Кезінде АҚШ-тың отыз тоғызыншы Президенті Джимми Картердің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі болған, сол сияқты, осы алпауыт мемлекеттің сыртқы саясатының сұңғыла сарапшысы әрі күні бүгінге дейін аттан түспей келе жатқан идеологы Збигнев Бзежинскийдің «Стратегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы» («Strategic Vision: America and the Crisis of Global Power») атты монографиясы 2013 жылы жарыққа шыққан бойда, «New York Times» газеті оны ең таңдамалы туындылар санатына қосқан болатын. Сондай-ақ, белгілі сыншы әрі Пулитцер сыйлығының иегері Мичико Какутани аталмыш кітаптың авторы туралы: «Әлемнің гравитациялық өзегінің Батыстан Шығысқа қарай ойыса бастаған дәл бүгінгідей шешуші сәтін, құралайды көзге атқан мергендей, уәлі де өткір тілімен дөп басқан», – деп лебіз білдірсе, АҚШ-тың 2006-2011 жылдар аралығындағы қорғаныс министрі – Роберт Гейтс жаңа туындыға берген өз бағасын былайша түйіндепті: «Аса қажетті әрі дер кезінде соғылған ұйқыашар қоңырау. Егер Америка қордаланып қалған ішкі дағдарыстарын сәтті ауыздықтай алмаса, оның халықаралық салдарының қайда апарып соқтыратыны туралы тұшымды сараптама жатыр мұнда... Әдеттегідей, оқырманын бірден үйіріп әкететін Бзежинский ұсынып отырған бұл ойлы кітапты міндетті түрде оқу парыз».
Айтса айтқандай-ақ, өз туындысында З.Бзежинский бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне өте тәуелді екенін тілге тиек ете отырып, планета бетіндегі адамзат үшін, ең көкейкесті мәселе заманауи сын-қатерлерден қалай аман қалудың амалдарын іздестіру болып отырғанын көлденең тартады. Сонымен қатар, З.Бзежинский, әдетте, ақпарат құралдарының назарынан бір сәт те тыс қалмайтын халықаралық жаңжалдар мен қарулы қақтығыстардың қазіргі кезде тасада қалып қоя беретініне де назар аударады.
Автордың пікірінше, қара бұлттай төніп келе жатқан экологиялық, климаттық, әлеуметтік-экономикалық, азық-түліктік және демографиялық сын-қатерлердің алдын алуға немесе оларды болдырмауға бағытталған түбегейлі шараларды, әзірше, алпауыт мемлекеттер қолға ала қойған жоқ. Олай болса, дәл қазір геосаяси тұрақтылыққа қол жеткізу де мүмкін емес. Ал геосаяси тұрақтылық болмаған жерде жаһандық ықпалдастық шаралардың толық іске асуының да екіталай екені көкейге қонымды түйінделген.
Сонымен қатар, автор жаһандық билік векторының өзгеруі мен саяси сілкіністердің күшеюі бүгінгі халықаралық жағдайдың өте жылдам шиеленісуіне тікелей түрткі болып отырғанын жасырмайды. Мысалы, Қытайдың ықпалы өскен сайын ол мемлекет пен Ресей, Индия немесе Бразилия тараптарының арасында табиғи ресурстар мен қауіпсіздікке немесе экономикалық басымдықтарға бағытталған сайыстардың үдей түсетініне және мұның салдары болашақта орын алатын сын-қатерлер мен шиеленістерге ұрындыратынына да шек келтірмейді және мұндай іс-әрекеттер, өз кезегінде, Америка Құрама Штаттарын да өзге мемлекеттермен ықпалдасуға немесе тиімді геосаяси әріптестік орнатуға итермелейтінін көлденең тартады.
Жоғарыда аталған мәселелерді жан-жақты зерделей отырып, аталмыш туындысында З.Бзежинский бүгінгі Америка мен жаһандық биліктің дағдарысына қатысты төрт көкейкесті сауалды көлденең тартады.
Біріншіден, автор жаһандық биліктің өзгеріске ұшырап, Батыстан Шығысқа қарай ойысуының себебін қалай түсіндіруге болады және бұл үдеріске қалыптасып отырған жаңа әлемдік болмыс пен адамзаттың оянып келе жатқан саяси белсенділігінің қандай ықпалы бар?
Екіншіден, Американың бұрынғы тартымдылығы неге бәсеңдеп келеді және оның халықаралық аренадағы құлдырауының басты белгілері қандай? Сонымен қатар, бейбітшілікпен аяқталған қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде қол жеткізген жаһандық мүмкіндіктерінен АҚШ қалайша айырылып қалды? Ендігі жерде Американы қайта серпілтетін күш қандай болмақ? Сосын, АҚШ-қа бұрынғы әлемдік басымдығын қайта қалпына келтіру үшін, ендігі жерде қандай геосаяси бағыт ұстану керек деген секілді көкейкесті мәселелерді де автор айналып өтпейді.
Үшіншіден, егер Америка құлдырап, өзінің жаһандық басымдығы мен билігінен мүлде айырылып қалатын болса, мұның геосаяси салдары қандай болады және мұндай құлдыраудың тікелей құрбандары кімдер болмақ? Сосын, бұл сын-қатерлердің жиырма бірінші ғасырдағы жалпыпланеталық мәселелерге тигізетін ықпалы қандай болады? Сондай-ақ, автор 2025 жылға қарай әлемдік аренадағы Америкаға тән басымдық сипатқа Қытай ие бола ала ма деген риторикалық сұрақтардың жауабын да қоса іздейді.
Төртіншіден, 2025 жылдан әрмен қарай қайта түлеуге мүдделі Америка өзінің ұзақмерзімді геосаяси нысаналарын қалай айқындауы керек және өзінің дәстүрлі еуропалық одақтастарымен қанаттаса отырып, бұрынғыдан да зор әрі қуатты Батысты қалыптастыру мақсатында АҚШ Ресей мен Түркияны ішке тартудың тиімді жолдарын қалай үйлестіре алады? Сонымен қатар, Америка өзінің Шығыстағы қос мүддесінің арасындағы тепе-теңдікті бұзып алмай, бір қалыпты ұстауға қалай қол жеткізе алады? Оның біріншісі Қытаймен ықпалдасуға бағытталған мүдде болса, екіншісі Азиядағы Американың конструктивті рөлінің тек Қытаймен ғана шектеліп қалмауын және ең бастысы, Азия кеңістігіндегі қауіпті шиеленістер мен қақтығыстарға арандап қалмаудың амалдарын мұқият ойластыру болып табылады.
Аталмыш сауалдардың жауабын іздестіру барысында автор АҚШ-тың таяу болашақтағы рөлі әлі де болса салмақты болатынына сенімді екенін жасырмайды. Солай бола тұрғанмен, бүкіләлемдік геосаяси тартылыс осінің Батыстан Шығысқа қарай жылжитынын да жадынан шығармайды. Сондықтан да болар, жаңа Шығыспен жаһандық байланыс орнататын жаңа Американың экономикалық тұрғыдан қуатты, әлеуметтік тұрғыдан тартымды, жауапкершілік тұрғысынан пәрменді, стратегиялық тұрғыдан сақ, халықаралық тұрғыдан абыройлы және тарихи тұрғыдан өнегелі болуын көксейді және олай болмаған жағдайда алпауыт елдің діттеген мақсатына жетуінің мүлде оңай болмайтынын да ашық айтады.
Алдына жоғарыдағыдай іргелі мақсаттар қойған Американың бүгінгі жай-күйі қандай деген көкейкесті сұрақ та туынды авторын мазалайтыны айқын көрініп тұр. Бұл мәселеге келгенде де З.Бзежинский өз ойын бүгіп қалмайды. Ащы шындықтың бетін айқара ашып тастайды. Мұның дәлелі соңғы сауалға берілген жауаптан анық байқалады. Мәселен, автордың пікірінше, Американың бүгінгі болмысы мен көңіл-күйі мәз емес. Өйткені, тарихи тұрғыдан келгенде, Американың құлдыраудан қашып құтыла алмайтын нышанды сипаттары баршылық. Алайда, бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар демекші, автор әлгіндей сипаттардың жаңалық емес екенін ескерте келіп, пессимизмге бой алдырмауға жөн сілтейді.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері