Қоржында – бір күміс, бір қола медаль
Дзюдошыларымыз жеңеді деп келіп едік. Олимпиаданың алғашқы күнін алтын жүлдемен бастауға үміттің жетегінде келген басқалар сияқты біздің де мүмкіндігіміз болған. Елдос Сметов – үстінен қылау түспеген су жаңа әлем чемпионы. Отгонцэцэг Галбадрах қызымыз өз салмағында әлемдегі үштікке кіреді. Сондықтан басы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы болып барлығымыз дзюдодан өтетін жарысқа келдік.
Өзіміздің балуандар шыққанға дейін өзге елдердің үкілеп әкелген үміттерін тамашалап отырмыз. 60 кило салмақта француз бен бразилиялық балуандар сағыздай тартысып жатыр. Рефери сылбырлау күрескені үшін алаң иесі Китадаға ескерту берген. Күрес аяқталуға 40 секунд қалғанда, Китада ышқынып келіп, қырқа шалды. Әлгінде ғана көңілі тоқ жүрген француз өкіріп жібере жаздады-ау. Жаралы арыстандай шабынғанымен, енді бәрі кеш еді. Ол енді ауылына қайтады. Төрт жылдық арман осы жерде адыра қалды.
Біздің Галбадрах қызымыз да көңілімізге қаяу түсіре жаздады. Сілкініп кеудесін керіп шыққан жерлесіміз алғашқы кездесуінде-ақ жарыс жолынан шығып қалуға шақ қалған. Шидо алды, ол аздық еткендей, қарсыласына вазарий ұстатып жіберді. Бәріміз ышқынып қалдық. Абырой болғанда, ол есін тез жинап, негізгі уақыттың ұпайларын теңестіріп, алтын ұпайға күресуге мұрсат алды. Шабуылдап жүріп жеңді-ау әйтеуір.
Елдос ердің сойы екендігін қашан да дәлелдеп жүр. Бірақ Олимпиялық ойындар осы додада бұрын топ жарғандарға да, бір емес, бірнеше дүркін әлем чемпиондарына да: «Келіп қалыпсыз ұят болар, жол сіздікі», деп сызылып тұрмайды. Шын мықтысың ба, басқа жерде емес, осы татамиде дәлелде. Бірінші топта ресейлік Беслан Мудранов жолындағыны қидай сыпырып келді. Екінші топта біздің батыр мықты болды. Өзбек жігіті Диарбек Оразбоев – өте тәсілқой балуан. Елдос оңтайы келгенде Диарбекті тобықтан қағып, бір бүйіріне сұлатты. Қасымызда демін ішіне тартып отырған өзбек ағайындар басын ұстады, біз аспанға секірдік.
Ақтық айқасқа шығар баспалдақта Елдос әзербайжан балуаны Орхан Сафаровпен белдесті. Орхан – ұзын бойлы, Елдосқа дейін қарсыластарын қоғадай жапырып келген. Олар бір-бірін ала алмай көп жүрді. Кездесу аяқталуға аз қалғанда, Елдос Орхонның екі қолын байлай ұстаған қалпы шалқалай бере тобықтан қақты. Юко. Жалқы да болса иппонға бергісіз алтын ұпай. Орхан жеңістің қолынан сусып бара жатқанын жан дүниесімен сезініп алға қарай ұмтылды. Мұндайда «келсең кел» абырой бермейді. Елдос дұрыс тактика таңдады. Үш шидо алғанымен, батырымыз финалға өтті.
Финалда, алдын озып айтар болсақ, терезесі тең күрес болды. Қайта біздің жігіт алымдылау, белсенділеу болған. Қандай тамаша әдістері соңына дейін орындалмай жатты. Тартыс Беслан Мудрановтың мықтылығын тағы танытты. Белдесу алтын ұпайға кетті. Тау жігіті тобықтан оңдырмай қақты. Елдостың ауырсынып қалғанын байқап отырмыз. Шаршағаны да сезіліп тұр. Жоқ, сонда да қайтпай кеуделеп ішке енді. Шалып жықпаққа әрекеттенген. Беслан әуеде өз пайдасына аударып кетті. Тобықтан қағып, өз пайдасына юко жазды. Әлгінде ғана көз алдымызда, қол жетер жерде тұрғандай көрінген алтын жарқ етіп, алқалап отырған қарсыластың қолында кетті. Әттең, бұл алтын медаль ресейліктердің алмай жүрген алтын жүлдесі емес қой. Біздің қазаққа ауадай керек еді. Елдос қазақ спорт тарихының алтын парағын ашуға дайын болатын. Күші де жетіп тұрды. Негізгі уақытта белсенді болғанын айттық, сол уақытта төреші құрғыр ресейлікке бір шидо беріп жібергенде, Қазақстанда қырық күн тойын, қырық күн ойын өткізер ұлан-асыр той болар еді.
Галбадрах соңғы Гранд-слам бәсекелерінің бәрінде бас жүлде алды десе болады. Екіден төмендеген кезі болған жоқ. Ширек финалда жапонның әлем чемпионы Ами Кондоны белден қапсыра ұстап бір емес, екі рет лақтырды. Кондо бірінде етпетімен түскенімен, екіншісінде бір жауырынымен жығылды. Вазари. Қазақ күресінің тілімен айтқанда, жартылай жеңіс. 50 секунд уақыт қалған. Мұндайда тәжірибелі балуандар шидо алмас үшін белсенділік көрсеткендей, қолға жабысып, оңды-солға сүйреп жүріп алады. Біздің қыз Кондоның ыңғайына қарай күресіп кетті. Екеуі ұмар-жұмар құлаған. Галбадрах аяққа жармасып, тартып жатқандай еді, айырылып қалды. Жырынды әлем чемпионына осының өзі жеткілікті еді. Кеудесіне шығып жатып алды. 20 секунд ұстаса иппон, таза жеңіс. Жапон одан айырыла қоймас.
Галбадрах үшінші орын үшін күресте ешкімді бойына тең көрген жоқ. Жұбаныш бәсекесінің алғашқы белдесуінде мажар қызын, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегерінің екі қолын тас қылып байлап алды да, артқа қарай серпе көтеріп шалқалай лақтырды. Иппон. Қола медаль үшін тартыста өзінің жерлесі, әлемдегі үздік Мунгхбат әкпесін жүлдесіз қалдырған, финалға өтер жерде сүрініп, өзін күтіп тұрған кубалық Маэстро Алвареспен татамиге шықты. Екі шидо алды. Жарыс осылай аяқталса, жеңіс қара маржанда. Біздің қыз ва-банкке кетті. Уақытты сағыздай созып жүрген Алваресті құрсаудай қысып, ыңғайына келтірді де, тобықтан қағып, топ еткізді. Вазари. Қылпылдап отырған біздің көңіл де тоғайып қалды. Ал қола медаль сәлден кейін қолымда боладыны ойлап үлгерген Алварестің көңіл күйін құдайым ешкімге бермесін. Алтын медаль аргентиналық Паула Паретоның олжасы екен. Асылық айтпайық, біздің көңілімізде Галбадрах одан мықты көрінді.
Жарыстан соң жеңімпаз бен жүлдегерлер баспасөз орталығында дүние жүзінен жиналған журналистердің алдында сұхбат берді. Галбадрах Кондомен күресте орны толмас қателік жібергенін, өзінің ұтып жатқанына малданып қалғанын айтты. Сырт көзге шынашақтай көрінетін осы шымкенттік қыздың бойында алапат күш бар. Құдай қош көрсе, бұл қыз Олимпиада «алтынын» алмай қоймайды. Қазақстан маған сеніп, құрамаға шақырды. Бапкеріміз екеуімізге барлық жағдайды жасады. Жарыс кезінде мені қолдаған жерлестерімізді, Қазақстан Туын көп көрдім. Сол үшін үлкен рахмет айтамын. Болашақта да қазақ елін жақсы жеңістеріммен қуанта беремін деп ойлаймын – деді қола жүлдегер.
Екі күнгі жарысты қорытындылайтын болсақ, 237 шақырымдық топтық жарыста велошабандозымыз Андрей Зейц 142 спортшылардың арасында алғашқылардың бірі болып топ басына шыққан. Алайда, мәреге жақындағанда, күші жетпей қалды. «Барымды салдым, аянғаным жоқ. Шынымды айтсам, Лондондағы Александр Винокуров секілді бас жүлде алуды армандағанымды да айтайын. Күшім соңына дейін жетпеді, бұйырғаны осы екен», деді. 100 метр қашықтықта суға жүзушіміз Дмитрий Баландин сегізінші орынмен финалға өтті. Ал Зүлфия Чиншанлоны алмастырған ауыр атлет Маргарита Елисееваның медаль алуға мүмкіндігі бар еді. Ол жұлқа көтеруде – 80, серпе көтеруде 106 кило нәтижесімен 5-орынға шықты. Бас бапкер Алексей Ни Маргаританың жаттығуда жұлқа көтеруден 90 килоға дейін көтеріп жүргендігін айтқан. Осындай ірі додаға алғаш қатысқан қыз толқуын баса алмаған сыңайлы. Ал алғашқы күні шаршы алаңға шыққан Берік Әбдірахманов америкалық жас пері Карлос Балдерасқа ешқандай қайрат көрсете алмады. Карлос жылдамдығымен шалдырмай кетті. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та осыны айтады.
Екінші күні медаль алуға үміттілер ішінен дзюдошы Жансай Смағұлов пен ауыр атлет Арли Чонтей аталған. Алайда, алғашқы кездесуінде жырынды Яспер Лефевраны жолынан ысырған Жансай келесіде әлем чемпионы жапон Ан Ба Улуға қайрат көрсете алмады. Ал Арли Чонтей қоссайыс қорытындысында төртінші орынды қанағат тұтты.
«Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі
Бақтияр ТАЙЖАН
Рио-де-Жанейродан хабарлайды
Жүлделер жиынтығы (8 тамыздағы мәлімет бойынша)
№ |
Құрамалар |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
1 |
АҚШ |
3 |
5 |
4 |
12 |
2 |
Қытай |
3 |
2 |
3 |
8 |
3 |
Австралия |
3 |
0 |
3 |
6 |
4 |
Италия |
2 |
3 |
2 |
7 |
5 |
Корея |
2 |
2 |
1 |
5 |
6 |
Венгрия |
2 |
0 |
0 |
2 |
7 |
Ресей |
1 |
2 |
2 |
5 |
8 |
Ұлыбритания |
1 |
1 |
0 |
2 |
8 |
Швеция |
1 |
1 |
0 |
2 |
10 |
Жапония |
1 |
0 |
6 |
7 |
11 |
Таиланд |
1 |
0 |
1 |
2 |
11 |
Тайпей |
1 |
0 |
1 |
2 |
13 |
Аргентина |
1 |
0 |
0 |
1 |
13 |
Бельгия |
1 |
0 |
0 |
1 |
13 |
Косово |
1 |
0 |
0 |
1 |
13 |
Нидерланд |
1 |
0 |
0 |
1 |
13 |
Вьетнам |
1 |
0 |
0 |
1 |
18 |
Канада |
0 |
1 |
1 |
2 |
18 |
Қазақстан |
0 |
1 |
1 |
2 |
20 |
Бразилия |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Дания |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Франция |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Индонезия |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Жаңа Зеландия |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Филиппин |
0 |
1 |
0 |
1 |
20 |
Оңтүстік Африка |
0 |
1 |
0 |
1 |
28 |
Өзбекстан |
0 |
0 |
2 |
2 |
29 |
Испания |
0 |
0 |
1 |
1 |
29 |
Грекия |
0 |
0 |
1 |
1 |
29 |
Польша |
0 |
0 |
1 |
1 |
Вьетнам тарихындағы тұңғыш алтын медаль
Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындардың бірінші күні Вьетнам спортшылары өздерінің тарихындағы бірінші олимпиялық алтын медальды жеңіп алды. Оған мерген Хоанг Сунь Винь қол жеткізді.
Вьетнам мылтық атушысы бұдан төрт жыл бұрын Лондонда сәтсіздікке ұшыраған спортшының бірі болды. Оның әуелгіде пневматикалық тапаншамен атуда финалға шығуына бір ғана оғы жетпей қалды, сосын тапаншамен 50 метрлік нысананы көздеуде қола медаль алуға 0,1 балы кем болып шықты.
Ал Рио төрінде Хоанг Сунь Винь бірінші жарыс күні-ақ пневматикалық тапаншамен атуда алтын медаль жеңіп алып, Вьетнамға өзінің тарихындағы бірінші алтын медальды алып берді.
Кәсіпқой спортшы жарыстан шығып қалды
Кәсіпқойлардың бокстан орта салмақтағы бұрынғы чемпионы, француз Хассан Н`Дам Н`Жикам (34-2, 20 КО) Олимпиада шыңын бағындыруға бастаған жорығын абыройсыз аяқтады. Кәсіпқойлар сапына өткесін 12 жылдан кейін берілген мүмкіндікті пайдалануға ұмтылған ол 1/16 финалда бразилиялық Мишел Борхестің тегеурініне қарсы тұра алмады.
32 жастағы бұл боксшы Олимпиялық ойындарда бағын сынап көрмек болған кәсіпқойлар арасындағы ең атақтысы көрінеді. Ол екінші, үшінші раундтарда қатты қимылдады. Бірақ оның қарсыласы осы кезде соққыны бұдан да көп жасап үлгерді. Бұған жергілікті жанкүйерлердің Борхесті қатты қолдауы да әсер еткен сияқты.
Ирланд боксшысы допингпен қолға түсті
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындарда Ирландияның орта салмақтағы Майкл О’Рейлли есімді боксшысы допингпен ұсталып қалды. Шамасы, ол енді Олимпиадаға қатыса алмайтын шығар.
Ирландияның аматор боксы федерациясы 23 жастағы Майкл О’Рейллидің Рио-де-Жанейрода алынған допинг тексерімінен өте алмай, Ойындарға қатысудан уақытша аластатылғанын мәлімдеді. Енді боксшы В сынамасының ашылуын күтіп отыр. Осыдан кейін оны ресми түрде Ойындардан аластату немесе дисквалификация жасау не кінәсіздігін атап көрсету шарасы жасалады. Егер тыйым салынған препараттар пайдаланғаны расталса, ол Олимпиададағы допингке байланысты аластатылған бірінші спортшы болғалы тұр.
О’Рейлли өзінің бірінші жекпе-жегін 12 тамызда өткізуі тиіс еді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Еншісі ерен Елдос
Қазақ жастары арасында дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атанған Елдос Сметов Риодағы Олимпиаданың бірінші жарыс күнінде күміс медальға қол жеткізіп, Асхат Жіткеевтің 2008 жылғы Бейжіңдегі жетістігін қайталады. Ол финалда Беслан Мудрановпен белдесудің қосымша уақытында бір әдіске түсіп қалып, бас жүлдеге жете алмай қалды. Дегенмен, ел-жұрты Елдостың осы күміс медалінің өзін үлкен табысқа балап, қатты қуанып жатыр.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1997 жылы 5 жасқа толған кезінен Тараздағы дзюдо күресімен айналыса бастайды. 1992 жылдың қыркүйек айында Т. Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылында туған еншісі ерен Елдос алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлдың қолына түскеннен бастап, дзюдоны жанына серік етіп келеді. Оның Алматыда өткен жарыстан алғаш рет олжалы оралуы отбасында кішігірім той болған екен. Бірінші орын алған оғлан қолындағы мақтау қағазын ұстап үйіне келеді. Баласының жеңісіне қуанған ата-анасы шаттықтан туыстарын шақырып, көңілді отырыс та жасапты.
– Кішкентай кезімнен тек қана бірінші орын аламын деген үлкен мақсат қойғанмын. Бес жасымның өзінде қолыммен жерді тіреп жүре алатынмын. Және сол жасымның өзінде түрлі сальтоларды қиналмай жасап, шпагатқа еркін отыратынмын. Ағаларым Бақберген, Жандоспен жаттығу залына барған кезімде өзім білетін спорттық элементтерге қосымша, жаңаша бір дүниелер қосып өнерімді көрсетіп жатқанымда, жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлдың: «Мына бала кім?» деп таңырқай қарағаны жадымнан өшпек емес. Сол залдағы дзюдо күресінің тәсілдері маған бірден ұнады. Көңіліме қонды. Жаттығып жүрдім. Уақыт өте келе отбасымнан кәсіпқой спортшы болып мен ғана қалдым, – дейді өткен шақты еске алып Елдос.
Елдостың жарқын жеңістерінің бірі – 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарындағы алтын жүлдесі. Аталмыш додаға тыңғылықты дайындалған сайыпқыран Азия ойындарында атой салу үшін Челябинскіде өтетін әлем чемпионатын «құрбандыққа» шалып жіберді. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық додада қарсыластарының алды болуды мақсат еткен Елдос үшін бұл сынның бәсі жоғары болатын.
Мұн ол ақтық сында моңғолдың мықты балуаны Болдбаатар Ганбатты сабасына түсіріп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша ол Азия ойындарында дзюдо күресінен алғаш рет чемпион атанған қазақ баласы ретінде тарихқа енді.
Азия ойындарында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген Елдосты алда үлкен додалар күтіп тұрды. Гран-при жарыстарының кезекті кезеңдері мен Мастерс деп аталатын турнирлерді былай қойғанда, Сметов үшін ең маңызды дода Астанада өтетін әлем чемпионаты еді.
Бұл жарыста да топ жарған ол тұңғыш рет дзюдо күресінен қазақ оғландары арасынан шыққан әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Осылайша лицензияның түпкілікті тағдырын Азия чемпионатында шешіп еді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»,
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Журналист
Жамбыл облысы
Дениз
Бүгінгі кейіпкеріміз – Дениз! Түрік телесериалындағы Дениз есімді кейіпкер екен деп ойламаңыз, жо-жоқ, ол емес. Рио Олимпиадасында ел намысын қорғайтын отандасымыздың есімі – Жансель, тегі – Дениз. Түркияда бой түзеген қарындасымыз Мұстафа Өзтүрік елімізде негізін қалаған таэквондо спортын жанынан серік етіпті. Оның анасы да спортшы, дзюдодан спорт шебері атанған. Жансель 6 жасында анасымен бірге Түркияға көшкен. Анасы сол елде тұрады.
Жансельдің өзі спортпен достығын волейболмен бастаған. Ал 2009 жылы таэквондо спортының секциясына барыпты. Содан бері таэквондамен талмай жаттығып келеді. Бірнеше рет Түркияның чемпионы атанған. Еуропа мен өзге елдерде өткен халықаралық турнирлерде де қарсыластарын қапы қалдырып, өз салмағында топ жарған. Оның қимылының ширақтығы мен жеңіске деген талпынысы білікті жаттықтырушылардың назарына ілінген. Таэквондошы қыздың спорттағы жетістігіне көңіл аударғандардың қатарында Бейжің Олимпиадасының қол жүлдегері Арман Шылманов та бар.
Шын мықтыны қапысыз танитын Олимпиада жүлдегері Жансельмен танысып, оған Қазақстанның намысын қорғауға ұсынысын білдіріпті. Таэквондошы қарындастың ұсыныстан бас тартпауына екі жайт себеп болса керек. Біріншіден, кіндік қаны тамған туған елге оралу мүмкіндігі, екіншіден, Олимпиада жүлдегерінің өзінен тәлім алу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ емес пе? Рас, анасымен де кеңесіпті. Сөйтіп, елге оралды. Оны елде Арман Шылмановтың өзі жаттықтыруды қолға алды.
Туған елдің, туған жердің қадірі алыста жүргенде сезіледі ғой. Жансель де елдің ыстық ықыласын да, туған жердің тынысыңды кеңейтер жұпар ауасын да сағыныпты. Елге сағыныш жетелеп келген Жансельді Арман Шылмановтай Олимпиада жүлдегері түлеп ұшқан Атырау жұртшылығы құшақ жая қарсы алды. Жұдырықтай жүрегі алып ұшып жеткен қарындастың тарықпауы үшін жаңадан бой көтерген шағын ауданнан бір бөлмелі пәтер берілді. Қолына бір миллион теңге ақшалай сыйақы ұстатылды.
Жансель елге оралғанда, Атырауды таңдапты. Неге? Мұның мәнісі мынада: еліміз тәуелсіздік алған тұста, таэквондоның хас шебері Мұстафа Өзтүрік алғаш рет өз мектебін дәл осы Атырауда ашқан еді. Содан бері бұл өңірдегі таэквондо мектебінен Қазақстанның көк байрағын талай мәрте биікке көтерген тарлан таэквондошылар түлеп ұшты. Олардың қатарында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, Бейжің Олимпиадасының қатысушысы Лия Нұркина, Лондон Олимпиадасында атойлаған Гүлнафис Айтмұхамбетова бар. Міне, әлемдік додалардан ұдайы жеңіспен оралған осындай таэквондошылардың жолын жалғаған Жансельдің де бағы жанды.
Алдымен Манилада өткен лицензиялық турнирдегі жекпе-жекте оған қайрат көрсетер қарсылас шыдамады. Бабы да келісіп, бағы да жанған Жансель сол турнирде еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатып ғана қоймай, Олимпиада ойындарының жолдамасын ұтып алды. Бұдан соң Кореяда өткен оқу-жаттығу жиынына аттанды. Біреше халықаралық турнирлерде көк байрақты көкте желбіретті.
– Енді Жансельдің Олимпиадада Қазақстанның қоржынына жүлде саларына бек сенімдіміз. Ол бұл додаға тыңғылықты даярланды. Оған барша отандасымыз үміт артып отыр. Ол ел үмітін ақтайды, – деді жақында газет тілшісіне Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, белгілі таэквондошы Арман Шылманов.
Жігері мықты Жансельдің бағы жанғай!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ