15 Ақпан, 2011

Қазақ болған қандай бақыт!

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Медеу. Бенди. Бұрынғы тілмен айтсақ, допты хоккей. Қазақ­стан-Моң­ғолия құрамаларының ал­ғаш­қы ойыны. “Ақжайықтың” не­гізінде құралған қазақ сұрмер­гендері қарсыластар қақпасына атойлап кіріп, жеңіс добын сәт сайын тоғытады. Рауан мен Ескендір ойын алдында екеуіміз кезек соғайық деп келісіп алғандай моңғол қақпасының алдында кезек-кезек ат ойнатады. Қарсы жақ беткейге көзім түс­ті. Бір қауым айыр қалпақты аға­йын отыр. Гол соғылса дүр етіп көтерілген көгершіндердей орын­дарынан тұрып кетеді. “Қа­зақстан, Қазақстан” деп күр­кірей­ді. Қол­дарында “Қазақстан” деген жазуы бар белгілер. Алғашқы күні моңғолдардың қолына түскен. 14:2 болып ұтыл­ды. Содан соң қазақ сайып­қыран­дарымен жолы тоғысты. Біздің жігіттер 21:0 есебімен керіп тастады. Ашуланса керек еді. Тоңқылдап отырған қырғыз­дар жоқ. “Қазақ-қырғыз бір ту­ған”. Бардық. Әңгімеге тарттық. Өңін жел қағып, тотыққан жігіттер ықыласты. – Қазақ туғандар мықты ғой. Әсіресе, анау Рауан деген жігіт шоң екен. Қанша қаумаласақ та арамыздан жол тауып өтіп кетіп, гол соға берді ғой, – дейді Са­ғым­бек Қадыровпын деп таныс­тырған жігіт. – Спорттық формаларыңыз сайлы екен? – Қазақтар берді. Спорттық фор­­маны да, конькиді де, клюш­каны да... Сіздің жігіттер жақсы екен. Танысып алдық. Шіркін, бізде де қазақ спортшыларындай жағдай болса ғой... – Рас, қызығамыз сіздерге, –дейді Сағымбек. – Біздің елде Нұр­сұлтан Назарбаевқа құрмет ерек­ше. Өзіміз де көрдік. Спорт кешендері бірінен-бірі өтеді. Анау трам­п­линнен шаңғымен секіретін кешен қандай керемет. Әй, біз ондай­ды жүз жылда да сала алмайтын шығармыз. Аяғы­мыз жеткен біраз жерді көрдік. Мынадай спорт кешендерімен Азия ойындарын емес Қысқы Олимпия ойындарын өткізуге болады ғой. – Қызықтық та, ептеп қызған­дық та, – дейді Мырзабек. –Нұр­сұлтан Назарбаев халыққа жайлы басшы екен. Барлық керектеріңіз бар. Қытай, жапон, корей елдері ғана өткізе алатындай көрінетін Азия ойындарын тамаша өткізіп жатырсыздар. Шіркін, осындай береке біздің халыққа қашан келеді?! Қазақ болу бақыт қой! Тегі бір ағайынның ақтары­лып айтқан әңгімесіне сүйініп қалдық. Қызық-әй. Өзімізде біреулер ау­зынан түкірігі шашырап “осын­дай даңғаза неге керек?” деп дастарқанымыздың шетін тілгілеп жүр. Өз еліне өзі жаулық пиғыл танытып. Көрші ағайын “Қазақ болған қандай бақыт” деп күрсінеді. Өз ішімізден шыққан кесірдің емес, көршінің сөзі түзу-ау... Газетіміздің арқасында Азия ойындарына да, Олимпия ойын­дарына да жолымыз түсіп жүр. Сенім білдірген басылым басшы­лығына да, газет ұжымына да мың қайтара рахмет. Сырт елге барған соң спорт жарыстарымен қатар басқа артықшылықтарын да байқай жүресің ғой. Волон­тер-еріктілердің қызметі қатты қы­зық­тырған. Өзімізбен салыс­тыра­сың. Осындай мінсіз қызмет көр­сетуге біздің жастар дайын ба деп. Дайын екен. Кейбір айтуға тұрмайтын ұсақ-түйек кемшіліктер болмаса еріктілеріміз жара­ды. Аяқтарының ұшымен қызмет етті. Шетелдіктердің біздің ел туралы ой түйіп кетуі осы қызметтен басталады ғой. Жанкүйерлерге рахмет. Жа­рыс­тың алғашқы күндері ойын­дар айға созылатындай асықпаға­ны­мен соңында ышқынды. Редакция тапсырмасымен қыздар арасындағы шайбалы хоккейге жауапты болғам. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына ертерек келсек жанкүйерлер арасын­да таныс тұлға жүр. Зураб. Шым­кенттегі грузин мәдени орталы­ғы­ның төрағасы. “Билет жоқ. Қолда 8 мың теңге екен. Төрт билетке ақшам жетпей қалып, ба­лам­ды осындағы танысыма жібердім. Қазақстан финалда ойнап жатқанда үйде қалай тыныш жатамын, теледидардан көр­геннен сарайда көргеннің арасы жер мен көктей”, дейді Қазақстан хоккейінің жанкүйері өзіміздің гүржі жігіт. Медеуде де осындай. Зейнеткерлерді де көресің. Іргесінде үл­кен дода өтіп жатқан соң шыдай алмаған. Перизат Хасенова апайымыз­дың жасы 61-де. Алматыдағы №1 құлағының мүкісі бар балалар мектебінің мұғалімі. Бір топ шәкірттерімен келіпті. – Мұндай ойын Қазақстанға енді қашан оралады. Азияда 45 мем­лекет бар екен. Мен өткізейін деп сұрайтындары болмайды дей­сің бе, болады. Әдепкіде балалар көрсін деп едім, өзім қызығып кеттім. Әр ойынына келіп жүрмін,–дейді. Спортшыны жеңіске жеткізе­тін – жанкүйер демеуі. Оны саң­лақ­тарымыз айтып жатыр. Қазақ­стан Азия ойындарында мәреге шаша­сына шаң жұқпай келсе, онда жанкүйерлердің де еңбегі зор. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.