек қоныс аударған бұл жігіт қатардағы қарапайым журналистердің бірі емес екен. Бразилияны қосқанда, қатарынан 8 Олимпиялық ойындарға барып, репортаж жүргізген мықтының өзі. Астанада дзюдодан және бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында болып, сол жерден хабар дайындаған. Ол Бразилияның Олимпиялық ойындарға дайындығының жеткіліксіз екендігін қынжыла айтты. Басқасын былай қойғанда, журналистер мінетін автобустардың қызметі сын көтермейді, дейді. Әйелі Виктория Торстенсон Назарбаев Университетте орыс әдебиеті пәнінен сабақ береді екен. Профессор. Қазір демалыста болғанымен, келісімшарт бойынша әлі жұмыс жасайды. Сондықтан, Мартин Астанаға әлі талай келеді. – Астана маған өте ұнайды, – дейді ол. – Әлемдегі барлық әдемі қалалардың сәулет өнерінің белгілері бар. Сырт жақтары нашарлау болса да, орталығы ертегідей қала. Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевты өте үлкен саяси тұлға деп танимыз. Халқының саны аз болғанымен, Орталық Азияда Қазақстанның беделі үлкен, әлемдік саяси оқиғаларда орындарыңыз білінеді. Қуанып қалдық. Америкалықтар ешкімнің алдында жағым­пазданбайды. Ойын ашық айтады. Ол: «Қазақстанда кездесуге жазсын», деп мекен-жайымызды жазып алды. Біз де америкалық журналис­пен естелікке суретке түсіп, екі жақтың спортшыларына табыс тіледік. «Қазақстан – біз үшін қымбат мекен» Рио-де-Жанейрода тағдыр талайымен өзге мемлекеттерден келіп, осында тұрып жатқандар көп. Соның бірі – Ирина Кузнецова. Ол Украинаның соғыс өрті басылмай тұрған Днепропетровск аймағынан келіпті. Біздің киген формамызды көріп қайырылған өзі. – Қазақтар, қалайсыздар? Әңгіме әрі қарай жақсы үйлесім тауып кетті. Оның Қазақстанды жақсы білетіндігі – күйеуі ұзақ жылдар «Байқоңыр» ғарыш айлағында жұмыс жасаған екен. Ортақ әңгімеде Қазақстанды көп мақтайды екен. Қазақ халқын да. Ирина Днепропетровскіде соғыс өрті тұтанғанға дейін жақсы тұрғандарын айтады. Үй-жайлары бар, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрсе де өмірге өкпесі болмаған. Ортақ бизнес ат басындай табыс әкелмесе де отбасына алаңсыз өмір сүруге толығымен жетіп тұрған. – Соншама дүниең бола тұрып, жертөледе өмір сүргеннен қорлық жоқ екен, – дейді ол. – Көшеде келе жатсаң, бомба жарылады. Кейде айналаңнан шашырап атылған оқ іздерін байқайсың. Күйеуім туған қаламды қорғаймын деп қопаңдап еді, «қайда, шошаңдама», дедім. Бұл ағайындардың әйелдері күйеулеріне мәтіби ғой. Ирина күйеуін алдына салғаннан салып отырып, Бразилиядан бір-ақ шығарған. Компьютерде оқытудан жақсы бизнесі болған. Бразилия аты дардай болғанымен, өмірдің жаңа игіліктеріне оншалықты ыңғайлы емес. Осы жағын есепке алған. Алайда, кедейлік қамытын мойнына мықтап кигізіп алған мемлекетте жаңа заман талаптарын мойындайтындар да көп емес сияқты. Оның қасында Астанадағы бизнестері айтарлықтай пайда әкеліп тұр. Ирина Бразилиядағы өзіміз байқаған көңілсіз жағдаяттарды әрі қарай баяндады. Кедей мемлекетте байлардың құқы алдымен қорғалады екен. Жарлының сөзі есепке көп алына бермейді. Сондықтан ба, адамдардың өзі жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өмір сүруге машықтанып алған. Мұндағы тәртіп бойынша жұмыс беруші өз қызметкері талаптан шыға алмаған жағдайда екі ай жалақысын беруге міндеттеледі. – Осы жағдай жұмыс іздегендердің миына қатты сіңіп қалған­дығы соншалық, саған жұмыс іздеп келіп тұрып, басқа мекемеге жұмыс сұрап арыз жазып жатады, – дейді ол. Ирина Бразилиядағы өмірдің көлеңкелі тұстары туралы ұзағынан айтып берді. Әңгіме ауаны тағы да Қазақстанға ауған. – Маған Қазақстан өте қатты ұнайды, – дейді Ирина. – Астанада бизнесім бар. Жиі болмаса да жолымыз түсіп тұрады. Бразилияда тұрақты тұрмайтынымызды білеміз. Елде қартайған ата-аналарымыз қалды. Олар мұнда келуден бас тартты, оның үстіне осыған дейін жинаған дүние-мүліктеріміз де бар, соған қорған болып отыр. Ал Қазақстанда жақсы өмір сүруге жақсы жағдай туғызылған, жерлеріңіз кең байтақ қанша халық болсаңыздар да асырай алады. Біз түріміз бөлек болсақ та, туысқанға айналып кеткен халықтармыз. Сондықтан да Қазақстанға тек жақсылық тілейміз.