Бүгінгі кейіпкеріміз – Дениз! Түрік телесериалындағы Дениз есімді кейіпкер екен деп ойламаңыз, жо-жоқ, ол емес. Рио Олимпиадасында ел намысын қорғайтын отандасымыздың есімі – Жансель, тегі – Дениз. Түркияда бой түзеген қарындасымыз Мұстафа Өзтүрік елімізде негізін қалаған таэквондо спортын жанынан серік етіпті. Оның анасы да спортшы, дзюдодан спорт шебері атанған. Жансель 6 жасында анасымен бірге Түркияға көшкен. Анасы сол елде тұрады.
Жансельдің өзі спортпен достығын волейболмен бастаған. Ал 2009 жылы таэквондо спортының секциясына барыпты. Содан бері таэквондамен талмай жаттығып келеді. Бірнеше рет Түркияның чемпионы атанған. Еуропа мен өзге елдерде өткен халықаралық турнирлерде де қарсыластарын қапы қалдырып, өз салмағында топ жарған. Оның қимылының ширақтығы мен жеңіске деген талпынысы білікті жаттықтырушылардың назарына ілінген. Таэквондошы қыздың спорттағы жетістігіне көңіл аударғандардың қатарында Бейжің Олимпиадасының қол жүлдегері Арман Шылманов та бар.
Шын мықтыны қапысыз танитын Олимпиада жүлдегері Жансельмен танысып, оған Қазақстанның намысын қорғауға ұсынысын білдіріпті. Таэквондошы қарындастың ұсыныстан бас тартпауына екі жайт себеп болса керек. Біріншіден, кіндік қаны тамған туған елге оралу мүмкіндігі, екіншіден, Олимпиада жүлдегерінің өзінен тәлім алу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ емес пе? Рас, анасымен де кеңесіпті. Сөйтіп, елге оралды. Оны елде Арман Шылмановтың өзі жаттықтыруды қолға алды.
Туған елдің, туған жердің қадірі алыста жүргенде сезіледі ғой. Жансель де елдің ыстық ықыласын да, туған жердің тынысыңды кеңейтер жұпар ауасын да сағыныпты. Елге сағыныш жетелеп келген Жансельді Арман Шылмановтай Олимпиада жүлдегері түлеп ұшқан Атырау жұртшылығы құшақ жая қарсы алды. Жұдырықтай жүрегі алып ұшып жеткен қарындастың тарықпауы үшін жаңадан бой көтерген шағын ауданнан бір бөлмелі пәтер берілді. Қолына бір миллион теңге ақшалай сыйақы ұстатылды.
Жансель елге оралғанда, Атырауды таңдапты. Неге? Мұның мәнісі мынада: еліміз тәуелсіздік алған тұста, таэквондоның хас шебері Мұстафа Өзтүрік алғаш рет өз мектебін дәл осы Атырауда ашқан еді. Содан бері бұл өңірдегі таэквондо мектебінен Қазақстанның көк байрағын талай мәрте биікке көтерген тарлан таэквондошылар түлеп ұшты. Олардың қатарында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, Бейжің Олимпиадасының қатысушысы Лия Нұркина, Лондон Олимпиадасында атойлаған Гүлнафис Айтмұхамбетова бар. Міне, әлемдік додалардан ұдайы жеңіспен оралған осындай таэквондошылардың жолын жалғаған Жансельдің де бағы жанды.
Алдымен Манилада өткен лицензиялық турнирдегі жекпе-жекте оған қайрат көрсетер қарсылас шыдамады. Бабы да келісіп, бағы да жанған Жансель сол турнирде еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатып ғана қоймай, Олимпиада ойындарының жолдамасын ұтып алды. Бұдан соң Кореяда өткен оқу-жаттығу жиынына аттанды. Біреше халықаралық турнирлерде көк байрақты көкте желбіретті.
– Енді Жансельдің Олимпиадада Қазақстанның қоржынына жүлде саларына бек сенімдіміз. Ол бұл додаға тыңғылықты даярланды. Оған барша отандасымыз үміт артып отыр. Ол ел үмітін ақтайды, – деді жақында газет тілшісіне Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, белгілі таэквондошы Арман Шылманов.
Жігері мықты Жансельдің бағы жанғай!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ